Қазақ Хандығының 550 жылдығы әр жерде тойлана бастады
Қазақ Хандығының 550 жылдығына байланысты өтіп жатқан шаралардың бір қатарын өздеріңізге ұсынып отырмыз.
Астраханда Қазақ Хандығының 550 жылдығы аталып өтіледі
Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы шекаралас Ресей Федерациясының Астрахан облысында да атап өтіледі.
«Мерекелік шаралар аумағының бір бөлігі Бөкей ордасының құрамына кірген Астрахан облысында да атап өтіледі. Бөкей ордасының негізін 19-шы ғасырдың басында Бөкей хан қалаған. Иелік еткен жерлерінің шекараларын кеңейте отырып, ол бес мың қазақ отбасымен бірге Еділ мен Жайықтың өзенаралық сағасына көшіп, ішкі немесе Бөкей хандығын құрған.
1830 жылы Бөкей хандығында 80 мың адам болған. Бөкей ханның есімі тарихта экономиканы дамытуға және екі мемлекет мәдениеттерін жақындатуға көп үлес қосқан саясаткер ретінде қалды. Астрахан облысында Бөкей хан кесенесі орналасқан, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған шаралардың бір бөлігі сол жерде атап өтілмек», - дейді Атырау облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі.
Қазақ Хандығы туралы мульфильмді дайындау жас аниматорларға тапсырылды
Жас аниматорлардан құралған топ Қазақ хандығына арналған «Ел аманаты» анимациялық фильмін жасап жатыр. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің алқа мәжілісінен кейін Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Ақтоты Райымқұлова мәлім етті.
«Суретшілердің барлығы өзімізден. Олар өте талапты жастар. Қазіргі кезде фильмдегі кейіпкерлердің дауысын салатындарды іріктеп жатырмыз», - деді ол.
Оның айтуынша, мультфильм алдағы жаз айларында көрермен назарына ұсынылмақ. Оны түсіру үшін еліміздің тарихы туралы бірқатар елдердің мұрағаттарынан құжаттар пайдаланылуда.
«Біз бұл өнім ел ішінде және сонымен қатар шетелдерде де көрермендердің қызығушылығына ие болатындай мақсат-міндетті алдымызға қойып отырмыз»,-деді А. Райымқұлова.
Астанада «Қазақ хандығының 550 жылдығына» арналған кеш өтеді
стана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен 2015 жылғы 18 ақпан күні сағат 17.00-де «Астана» ұлттық сурет галереясында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған танымдық-тарихи кеш өтеді.
Тарихи танымдық кеш осыдан бес жарым ғасыр бұрын құрылған Қазақ хандығы жөніндегі ең беделді әрі бірден-бір дерек - Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тариха Рашиди» еңбегінен алынған үзіндімен басталады. Содан кейін, Керей мен Жәнібек хандар тұсындағы қазақ мемлекетінің құрылған уақытынан қазақ халқының басынан кешкен ірі оқиғалары баяндалады. Оқиғаларды Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры әртістері сахналық қойылымдар арқылы суреттейді.
Сонымен қатар, кеште жыршы Алмас Алматов, дәстүрлі әншілер Ерлан Рысқали, Айгүл Елшібаева, «Алашұлы» тобы, «Наз» мемлекеттік би театры және т.б. өнер көрсетеді.
Аталған шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және қалалық мәслихат депутаттары, жергілікті мемлекеттік орган басшылары, зиялы қауым өкілдері, тіл жанашырлары мен қала тұрғындары шақырылады.
Әзірлеген: Досжан Мейірбек.