Қазақ руларының ұраны мен таңбасы: Шеркеш руы
Қазақ филологиясының көрнекті қайраткері, қазақ тіл білімінің негізін салушылардың бірі, белгілі түрколог, филология ғылымдарының докторы, профессор Сәрсен Аманжоловтың «Қазақ тілі диалектологиясы мен тарихының мәселелері» атты кітабының негізінде El.kz редакциясы Қазақ руларының атауын, ұранын және таңбасын бірыңғай стильде бір суретке салып өз оқырмандарына ұсынады.
Шеркеш руы
Шеркеш руының ұраны: Шағырай.
Шежіре деректеріне қарағанда, Кіші жүздегі Байұлының құрамына енеді. Шеркештен құлақасқа, қойыс, шумақ, жауқашты, қылышкескен, жетей, қосым тарайды.
Алтай кижи ұлты арасында теркеш (бұрынғы түркеш) деген тайпа атауымен байланысты. Қазақ халқының құрамындағы тайпа.
Қазақ шежірелерінде Шеркешпен есентемір, ысық тайпалары еншілес деп есептелінеді. Соған қарағанда, бұл ру бірлестіктерінің туыстығы ежелден сақталып келе жатыр. Таңбасына (бақанға ұқсас) қарап кейбір ғалымдар (Востров) бұлардың түп-төркіні найман болуы ықтимал деп есептейді. Басқа бір зерттеушілер ысықтар Ыстықкөл маңайын мекендеген, атауын сол көлден, сонымен қатар “абыз“ сөзінен алады дейді. Қалай болғанда да, бұл бірлестіктер Түрік қағандығы, кейіннен Қыпшақ хандығы сынды мемлекеттер құрамына енген. Бірқатар ғалымдар Шеркешті черкестермен де байланыстырады. Олар бір-бірінен оғыз-қыпшақ заманында бөлініп кетуі де мүмкін. Серкеш (Шеркеш) руы өзбек-лоқайлар арасында кездеседі. Шеркештер туралы алғашқы мәліметтер А.Тевкелев, Ларионов рапортында, А.Левшин еңбегінде, кейінгі зерттеулерде ұшырасады. Оңтүстіктегі Шеркештер қоңырат, Ұлы жүздің бірқатар руларымен көршілес тұрған. Шеркештің басым бөлігі Жайық пен Еділ аралығын, Мыңтеке, Нарын құмдарын мекендеген. Атақты Шеркештер: Қалиев Алдияр, Алдияров Сабыржан, Бөгенбай батыр, Байбақты батыр, Асанәлi Әшiмұлы, Салық Зиманов, Қуаныш Алдиев, Аман Сарбалин, Сенебаев Аманбек.
Қазақ халқы руларының ұраны мен таңбасы туралы толығырақ мына сілтеме арқылы таныс бола аласыңыздар.
Дизайнер:Арман ҚАЛИБЕКҰЛЫ