Жаңалықтар

Қазақ ру-тайпаларының тарихын зерттеудің теориялық-методологиялық мәселелері

Қазақ халқының тарихы рулық-тайпалық құрылымдармен тығыз байланысты екендігін ешкім де жоққа шығара алмайды.
22.09.2015 09:15 78974

Қазақ халқының тарихы рулық-тайпалық құрылымдармен тығыз байланысты екендігін ешкім де жоққа шығара алмайды. Қаласақ  та,  қаламасақ  та  бұл  біздің  ұлтымыздың  тарихына тән сипат болып табылады. Тайпалық-рулық қауымдастық ерекшеліктері біздің заманымызға дейінгі мыңжылдықтардан бастау алып, кешегі ХХ ғасырдың 30-шы жылдарындағы кеңестік дәуірдің берік орнығу кезеңіне дейін біздің ата-бабаларымыздың әлеуметтік, саяси-шаруашылықтық өмірімен тығыз, біте қайнасып, өрбіп, өрістеп келді. Бұл ғылымда дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома!

Кеңестік тоталитарлық жүйе рулық қауымдастықты ғана емес, осы негізде өркендеген қазақ халқының өзіндік рухани болмысын, дәстүрлі  шаруашылыққа  негізделген  күллі  өмірін  күйретіп жіберді.

Бүгінде шүкіршілік, біз адамзат қоғамының жаңа даму сатысы - өркениетті демократиялық қоғамға ұмтылудамыз. Бұл планетаның басым көпшілігі ұстанған, басты мақсатқа бағытталған, үрдісті дамудың шұғылалы да, сәулетті ұстанымы екендігі күмәнсіз. Тәуелсіздік  алған  еліміздің  осындай  айқын  жолдағы  аршынды қадамдары  халқымызды  рухани  рухтандырып,  саяси  сергітіп қана қоймай, өзіміздің өткенімізді танып білуге деген ғаламат құштарлықты, екпінді, ынтаны жоғары деңгейге көтеріп жіберді. Оң қол, сол қолын танып, еңсесін көтеріп тәуелсіз ойлай бастаған кез-келген халыққа тән жаңа қасиеттер мен сипаттар ғой бұл! Сондықтан да болар біздің зиялы қауым төл тарихымызды жазуға, жариялауға белсенді бет бұрыстар жасап үлгерді. Мұның өзі ең жоғарғы мемлекеттік деңгейде қолдау да тапты. Арнайы «тарих жылы» да жарияланды.

Солай бола тұрса да, Қазақстан тарихы бұрынғы бес томдықтың көлемінен аспай қойды. Еліміздің тарихына байланысты баспалардан қаптап шығып жатқан «Қазақстан тарихы» оқулықтары да негізінен басты мәселелерде бірін-бірі қайталаудан ұзай қоймады.

Мұндағы тағы бір басты кемшілік, біздің ойымызша, ежелгі дәуірлерден   ХХ ғасырдың 30-шы жылдарына дейінгі үлкен тарихымызды жазуда жекелеген тайпалық одақтар мен алғашқы мемлекеттік құрылымдар тарихын зерттеуден әріге бара қойған жоқпыз. Бұлардың қатарында сақтар, түріктер, ғұндар, әртүрлі қағанаттар,   қыпшақ,   үйсін,   қаңлы,   жужан,   түргеш,   қырғыз, қарлық, ұйғыр, қарахан, қарақытай, керейт, найман, сармат, огуз мемлекеттері бар. Тайпалық-этникалық негізде құрылған бұл одақтардың рулық құрылымдары тарихымызда әлі толық ашыла қойған жоқ.

Тарихымызда моңғол жаулауынан кейінгі пайда болған мемлекеттік бірлестіктер негізінен әлі де саяси тұрғыдан жазылуда. Олардың рулық-тайпалық құрылымы және осы құрылымның ордалық мемлекеттер мен хандық бірлестіктердің саяси, әлеуметтік және әскери өміріндегі, дәстүрлі шаруашылық пен болмыстағы маңызды да шешуші рөлдері және алатын орны туралы арнайы да ауқымды еңбектер тарихнамамызда жоқтың қасы. Алғашқы қазақ хандары тұсында мемлекетіміздің шаңырағын көтеріскен  тайпалар  тарихы  да  әлі  күнге  дейін  тарихымызда үстірт те жалпылама баяндалып келе жатқаны құпия емес. Мұның төңірегінде ойланатын мәселелер де жеткілікті.    Шын мәнінде, кейінірек «қазақ» деген халықты құраған осы ежелгі тайпалар тарихы көптеген рулар тарихынан тұратынын да ескере бермейміз. Бұл маңызды мәселені этнографтар ғана төңіректегендіктен, бізде тарихшылар,   археологтар,   тарихнамашылар,   деректанушылар және т.б. тарапынан қазақ руларының сан-салалы және қилы тарихы әлі де салиқалы түрде және толыққанды зерттеле қойған жоқ. Мұнда ескеретін тағы бір мәселе, рулар тарихын шежіремен ғана шектегісі келетіндер қатты қателеседі. Шежіре - тарих емес, ол ата-баба жылнамасын біршама анықтап беретін тарихи дерек. Ал тарихи дерек тарихқа қызмет етуі үшін, әрбір қазақ руының халқымыз бастан кешкен тарихи процестердегі өзіндік, соны және ерекше тарихын айқындап алуымыз керек. Міне, сонда ғана біздің ұлттық тарихымыз ауқымды сипат алып, кең құлашпен көсіліп жазылады. Ал енді бұрынғыша бәрімізге белгілі тарихи дәуірлерді, кезеңдерді және этаптарды, сондай-ақ қазақты құраған негізгі тайпалар тарихын ғана жалпылама түрде қамтып жазу керісінше тарихымызды жазудың методологиясын таптаурын болған ескі соқпаққа түсіреді. Бүгінде «Қазақстан тарихы» оқулықтарына байланысты мұндай ахуалдың айқын көрініс беріп отырғаны құпия емес. Мұның өзі қызықты да тартымды және күрделі тарихымыздан басқаларды, әсіресе өзіміздің жас ұрпақты бездіреді. Оны оқып- үйренушілер қатарын сирете түседі. Осыған байланысты көбіміз тарих тартымды жазылуы тиістігін түсіне бастадық.  Мұның өзі кейбір авторларды тарихымызды жазудың балама жолдарын іздестіруге де итермеледі. Алайда, мұндай ұстанымдар да күрделі тарихымыздың «ақтаңдақтарын» жоюға, жоғалтқандарымызды табуға, ең бастысы, тарихи шындықты қалпына келтіруге құлшына қызмет ете қойған жоқ. Себебі, тарихымызды балама жолмен жазуды ұсынған жекелеген авторлар жоқ жерден сенсация іздеп, тарихи сананы ақиқаттан ауытқытатын бөтен бағыттарға жетелеп кетті. Бұдан тарихымыз ұтты деп айта алмаймыз. Керісінше, тарихи шындық кей тұста оқырманға бұрмаланған түрде жететін болып алды.

Мұндай    тарихымызды жазудағы сәтсіздіктердің орын алуының басты себебі біздің ойымызша мынада - қазақ халқының өзінің   дәстүрлі   тайпалық-рулық   тарихи   даму   жолын,   осы маңызды да күрделі мәселені бүгінгі қоғамымызда кеңестік кезеңнен бастау алып қалыптасқан «рушылдық» пиғылдардан сақтану психологиясының жолына «құрбандық» еттік. Рушылдық тәрізді өркениетті қоғамға жараса бермейтін ұнамсыз құбылыстан құтылудың айқын жолы, біздіңше, өзіңнің руыңды, шыққан тегіңді, ата-баба шежіресін ұмыту емес. Біз бұл жолмен кеңестік коммунистік құрылыс жылдарында жүріп көргенбіз. Керісінше қазақты ұзақ тарихи дамуымызда ұлт етіп құраған осы рулар мен тайпалардың нақты тарихын терең және жан-жақты білу ғана ортақ ұлттық мүддені ту етіп көтеретін иманды қазақ азаматын қалыптастыра алады. Яғни ұлтымыздың әлеуметтік рулық құрылымы туралы терең білім ғана ұлтты жаңа сапалы деңгейге көтереді.

Рулар тарихын арнайы және тереңдетіп жазу әрбір қазақ азаматының ата-бабаның ерлік істерін, салт-дәстүрін, рухани- діни наным-сенімін құрметтеуіне жол ашады, оның ұлтын, елін, туып-өскен жерін жан жүрегімен сүйетін нағыз патриот болып қалыптасуына зор мүмкіндіктер береді.

Бүгінде Батыстың және Еуропаның бүгінгі мәдениетінде ұлттық дәстүрлі құндылықтардың екінші қатарға ысырылуы, азғындаған ұрпақтың үстемдігіне жол ашып келеді. Мұның ұлтымыз үшін қаупі аса зор. Бұған біз өзіміздің дәстүрлі рухани құндылықтарымыз бен ұлттық тарихымызды қарсы қойғанда ғана қорғана аламыз. Егер осы айтылғандарды мойындар болсақ, қазақ қоғамын құраған рулар мен тайпалар тарихын тереңдете зерттеу қажеттігі өзінен-өзі туындайды.

Бұл  тақырыптың  тарихымыз  үшін  өзекті  де  маңызды болатын тағы бір жағы – қазақ халқын құраған әрбір тайпаның немесе рудың өмір жолында ортақ этникалық, саяси-әлеуметтік заңдылықтармен қатар өзіндік ерекшеліктер де аз емес. Оларды зерттеп-білудің ұлт тарихының толыққанды болып жазылуына, тарихымыздағы «ақтаңдақтарды» жоюға және жалпы қазақ халқының күрделі тарихи жолындағы оған тән құбылыстар мен процестерді айқындауға үлкен ықпал жасары сөзсіз.

Мұндайда мынаны да айтпасқа болмас: қазақтың әрбір тайпасының немесе руының тарихында қайталанбас тарихи оқиғалар орын алды. Тіптен жалпы ұлтымызға ортақ процестерде де, шиеленісті тарихи құбылыстарда да әрбір қазақ тайпасының немесе руының өзіне ғана тән үлесі бар. Жағдайдың мұндай болуына рулар кінәлі емес, керісінше бұл ұзақ мерзімді қамтитын тарихи-географиялық,     әлеуметтік-саяси,     этникалық-мәдени ақуалдардың нәтижесі.

Тарихтың осынау ащы шындығын айналып кету де мүмкін емес. Осы тұрғыдан алғанда ұлтымыздың тарихындағы әрбір рудың орнын және рөлін айқындау – тарихымызды түгендеу ғана емес, халқымыздың ұлттық тарихи ерекшеліктерін ескеру де болып шығады. Бүгінде әркім өзінің руын ғана дәріптейтін көзқарастың заманы әлдеқашан өткен, керісінше, әрбір азамат өзінің рулас ата- бабасының ұлтымыздың өркендеуіне қосқан үлесін айқындап, дұрыс пайымдайтын уақыт басталды.

Оның үстіне кеңестік жүйеге дейін қазақтың әрбір руының өзіндік ата-қонысы, шаруашылықтық көшу жолдары, ел басқарған ру басылары, от ауызды, орақ тілді шешен-билері, қол бастаған ерен батырлары, ұлтымыздың рухани, діни және мәдени өмірінде із қалдырған айтулы сал-серілері, дарынды әнші-күйшілері, адуынды жыраулары және т.б. болғанын да ешкімнің жоққа шығара алмайтыны  айдан анық. Қазақ руларының тарихын білу деген сөз осындай тарихи тұлғалардың тарихын мақтаныш және болашаққа үлгі ету болып шығады.

Рас, біз ірі тұлғаларды рулық емес, ұлттық деңгейде насихат- тауға дағдыландық. Әрине, бұл өте құптарлық нәрсе. Солай бола тұрса да олар белгілі бір тарихи кезеңдерде өздерінің руымен бірге,  рулық-тайпалық  әлеуметтік  қоғамда  әрекет  жасағанын неге ұмытуымыз керек.  Мұндай тарихи бейнелер тарихы өзінің туған руының ортақ тарихынан жеке дара және дербес қаралмауы керек. Руды ұмытып, ұлт жасаймыз деу тарихи қателік. Біз рулық- тайпалық ерекшелікті есте ұстағанда ғана зерттеу барысында тарихи тұлғаның шынайы да айқын және толыққанды бейнесін жасай аламыз. Бұл мәселе кеңестік тоталитарлық жүйеге дейін әрқашан ескеріліп келді.

Орыс отарлауы орныққанға дейін қазақтардың өздерінің есімдеріне ру-тайпа аттарын тіркеп айтқаны, әкелерінің есімдерінің орнына дәл осы рулар мен тайпалар аттары жазылғаны (қоңырат Алатау, шақшақ Бөгенбай, шапырашты Қарасай, тарақты Байқозы, албан Райымбек және т.б.) қазақ тарихынан хабары бар кісілерге белгілі. Бұл туралы «Оренбургский листок» басылымының 1880 жылғы 10 тамыздағы 33-номерінде этнограф Р.Егнатьев арнайы жазған еді.

Тарихи шындық дәл осылай бола тұрса да бүгінгі тәуелсіздік алған тарихымызда бұрынғы кеңестік кезеңдегі тарихи бұрмалаулардан толық бас тарта алмай, қазақтың көшпелі рулық қауымында өмір сүрген, белгілі бір ру-тайпа өзінің ортасынан шығарған тарихи ірі тұлғалардан жалпыұлттық, рулық емес жалпы қазақтық бейнелер жасауға құлшына кірістік. Ниетіміз әрине жақсы-ақ! Алайда осы жерде: жақсы ниетке неге тарихи шындықты ескермей баруымыз керек? Ұлттық деңгейлердегі алыптарды ортасынан шығарған рулар мен тайпалар жаңа жағдайда неге «ұмыт» қалулары керек? Халықтың тарихи санасында Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай деген есімдермен қалған ұлттық тұлғаларды жаңа жағдайда неге басқаша атауға тиіспіз. Батырларға өз орталарынан алғашқы жасақтарды жинап берген «қанжығалы» немесе «қаракерей» рулары тарихымызда неге ұмыт қалулары керек? – деген тәрізді қисынды сауалдар туындайды. Осылардың мазмұнына тереңдеп үңілсек, бұлар сауалдардан гөрі бүгінгі жаңадан жазылуы тиіс этникалық, ұлттық тарихымызға қойылатын талаптарға көбірек ұқсайды.  Бұдан  шығатын  қорытынды  да  бір  ғана  –  бүгінгі тарихта   да   бұрынғы   рулық   қауымдағы   тарихи   тұлғаларды жаңаша әсірелетпей, бұрынғыша рулармен, тайпалармен тұтас қарастыруға міндеттіміз.

Қазақ қашанда «жеті атасын білмеген жетесіздерді» құрметтей қоймаған. Мұның астарында ата-бабаға деген шынайы бауырмалдық, туыстық және қандастыққа негізделген абзал сезімдер жатыр. Мұндай зерделілікке шақырудың басқа тұрғыдан алғанда да көптеген артықшылықтары баршылық.

Ұлтымызға  тән  тағы  бір  ерекшелік – ағайынды,  туысты, құда-жекжатты, дос-жаранды, жиен-нағашыны әрқайсысын өз орнымен қастерлейтін қасиеттердің басымдығы дер едік. Бүгінгі жаһандану заманында ғасырлар бойы қанымызға сіңіп, берік дәстүрімізге айналған осынау асылдарымыздан ажырап қалмаудың жолын тынбай іздестірулеріміз керек. Қазақтың рулық-тайпалық тарихын терең білген азамат бөтен жұрттың алдында өзінің ұлтының жоғарыдағыдай өзіндік, қайталанбас қасиеттерін мақтаныш етуге және оларды көздің қарашығындай қорғап қалуға белсенді жұмыс жасайтын болады.

Осы айтылғандар бізді қазақ тарихын жазудың этникалық және тың методологиялық бағыты ретінде - ру-тайпалар тарихын кеңінен және арнайы зерттеуге ұмтылдырып отырғанын атап көрсетеміз. Қазақ ұлты аман болса алда оның тайпалық-рулық тарихының көп томдығы да жазылатынына біз күмәнданбаймыз.

Жалпы  қазақ халқының рулық-тайпалық қауымдастық арнасында   өрбіген тарихын жазудың негізі бұрынғы ғасырлардан бастау алатынын да ұмытпауымыз керек. Қазақ руларының    тарихын    жазудан  қашқақтайтын  зерттеушілерге П.И. Рычковтың, В.В. Вельяминов-Зерновтың, А.И. Левшиннің, Шәкәрім Құдайбердіұлының, А.Н. Аристовтың, Г.Е. Грумм- Гржимайлоның,    В.В.    Бартольдтың,    ақырында    өзіміздің М. Тынышпаевтың еңбектеріне назар  аударыңыз  дер  едік. Халқымыздың    рулық-тайпалық  тарихын  белсенді,  тиянақты, әрі терең зерттеген осындай ғалымдар болмаса бүгінгі Қазақстан тарихы толыққанды бола алар ма еді? Әрине, жоқ. Алайда, осындай салиқалы да байсалды зерттеушілер салған айқын жол кеңестік-тоталитарлық жүйе тұсында үзіліп қалды.

Енді қазақ рулары мен тайпалары тарихын жазушылар қуғындалатын болды. Бұл бағытты жалғастыру және болашаққа апару тарихымызды жан-жақты толықтыра және байыта түспек.

Бұл міндетті бүгінде тәуелсіздіктің еркін тыныстай бастаған тұсында тарихшылар белсенді қолға алмаса мұнымен кім айналысады. Біздіңше, осыны мықтап ойластыратын кез келді. Кеңестік тоталитарлық жүйенің орнығуына дейінгі қазақ халқының тарихын жазумен әуестенушілер рулық-тайпалық бірлестіктердің    түбегейлі    орнығуының    арқасында    қазақ деген ұлттың этникалық тұрғыда жүйелі түрде ұйысып, қалыптасқанына, әрбір ру мен тайпаның өздерінің туған өлкелерін, көшу жолдарын, жайылымдарын және қыстауларын сыртқы жаулардан белсенді қорғап, оларды үздіксіз ұлғайта берулерінің   нәтижесінде, сандары   көптеген   халықтардан әлдеқайда аз болған қазақтардың бүгінде Қазақстан деп аталатын аса ауқымды территорияны басқаларға бермей ұстап қалғанына  баса  мән  бере  қараулары  керек  деп  ойлаймыз. Қазақ ұлтының басын құрап, осындай ұлы да мәрт, ержүрек те дархан және жомарт мінезді ерекше халықты тарихтың көрнекті сахнасына алып шыққан бүгінде бәрімізге белгілі қазақтың 40-тан астам руының ежелгі заманнан бастау алатын шынайы тарихы әлі күнге дейін жүйелі де тұтас жазылған жоқ. Сондықтан да қазіргі кезеңде кітап түрінде оқырман қауымына ұсынылған тарихымыздың жүдеу-жадау, өзге тұрмақ өзімізді де қанағаттандырмайтындай деңгейде қалып отырғаны ешкімге құпия емес.

Бұдан әрине әркім өзінің қандас руының ғана тарихын жазулары керек деген біржақты тұжырым туындамауы керек. Қазақ тарихшылары үшін қазақтың кез-келген ру-тайпасының тарихы ұлт тарихының құрамдас және ажырамас бөлігі болып табылады. Ғылыми зерттеуде өзіңнің руыңның тарихын ғана меншіктеніп алатын өзімшілдікке, «менің руымның тарихын басқалар жазбауы керек» деген қызғаншақтыққа, көреалмаушылыққа орын болуы тиіс емес. Қазақтың әрбір ру-тайпасының тарихының күллі қазаққа ортақ екендігін естен шығаруға тиіс емеспіз. Зерттеуші үшін рудың үлкен- кішісі жоқ. Әрбір, тіптен сандары аз рулардың да ұлтымыздың өмірінде өзіндік орны, үлесі және рөлі бар. Рулар тарихын ғылыми тұрғыда зерттеу арқылы біздер ұлт тарихын толық зерттеуге барамыз.

Қазақ руларының тарихи тағдырларын тереңдете, жан-жақты зерттеу тарих тауқыметімен шашырай қоныстанған кейбір қазақ руларының өткеніне тән тарихи құбылыстардың тылсым астарларын айқындап алуымызға көп көмек көрсетсе керек.

Шежірелік тұрғыдан қарағанда да қазақ ру-тайпалары тағдырында анықталмаған мәселелер баршылық. Шежіренің әр түрлі нұсқалары рулар тарихынан құнды мәліметтер берумен қатар, мәселе мазмұнын шатастыра да түседі. Оның үстіне шежірелер әртүрлі баламалар түрінде де кездеседі. Мұндайда шынайы да салмақты тарихи талдау ғана көмекке келе алады. Жалпы алғанда, көптеген рулардың әр түрлі шежірелік нұсқаларының өздерінің зерттеушілерін күтіп жатқандары өміріміздің  шындығы.  Бұл  міндетті  рулар  тарихын  жан-жақты зерттеген ғалымдар ғана жүзеге асыра алатыны да құпия емес.

Қазақ руларының ежелгі тарихына тереңдеп барғанда түркі тайпаларының ортақ шығу тегін де ұмытпауымыз керек. Қазір ғылымда қабылданған түсінік бойынша, түркі тектес халықтардың ру- тайпаларының қалыптасуы Алтай дәуірінен бастау алады. Бұл әсіресе тілдік ерекшеліктерден айқын байқалады. Мұны белгілі түркітанушы Н.А. Баскаков жасаған сызбадан айқынырақ аңғарамыз.

Түркітанушы Н.А. Баскаков жасаған сызба

Мұнда әсіресе түркі тілдес халықтардың тарихи отаны Саян-Алтай өңірі екендігі дәлелдірек көрсетілген. Яғни алғашқы түркі тайпаларының рулық-тайпалық бірлестіктері және мемлекеттік одақтары негізінен осында дүниеге келген және қазіргі қазақ жері арқылы батысқа қанат жайған. Бұдан шығатын қорытынды кейінгі қазақ руларының ата-бабаларының терең тамырлары сонау түркі дәуірлеріне таралып кеткен.

Оғыз-қарлық-қыпшақ  бірлестіктерінен  бастау  алған  қазақтың ру-тайпалары көптеген қилы тарихи кезеңдерді бастан өткізіп, өзінің мемлекеттігін - Қазақ хандығын құра алды. Көшпелі ру- тайпалардың  бір  орталыққа  біріккен  мемлекетін  ұйыстырудың өзі сол заманда адамзат тарихындағы ұлы ерлік болды. Бұл мемлекеттің этно-әлеуметтік тірегі, ынтымағы жарасқан, «ел басына күн туып, ат ауыздығымен су ішкен» заманда «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығара білген қазақ рулары мен тайпалары болды. Алайда, орыс отарлауы және кеңестік тоталитарлық билік қазақтың дәстүрлі қоғамын күйретіп жіберуге жұмыс жасады. Әсіресе, ХХ ғасырдың 20-шы жылдарынан бастап қазақ рулары мен тайпаларына ашықтан-ашық жаулық көзқарас көрініс берді. Қазақтың ру-тайпаларын түгендемек түгіл, адамдардың өздерінің туған ата-бабаларының есімін естен шығаратын, яғни дәстүрлі тарихи сананы аяқ асты ететін рухсыздану, русыздану және ұлтсыздану заманы басталды. Иншалла, бүгінде еліміз еңсесін тіктеп, өткен тарихына байсалды көз жүгірткен заманда жоғарыда әңгімеленген ұзын-сонар тарихымыз неге назардан тыс қалуы керек?! Рушылдықтан қорқамыз деп, өзіндік ерекшелігі бар - шын мәнінде өткені ру-тайпалардың іс-әрекетінен құралған ұлтымыздың тарихын  көпе-көрнеу  байқамай,  қазақ  тарихын  тайпалар  мен рулар тарихын екшелеп алмай-ақ, «ұлттық», «халықтық» деген жалпылама ұрандар тасасында «жауырды жаба тоқып» жаза береміз бе? Рулар тарихын ұлт тарихына қарсы қойғанымыз қалай болады?!

Сонда біз қазақты этникалық тұрғыдан   құраған әрбір рулардың алғаш өзіндік рулық тулары болғанын (Мұхаммед Хайдар    Дулатидің    «Тарихи-Рашидиін»    қараңыз),    олардың жеке рулық таңбалары-белгілері болғанын, кейінірек рулық ұрандардың үстемдік алғанын және т.б. айтудан неге жалтарамыз? Неліктен осындай көптеген ру-тайпалар мәселесіне қатысты тарихымыздың құнды да бағалы жақтарынан қасақана, саналы түрде бас тартуымыз керек?  Бүгін мұндай сауалдарға жауаптар батыл және нақты болулары тиіс.


“Қазақстан тарихы этникалық зерттеулерде”, 2008 ж.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға