Қазақ хандығы туралы "Қазақ елі" анимациялық фильмі түсіріледі
Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жауабындай айтыпты. Ведомство берген мәліметке сүйенсек, «Қазақ елі» анимациялық фильмін түсіру үшін 375 миллион теңге бөлінген. Қазақ хандығы жылдарындағы ең маңызды оқиғалар, кезеңдер туралы көпсериялы картинаға енбек. Сондай-ақ, Керей мен Жәнібек хандардың балалық және жастық шақтары, олардың хандық құру кезеңі, әз Тәукенің "Жеті жарғысы", Абылай хан, үш би, Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай батырлар сияқты тарихи тұлғаларды жан-жақты суреттеу жоспарланған. Сонымен қатар, бұл отандық анимациялық фильмді көрерменге 2D және 3D форматтарында ұсыну көзделіп отыр.
Сонымен қатар, Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері "Қазақ хандығы" балетінің қойылымы туралы жоспарымен бөлісті. Ведомствоның мәліметінше, қазіргі уақытта отандық шеберлер жасап жатқан туынды Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында қойылады. Мұнымен бірге, тағы екі спектакль – "Керей-Жәнібек" және "Қазақ елі" қойылымдары ұсынылады. Керей мен Жәнібек хандар туралы "Қилы жол" атты пьесаны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, драматург Жабал Ерғалиев жазған. Пьеса Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында қойылады. Қазіргі уақытта іріктелген қойылым тобы спектакльді дайындау жұмысына кірісті. Ал жазушы-драматург Тахауи Ахтановтың "Қазақ елі" тақырыбына арналған "Ант" тарихи драмасының премьерасын Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры наурыз айында өткізуді жоспарлап отыр. Сахналық туындыда қазақ елінің тағдыры үшін күрескен ерлердің батырлығы, ойраттарды ойсырата жеңген "Ақтабан шұбырынды" шайқасы және Ресейге қосылу кезеңдері көрсетіледі. Бұл мақсаттарға 68 миллион теңге жұмсалады деп жоспарланып отыр. Бұған қоса, 26 ақпан күні Абай атындағы академиялық опера және балет театрында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Брусиловскийдің "Ер Тарғын" операсы көрсетіледі.
Қазақ хандығының жылнамасына негізделіп "Ұлы көш" картинасын салынбақ. Оған 150 миллион теңге көлемінде қаржы жұмсалады. Бұл туындыда Қазақстан тарихының кезеңдері, Қазақ хандығының құрылуы, тәуелсіз Қазақстан, ұлы тұлғалар және тарихи оқиғалар қамтылатын көлемді туынды триптих түрінде салынып, оның Астанадағы Ұлттық мұражайдың экспозициясынан орын алады.
Мұнымен қатар, ведомство өкілдері 106,6 миллион теңгенің Ілияс Есенберлиннің "Көшпенділер" трилогиясын басып шығаруға жұмсалатынын айтты. Жазушының Қазақ хандығы туралы кітабы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде VIP басылым түрінде 18 мың данамен шығып, мерекелік іс-шаралар барысында таратылады. Кітаптар Қазақстанның шетелдерде орналасқан елшіліктері мен әлемнің ең ірі кітапханаларына тегін берілмек.
Әзірлеген: Досжан Мейірбек, деректер мына сілтемеден алдынды,
фото tore.com.kz