Халықаралық Түркі академиясының кітапханасында «Аманат» интеллектуалды пікірсайыс клубының отырысы өтті. Маусымашар басқосудың тақырыбы ретінде жиналғандар «Қазақ хандығына 550 жыл: тарихи, идеологиялық өлшемдері» деген тақырып аясында ой бөлісіп, ұсыныс, тілектерін ортаға салды. Сонымен…
Бүркітбай Аяған, тарих ғылымының докторы: Неге 1465 жылды таңдадық?
– Неге 1465 деген датаға тоқталдық. Ұлы тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди» деген кітабында Керей ханның Шу бойына көшкен уақыты ретінде Хижра жыл санауымен дәл осы жыл көрсетілген. «Дәл дұрысын Алла біледі» деген де сөзі бар. Бұл бекер емес, себебі мемлекеттің құрылуы, қалыптасуы бір жылда жүзеге аса қоймайды, ол кемінде 15-20 жылға созылуы мүмкін. Ал Керей мен Жәнібек хандардың көшкен жылы біздің қазіргі күнтізбеміз бойынша дәу де болса 1465 жылмен тұспа-тұс келеді.
Тарихшылар Жәнібек пен Керейдің әскері Әбілхайыр ханның қолымен кездесіп, үш күн бойы бетпе-бет тұрғанын айтады. Сосын соғыспай кейін шегінісіп кетеді. Тарихшылар соғыстың болмауын Әбілхайыр ханның ауырып қалғанымен байланыстырады. Оның науқасқа шалдыққаны рас. Бірақ, меніңше, соғыспағандарының басқа себебі бар. Шын мәнісінде екі жақтағы әскер де найман, қыпшақ, қоңырат сияқты қазақты этнос ретінде құрап тұрған тайпалардан жасақталған еді. Династиялық соғысқа екі жақтың да әскері қатысқысы келмеген деп топшылаймын.
Тойнбидің керемет сөзі бар. Ол «Ақсақ Темір ұлы қолбасшы, мемлекет құрушы, бірақ ол жүйе құра алмады. Өзі өлгеннен кейін құрған мемлекеті қирады» дейді. Ал Керей мен Жәнібек құрған хандық 1864 жылдан 1847 жылы ең соңғы легитимді қазақ ханы Кенесары хан өлгенге дейін 4 ғасыр бойы өмір сүрді. Кеңес үкіметінің өзі 70-ақ жыл тұрды. Яғни, алғашқы қазақ хандары қүрған мемлекеттің басқару жүйесі сол заманға сай болды, соның арқасында соншама үлкен территорияны биледі.
Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлауға қазақтар ғана емес, еліміздегі өзге ұлыс өкілдерін де араластыру керек. Олар да өздерін осы елдің азаматы ретінде сезінсін. Екіншіден, шетелдегі диаспораларды жұмылдырған жөн. Қазір әрбір үш қазақтың екеуі өз елімізде, үшіншісі шетелде тұрады. 17 миллион қазақтың 5 миллионнан астамы шетелде. Әйтпесе, оларға тілінен, рухынан айырылу қаупі төніп тұр.
Камал Бұрханов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– «550-летие казахской государственности?». Орысша БАҚ-тар осылай жапа-тармағай жазып жатыр. Қазақ тілді БАҚ-тардың да осыған қосылғанын естідім. Бұл мүлде қате. Қазақ хандығының 550 жылдығы. Қазақтың мемлекеттілігі әлдеқайда тереңде, сонау Сақ дәуірінде жатыр.
Қазақ хандығының саяси құрылымын, экономикалық құрылымын, құқықтық негізін зерттеп, насихаттауымыз керек. Түрме жоқ, бірақ әділеттілік бар. Қанша қиын жағдай болады, жетім жоқ, жесір жоқ. Қазір біреу адам өлтірсе, түрмеге қамаймыз. Өлгеннің де, өлтіргеннің де баласы жетім, әйелі жесір қалады. Қазақ хандығында мұның бәрі құн арқылы шешілген. Өкінішке қарай, біз осыған назар ауармай жүрміз.
Алмас Тұртаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: Мемлекеттік рәміздер мен қазақ хандығы күні
– Мәдениет және спорт министрінің баяндамасын тыңдадық, іс-шаралар жоспарымен, тұжырымдамасымен таныстық. Бірақ ол жеткіліксіз деп ойлаймын. Неге? Біріншіден, зиялы қауым өкілдерінен, тарихшылардан, белсенді жастардан жасақталған Үкіметтік комиссия құру керек. Елбасының бастамасын тарихты білетіндер де, тарихи білімі аз адамдар да қуана қабылдады. Олардың тарапынан түрлі ұсыныстар айтылып жатыр. Ол сыныстарды қарап отырсаңыз, рушылдықтың да белгілері байқалады. Біз бұған жол бермеуіміз керек. Қазақ хандығының 550 жылдығы халықты жік-жікке бөлетін емес, біріктіретін шара болуға тиіс. Үкіметтік комиссия бірінші кезекте осыны негізге алуы керек.
Екінші ұсынысым. Қазақстан Республикасы туралы жақсы қоғамдық пікір қалыптастырған, қалыптастыруға үлес қосқан шет мемлекеттердің басшыларын, ғалымдарын, қайраткерлерді, кәсіпкерлерді осы шараға барынша қатыстыруға тырысу керек. Мерекенің құрметіне арнайы төсбелгі немесе тағы бір нышан тағайындап, жаңағы айтқан азаматтарды марапаттау қажет.
Қазақ хандығының 550 орай мерекелік тиындар, басқа да заттар шығару туралы деген ұсыныстар айтылып жатыр. Меніңше, онда қазақтың ежелгі тарихынан хабар беретін нышандар ғана емес, Тәуелсіз Қазақстанның бейнесі де сипатталуы керек.
Осы айтқан ұсыныстарды Үкіметке жолдаған арнайы хатымызда көрсеттік. Сондай-ақ осы хатта атаулы датаны Мемлекеттік рәміздер күніне бекітіп, «Мемлекеттік рәміздер және Қазақ хандығы күні» деп атауды ұсындық. Өйткені, осы арқылы біз тарихымыз бен қазіргі Тәуелсіз Қазақстанды байланыстырамыз.
Дархан Қыдырәлі, Халықаралық Түркі академиясының президенті:
– Түркия 2023 жылы 100 жылдығын атап өтуге қазірден бастап бағдарлама әзірлеп жатыр. Олар ұзақ мерзімді жоспар жасауда Қазақстаннан сабақ алып отырғанын айта кету керек. «Біз 100 жылдыққа қандай жетістіктермен жетуіміз керек? Әлемдегі 10-экономикаға қалай айнала аламыз? Әлемдегі орнымызды қалай айқындаймыз?» Осы тектес сауалдарға жауап іздеуде Түркияның белді саясаткерлері 2050 жылға дейін стратегиялық жоспар жасаған Қазақстан басшысынан үлгі алған жөн деген мәселе көтерген.
Бір қызығы, Республиканың 100 жылдығын атап өткелі отырған Түркия өз әскерінің құрылған уақытын екі мың жылдан әріден тарқатады. Бұл дегеніміз Түркияның мемлекеттік тарихының тереңде екенін көрсетеді.
Қойшығұл Мұстафин, режиссер, мәдениеттанушы: Фильм түсіруге жазушылар емес, тарихшылар ат салыссын
– 20 сериялы фильм түсіру үшін жазушыларға емес, тарихшыларға арқа сүйеу керек. Жазушыларға салсақ, олар көркем дүниелерге кетіп қалады, тарихтан ауытқып кетеміз.
Мен біраз фильмге түстім, «Көшпенділер» деген фильмге де түскенмін. Оның режиссері Иван Пассерді Франциядан алдырдық. Сәккен Жүнісовтің жазған сценариін өзгертті де, Рустам Ибрагимбеков деген шетелдің жазушысы сценарист болып кетті. Біз режиссер, сценарист, актердің бәрін шетелдерден алдырамыз да, қаражаттың бәрі соған кетеді, тарих айдалада қалады. «Көшпенділерде» дәл солай болды, енді соның қателігін қайталамауымыз керек.
Арнұр Асқаров
Мақала aynaline.kz сайтынан алынды