Жаңалықтар

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай бас-аяғы 103 шара өтеді

Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту аясында еліміз бойынша бас-аяғы 103 шара ұйымдастырылмақ.
23.02.2015 04:02 4902

Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту аясында еліміз бойынша бас-аяғы 103 шара ұйымдастырылмақ. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы жанындағы мәдениет пен өнерді дамыту мәселелері жөніндегі «Мирас» қоғамдық кеңесінің отырысында ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ғалым Ахмедияров мәлім етті.

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай бас-аяғы 103  шара өтеді

«Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Мәдениет және спорт министрлігі басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, бірқатар шараларды атқаруда. Қазақстан ғалымдарының тұжырымдары негізінде 1465 жылды Қазақ хандығының ресми құрылған жылы деуге болады. Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту тұжырымдамасы дайындалды. Аталған тұжырымдамада Қазақ хандығының құрылуына қатысты ғылыми деректер, осы жылды атап өтудің негізгі мақсаттары мен кезеңдері келтірілген. Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту басты үш концептуалды негізде жүзеге асырылатын болады. Олар, біріншіден, патриоттық негіз, екінш – ақпараттық негіз, үшінші – ғылыми негіз. Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы қаулысымен мерейтойды атап өтудің іс-шаралар жоспары бекітілді. Мерейтойдың іс-шаралар жоспарында 103 шараны қамтып отырмыз», - деді вице-министр. 

«Нұр Отан» партиясы жанындағы мәдениет пен өнерді дамыту мәселелері жөніндегі «Мирас» қоғамдық кеңесінің отырысында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов Қазақ хандығының мерейтойына орай өткізілетін шаралардың бастысы әрі дені Жамбыл облысында өтетіндігін айтты.

«Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мәдени шаралардың негізгі бөлігі Жамбыл облысында өтеді дегенді өңір жұртшыдығы қуана қабылдады. Мерейтойды лайықты атап өту мақсатында арнайы ұйымдастыру комиссиясы құрылып, Президент Әкімшілігімен келісілген іс-шаралар жоспары қабылданды. Жалпы, облыстық деңгейде өтетін іс-шараларға облыстық бюджеттен 110 млн теңге қаржы бөлінген. Бюджеттен тыс қаражат көлемі анықталуда. Тараз қаласында республикалық деңгейде өтетін іс-шараларға қажетті қаржының жобалық-сметалық құжаттамалары мен есептеулері Мәдениет және спорт министрлігі арқылы Қаржы министрлігіне тапсырылды. Қазіргі таңда іс-шаралар өтетін орындарды белгілеу, сол жерлердің инфрақұрылымы мен бірқатар нысандарды қайта жаңғыртуға қажетті дайындық жұмыстары жүргізілуде», – деді облыс әкімінің орынбасары.

Оның айтуынша, 4 ұйымдастыру-дайындық шаралары, 13 ғылыми-талдамалық қолдау шарасы, 38 мәдени-көпшілік және қоғамдық-саяси шара, ақпараттық қолдау аясында 17 шара, имидждік және кино өнімдерін шығару бөлімі бойынша 14 шара, шетелдерде ұйымдастырылатын 3 шара және осы сияқты барлығы он төрт бөлімдегі өзге де шаралар жүзеге асырылмақ. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға