Қазақ руларының ұраны мен таңбасы: Шекті руы
Қазақ филологиясының көрнекті қайраткері, қазақ тіл білімінің негізін салушылардың бірі, белгілі түрколог, филология ғылымдарының докторы, профессор Сәрсен Аманжоловтың «Қазақ тілі диалектологиясы мен тарихының мәселелері» атты кітабының негізінде El.kz редакциясы Қазақ руларының атауын, ұранын және таңбасын бірыңғай стильде бір суретке салып өз оқырмандарына ұсынады.
Шекті руы
Шекті руының ұраны – Айыртау.
Шекті – қазақ халқы құрамындағы тайпа. Шежіре деректері бойынша Кіші жүз әлімұлы бірлестігіне кіреді.
В.Востровтың айтуынша шекті айт, бұжыр, орманбай, жақайым, ожырай, байкөбек, жанқылыш, өріс деген сегіз руға бөлінеді. Кезінде Мұхаметжан Тынышбаев келтірген шежіреде шектінің арыс, баубек, жақайым деген үш тармағы ғана аталған. “Қырғыздардың (қазақтардың) жер пайдалануы жөніндегі материалда“ аталатын еңбекте сегіз тармаққа жекей мен шірен қосып көрсетілген. Олар шындығына келгенде бұжырдан тарайтын келесі буынға жатады. Шектінің 12 түрлі таңбасы бар. Зерттеушілердің пайымдауынша, бұл шекті құрамына Ұлы жүз, Орта жүзруларынан аталар қосылғандығын байқатады. Таңба белгілерді салыстырғанда, олардың айырмашылықтары бір-бірінен аса алшақ емес. С.Аманжолов, Тынышбаев зерттеулеріне қарағанда, шекті құрамына найманның, қаракесектің (арғын) аталары қосылған. Бірқатар таңбалар албанның, дулаттың таңбаларына ұқсас. Мұның себебін этнологтар, шектіде албанның айт, алашта (Кіші жүз) албанның қоңырбөрік тармағының болуынан деп пайымдайды. Алаш руы алғашқыда Батыс Түрік қағандығытұсында аталынады. Кейіннен қағандық Кавказға дейін жорық жасаған кезде, “он оқ“ тайпасының біраз бөлігі Қазақстанның батыс өңірінде қалып, шекті, алаш сынды рулық бірлестіктер қалыптасса керек. Кейіннен олар Орта жүз рулары есебінен толығуы мүмкін. 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында шектіге кіретін рулар Орал,Торғай облыстарын, Сырдария облысының Қазалы, Перовск уездерін, Арал теңізінің батысынан Хиуа хандығына дейінгі аралықта мекендеп, мал және егін шаруашылықтарымен айналысқан.
Қазақ халқы руларының ұраны мен таңбасы туралы толығырақ мына сілтеме арқылы таныс бола аласыңыздар.
Дизайнер: Арман ҚАЛИБЕКҰЛЫ