Қазақ Хандығы Қозыбасыда құрылды!
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өткен 2014 жылдың соңғы айында Астана қаласында өткен жиында Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту туралы сөз еткенде: «Керей мен Жәнібек 1465 жылы алғашқы хандықты құрды, қазақтың мемлекеттілігінің тарихы сол кезден бастау алады. Бәлкім, ол бүгінгі шекарасындағы, бүкіл әлемге осынша танымал әрі беделді, осы ұғымның қазіргі мағынасындағыдай мемлекет болмаған да шығар. Бірақ, бұлай деп сол кезеңдегі басқа да барлық мемлекеттер туралы да айтуға болады. Ең маңыздысы, сол кезде оған негіз қаланды, біз – бабаларымыздың ұлы істерін жалғастырушылармыз», – деп атап өткенін оқырмандарымыз жақсы біледі.
Н.Ә.Назарбаевтың осы бір сөзін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, бұл іспен тікелей айналысатын министрліктер, тиісті мекемелер қызметкерлері бірден іліп әкетіп, қуаттағаны құптарлық іс болды. Шындығын айтар болсақ, Президентіміздің бұл бастамасы әрбір қазақтандықтың рухын көтеріп тастағаны анық. Рухы мықты халық қана ешкімге тәуелді болмайды, ешкімге жалтақтамайды. Ата-бабаларының жүріп өткен жолына зер салып, бағамдай алады.
Сонымен, біз әңгіме етпекші боп отырған «Қазақ хандығының 550 жылдығы» туралы болған соң, сол туралы сөз қозғайық. Қолдағы бар деректерге, тарихшы-ғалымдардың жазған мәліметтеріне сүйене айтатын болсақ, қазақ хандығына дейін талай аласапыран ғасырлар, дәуірлер өткендігін байқаймыз. Жалпы «қазақ» атауы қашан пайда болған. Осыған қысқаша тоқталып өтейік. Ата-бабаларымыздан бүгінге дейін жалғасып келе жатқан шежірелерде Қазақ Жайылханнан туады, Қазақтан Жұман, одан Әбілхайыр, одан Ақ Арыс, Бек Арыс, Жан Арыс – үш жүздің балалары туған.
Ал енді тағы бір дерек көздерінде Қазақ сөзі «…көне замандардан байтақ даламызда, алып аймағымызда қоныстанған этникалық тарихы аса күрделі, байырғы тайпалық бірлестіктер қауымдасуының: сонау Сақ, Ғұн, Үйсін мемлекеттері Түрік, Түркеш, Қарлұқ дәуірінің, Қыпшақ ұлысы, кейінгі Алтын Орда, Көк Орда, Ноғай Ордаларының құрамына кірген түркітілдес елдер мен жұрттардың топтасқан одағының ортақ атауы» («Қазақ шежіресі», Алматы. 1994ж.) деген мәліметті келтіреді.
«Қазақ» деген сөздің мағынасы батырлықпен, ерлікпен еркін жүру, яғни, Еуропа тілімен айтсақ, «рыцарь» дегенге келеді деп, бірсыпыра ғалымдар болжам жасайды, оған Шоқан да қосылған. Бізге университет қабырғасында қазақ тарихынан дәріс оқыған профессор Мұсатай Ақынжанов: бұл – «хас-сақ» деген ұғымнан шыққан деуші еді. Мағынасы – нағыз сақтар. Сақ елі Орталық Азияны біздің жыл санауымыздан бұрын жайлаған жартылай көшпелі, жартылай отырықшы тайпалар одағы екенін көне грек тарихшылары Геродот, Страбон айтып кеткен» («Тарихи тұлғалар» 2012 жыл. Бесінші басылым. Алматы кітап баспасы).
Тарих тамырын басып көргісі келгендердің бір тобы «қазақ» атауын «қаз», «ақ» деген сөздердің қосындысы» дегенді де алға тартады.
Қалай десек те «қазақ» атауы көне замандарден бері пайда болғанын аңғарамыз. Қазақ қазақ болғалы небір қилы замандар өтті. Қазақ рулары құрысқан ұлы мемлекеттер жерге, билікке жеке хандардың, қолбасшылардың бүлігінен әлсіреп, сыртқы жаулардың зорлық-зомбылығына айналған замандарда сол тайпалардың бірі Алтайдан шыққан көк түріктер бас көтеріп, шаруасы шайқалған, бірлігі мен ынтымағы ыдыраған ұлыстарды қайта біріктіреді. Одан кейін де олар ауыр кезеңдерді бастарынан өткізді. Ұлан-ғайыр жерге ие болып, Мәуреннахр, Моғолстан мемлекетін құрды. Алайда, құрған мемлекеттер Әмір Темірдің тұсында күл-талқаны шығып қиратылды, қайта жанданады.
«Өзін «әмір» деп жариялаған Темір қолымен қуыршақ «ханның» атынан (Шағатай тұқымы) Мәуреннахрға ие болып, күллі Орта Азияны бағындырады. 1388 жылы Хорезм мемлекетін құлатқан соң, күні кеше өзі қызмет еткен Моғолстан әскерін талқандады. 1389, 1391, 1395 жылдары үш дүркін жойқын жорықтардан кейін ол Алтын Орданы да қиратты. Алтын Орданың негізгі халқы – осы күнгі татарлардың, өзбектердің, қазақтардың тағы басқа түркі тайпаларының ата-бабалары болған» («Тарихи тұлғалар» 2012 жыл. Бесінші басылым. Алматы кітап баспасы).
Тарихта атақты екі Әбілхайыр хан болған, соның біріншісі, яғни, ХV ғасырдың орта тұсында өмір сүрген Әбілхайыр хан Жайық өзенінен Қаратауға дейін созылып жатқан аймақ халқына өз билігін жүргізеді. Тап осы жерде ол тарихқа Көшпенді өзбектер мемлекеті деген атпен өз хандығының негізін сала бастады. Көшпенді өзбек мемлекеті деудің негізгі себебі, Өзбек ханның ұрпағымыз дегенді көрсетсе керек. Алайда, Әбілхайырдың жүргізген ішкі саясаты, туралап айтқанда, қарақшылық саясаты жергілікті халықтың наразылығын туғыза бастады. Оның үстіне ханның төңірегінде қызмет ететіндерді сырт аймақтардан – Ноғай Ордасы мен Сібір аймағынан адамдар ала бастаған. Сөйтіп, Ақ Ордаға батыс пен солтүстіктен келімсек адамдар көп көшіп келген. Олар жергілікті халықпен араласып өмір кешкенімен, көп жағдайларда олардың наразылығын тудырды. Соның салдарынан көшпелі өзбектер мемлекеті ақырындап әлсірей бастайды. Ашу-ызасы тасыған көшпелі өзбектер мемлекеті жұртының бір бөлігі Орыс ханның немерелері Керей мен Жәнібектің төңірегіне топтасады. Оның тағы бір себебі, Әбілхайыр хан Ноғай ордасынан Қарақыпшақ Қобыланды батырды шақыртып, оны көшпелі өзбектер мемлекеті әскерінің бас қолбасшысы етіп тағайындаған. Бір күні Қобыланды батыр неге екені белгісіз, Әбілхайыр ханның сүйікті қазысы – биі Дайырқожаны өлтіріп кетеді. Дайырқожа өзінің әділдігімен «Ақжол» атанған беделді кісі екен. Мұны естіген Керей мен Жәнібек Әбілхайыр ханға өздерінің наразылығын ашық айтып, Қобыландыны шариғат бойынша қысас қылып өлтіруге сұраған. «Тарихи тұлғалар» атты кітаптың 320- бетінде бұл туралы былай дейді: «Әбілхайыр берейін десе, көп қыпшақ бұзылатын болған соң, бере алмай, үш кісінің құнын ал деген соң, бұған Жәнібек өкпелеп, бөлініп кетеді» деген дерек беріледі. Бұл оқиғаның тарихи шындық екенін Дайырқожаның әкесі Қотан жыраудың өлген баласының денесін айналып, қайғырып, қан жұтып жүріп айтқан:
«Қара Қыпшақ Қобландыда нең бар еді, құлыным?
Сексен асып таянғанда тоқсанға,
Тұра алмастай үзілді ме, жұлыным, – деп басталатын толғауы да дәлелдей түседі» деген мәліметтер келтірілген.
Қалай десек те, дәл осы тұста, яғни, қазіргі тарихшы-ғалымдардың тарихи мәліметтерді жан-жақты сараптауы бойынша, 1465 жылы Керей мен Жәнібек өздерінің сөзі мен ісін қолдайтын өзбек мемлекеті жұртының бір бөлігін, нақтылап айтсақ, 200 мыңдай адамды соңынан ертіп қазіргі Жамбыл облысы Шу атырабының Қозыбасы деген жерінде Моғолстан ханы Есенбұғаның келісімімен Туын тігіп, алғашқы Қазақ хандығын құрады. Қазақ хандығы уақыт өткен сайын нығайып, жерін кеңейтіп, қазаққа тиесілі аймақтарының басым бөлігін өзіне қаратты. Шекаралас аймақтар үшін табандасқан күрес үстінде Қазақ мемлекетінің аумағы қалыптасты. Ол Орталық және Оңтүстік Қазақстаннан қоныс аударып келген қазақ ру-тайпаларын ғана емес, сондай-ақ, Жетісу алқаптарын, Алатаудың бөктерін ежелден мекен еткен тайпаларды біріктірді. Биліктің Керей мен Жәнібектің қолына өтуі «көшпелі өзбектер мемлекетіндегі» саяси жағдай өзгермегенімен, бұл оқиға «көшпелі өзбектер атының» Дешті-Қыпшақ болып өзгеруіне ықпал етті. Сөйтіп, Жетісу өңіріне қоныс аударған адамдар Өзбек ұлысында «қазақтар» деп атала бастады. Бұл атау ХV ғасырдың ортасынан ауған шақта Жетісу өңірін мекен еткен түркі тайпалары бір этникалық топқа біріге келе, қазақ халқын құрады. Бұл бағытта, сөз жоқ, Керей хан мен Жәнібек ханның еңбегі зор деп бағаланады.
Қасым хан билік басына келген (1511-1518ж.) уақыт та күрделі кезең еді. Ол шамамен 1445 жылы туған, 1518 жылы қайтыс болған. Қазақ хандығының негізін салған Жәнібектің баласы делінеді тарихта.
Қасым хан тұсында Қазақ хандығы өңірдегі саяси ықпалын күшейтіп, ауқымы кеңейген қуатты хандыққа айналды. Қазақ хандығының аумағы оңтүстік-шығысында Жетісудың солтүстік бөлігінің тау бөктеріне дейін, батыста Сырдарияның оңтүстік жағалауларына дейін, оңтүстік-батысында Түркістан қаласына дейін, солтүстік-шығыста Ұлытау қыраттары мен Балқаш көлінің жағалауына дейін, солтүстік-батыста Жайық өзеніне дейін алып жатты. Қасым ханның Қазақ хандығын дамыту бағытындағы еңбегін «Тарихи тұлғалар» атты кітаптың 48 бетінде: «Қасым нұсқаған жолдың негізгі мақсаты – Қазақ мемлекетін күшейту, халқын көбейту, жерін кеңейту-тұғын. Ол бұл жолда күні-түні аттан түскен жоқ, іргедегі мемлекеттердің өзара және ішкі алауыздықтарын, араздықтарын пайдаланып, досынан да, қасынан да одақ таба білді. Соның нәтижесінде Қазақ хандығының жері Сарыарқаны қосқанда сонау Жайық жағасына дейін кеңейген еді. Қасым хан өзінің бақталасы өзбек ханы Мұхаммед Шайбаниді тізе бүктіріп, Сыр бойындағы қалалардың басым көпшілігін Қазақ хандығына қаратқан» деген мәліметтер бар. Атақты тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати: «Қазақ хандығы мен сұлтандары арасында Қасым хандай құдыретті ешкім болған емес» деп жазған.
Қасым ханның тұсындағы Қазақ хандығы алғаш рет көрші ел Мәскеу мемлекетімен (оның князі Василий ІІІ билік құрған жылдары 1505-1533) дипломатиялық байланыс орнатты. Қасым хан өзінің билігі тұсында Сайрам қамалын жаулап алады, Мауреннахр қамалын басып алуға әрекет жасағанмен, оған қол жеткізе алмайды. Ол Ташкентке жасаған жорығы барысында жараланып, кейін шегінуге мәжбүр болады. Дегенмен, Қасым ханның тұсында Қазақ хандығының дамуы ілгерлей бергендігі байқалады. Бұрыннан айтылып келе жатқан: «Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы» деген сөз тегін айтылмаса керек.
Қасым хан қайтыс болған соң оның артындағы ұрпақтары тақ тартысына түсіп, біршама уақыт Қазақ хандығы әлсірейді. Алайда, Қасым ханның баласы Хақназар (кейбір деректерде Ақназар) билікке келген тұста хандық қайта өрлейді. 42 жыл бойы тақтан түспеген Хақназар хан қырғыз, қазақтың патшасы атанады. Тарихи деректерге сүйене айтатын болсақ, дәл осы Хақназар ханның тұсында Ноғай ордасы ыдырап, ондағы тайпалар – қаңлылар, қыпшақтар және Кіші жүз – Алшын одағындағы тайпалар түгелімен Қазақ хандығына қосылғаны мәлім. Қазақ хандығының күш алып бара жатқанын көре алмаған Ташкент билеушісі Баба сұлтан есебін тауып Хақназар ханды екі баласымен бірге өлтіреді. Алайда, Түркістан қаласы үшін шайқаста Баба сұлтан қазақ қолынан қаза табады.
Тарихи деректерде, Есім хан билік құрған отыз жылдың ішінде Қазақ хандығын, оның мемлекеттігін күшейту жолында көп еңбек сіңіргендігі айтылады. Шығысында қалмақтармен, солтүстік батысында Бұхара хандығымен үздіксіз шайқасқандығы туралы мәліметтер жетерлік. Бұхара ханы күші басым Қазақ хандығын, оның тағында отырған Есім ханды мойындап, Ташкентті, Түркістанды және сол маңайдағы үлкенді-кішілі қорғаны бар ауылдарды «сыйлаған».
Есім ханның ұлы Жәңгір хан билік басына келгенде (халық оны Салқам Жәңгір деп атаған), жоңғар-ойраттардың күшеюі белең алған. Жоңғарлардың басымдығын байқаған Жәңгір хан Бұхар хандығымен және қырғыздармен одақтаса отырып бірнеше мәрте жоңғарларға қарсы соғыс ашқан. Жәңгір хан тұсында қазақтар мен ойраттар арасында үш ірі шайқас болған: бірінші шайқас – 1635 жылы, екіншісі 1643-1644 жылдары, үшіншісі 1652 жылы делінеді. Осы үш шайқастың алғашқысында Жәңгір хан тұтқынға түседі де, кейін ебін тауып қашып шыққан. Екінші шайқаста Самарқан билеушісі Жалаңтөс Баһадүрдің 20 мың әскері көмекке келіп, жоңғарлардың он мың адамын тұтқындап, қалған әскерлерін өз аймағынан қуып шыққан. Ал, үшінші соғыста, яғни, 1652 жылғы шайқаста қазақ қолы жеңіліске ұшырап, Жәңгір хан қаза болады деген мәліметтер айтылады.
Әке тағына отырған Жәңгір ханның ұлы Тәуке хан (1680-1718 жылдары) билік құрды. Тәуке хан өзінің «Жеті жарғысымен» тарихта ізі қалды. Ол «Жеті жарғы» арқылы қазақ халқының бірлігі мен ынтымағын арттыруға ерекше мән берді. Тәуке хан Түркістан қаласын Қазақ хандығының астанасы етті. Оның тұсында Хан кеңесі, Билер кеңесі құрылып, жұмыс істеді. Бұл мемлекеттік органдардың құрылымы деп саналады. Жыл сайын Ташкент маңындағы Күлтөбеде Үш жүздің басшыларының жиынын өткізіп тұру дәстүрге айналды. Үш жүздің әйгілі билерінің (Төле, Қазыбек, Әйтеке) қатысуымен түрлі дау-дамайлар қарастырылады. Билер хандықты басқаруға, заң шығаруға, сот ісіне араласуға мүмкіндігі туа бастады. Тәуке хан тұсында іргедегі Ресеймен дипломатиялық қарым-қатынас жолға қойылды, сауда байланыстары дамыды.
Кіші жүз ханы Әбілхайыр (1693-1748 жылдары өмір сүрген) тұсында қазақ халқы үшін ел басына күн туған кезең болды. Ол алғаш Кіші жүз әскерінің қолбасшысы, кейін, яғни, 1710 жылы Қарақорымдағы халықтық құрылтайда Кіші жүздің және Орта жүздің бір бөлігінің ханы болып жарияланды. Ол жастайынан батылдығымен танылып, дарынды әскербасы болды. 1726 жылы Үш жүздің қазақтары бас қосқан құрылтайда билер мен батырлар бірауыздан Әбілхайырды Қазақ хандығы әскерінің бас қолбасшысы етіп сайлайды. Тарихта әскербасы болып сайланған ол қарауындағы сарбаздарына соғысудың небір айла-тәсілдерін үйретумен, олардың рухын, жігерін көтерумен тынымсыз еңбек еткендігі, соның нәтижесінде Ұлытаудағы, Балқаштың оңтүстік-шығысындағы елді-мекендерді жау құрсауынан құтқарып, жоңғарларды аяусыз қырғандығы туралы жақсы айтылады.
2013 жылы Көкшетау қаласындағы «Мир печати» баспасынан жарық көрген «Қазақ хандары және олардың ұрпақтары» атты кітаптың 37-бетінде: «1729 жылы аса танымал емес Болат хан қайтыс болады. Қазақ таңдаулылары марқұм Болаттың баласы Әбілмәмбетті жаңа хан етіп сайлайды. Аттан түсірілген Әбілхайыр өзін қорланғандай, жәбірленгендей сезінді және атаққұмарлығы басым адам болғандықтан, жауап қадамын жасады. Ол жаңа ханның пайдасына бас қолбасшылық лауазымынан бас тартты да, өзінің жасағымен Кіші жүзге қайтып оралды» делінген. Осыдан соң Үш жүздің біріктірілген әскерлерінің берекесі кетіп, ыдырай бастаған. Біртұтас қазақтың әскері ыдыраған соң, әр жүздің адамдары жаудан өздерінше қорғануға тура келді. Әбілхайыр хан бастаған Кіші жүздің қазақтары да жоңғарлардан қорғанудан әбден қалжыраған соң Ресей патшалығына қарауға мәжбүр болады. Бұл 1731 жылдың көктемі еді.
Тарих сахнасына Абылай хан келгенде Қазақ хандығы басқа арнаға түскені байқалады. Ол Тәуке ханның жолымен Үш жүздің қазақтарын бір тудың астына біріктіріп, мемлекетті нығайтуды көздеді. Солай етті де. Жиырма жасында хан сайланған Абылай жарты ғасырға жуық хандықты абыроймен басқарды. Үш жүздің адамдары бір мақсат, бір мүддеде тіршілік кешуге мүмкіндік туғызды. Ол білімді саясаткер, дарынды қолбасшы ретінде таныла білді. Ресеймен, Қытаймен, тіпті, ата жауы – жоңғарлармен де бейбіт келісім жасауға қол жеткізген алғашқы хандардың бірі атанды. Бейбіт келісім шарттарын бұзып, соғыс ашқан жоңғарларды бас көтермейтіндей қырып салғаны туралы деректер жетерлік. Ақырында Абылайдың тұсында жоңғарлар мен қазақтардың арасындағы 300 жылға созылған соғыста қазақтардың түпкілікті жеңісімен аяқталды. Одан кейінгі Қытаймен болған соғысты Абылай хан қалайда тоқтатып, келіспеушілікті бейбіт жолмен шешуге күш салуының нәтижесінде арада бейбіт өмір қалыптасты. Қырғыздармен болған соғыста да қазақтың ежелгі жерін өзіне қайтарып, мемлекеттің шекарасын кеңейтті. 1771 жылы Еділ қалмақтарын талқандап, тірі қалғандарын қазақ жерінен ары асырып, қуып шықты. Қысқа қайырып айтар болсақ, Абылай хан билік еткен кезеңде мемлекет шекарасы одан әрі кеңейіп, атағы алысқа кетті.
Абылай хан дүниеден өткеннен кейін, яғни, 40 жылдан соң немесе 1822-1824 жылдары орыс императоры І Александрдың арнайы жарлығымен Орта және Кіші жүздердегі хан билігі жойылғаны тарихтан белгілі. Оның орнына губерниялық, округтік, болыстық, сұлтандық басқару жүйелері енгізілді. Әр округке 15-20 болыс кірді, болыстар 10-12 әкімшілік ауылдардан тұрды. Әрбір ауылда 50-70 киіз үйден есептелді. Округтерді аға сұлтандар, болыстарды басқаруға болыс сұлтандары, әкімшілік ауылдарға ауыл старшындары тағайындалды. Бұл орыс патшасының қазақтарды «бөліп ал да билей бер» деген пиғылының алғы шарттары еді.
Орыс императорының қазақ даласына өз үстемдігін осылайша жүргізе бастаған шақта тарих сахнасына Кенесары Қасымұлы шықты. Ол Қазақ мемлекеттігін айтарлықтай дамытқан Абылай ханның немересі. Оның тұсында қазақтың көп ауылдарына, әсіресе, Кіші жүз бен Орта жүздің, ішінара Ұлы жүздің ауылдарына Ресей патшалығы өзінің үстемдігін жүргізіп, бодандықтың қамытын кигізген кезең еді. Қазақтың шұрайлы жерлерін тартып алып, қоныс тепкен орыс ұлтының кейбір басбұзарлары төңірегіндегі қазақтардың мазасын алып біткен. Олардың осындай озбырлық қылықтарын жастайынан көріп өскен Кенесары 1841 жылы Үш жүздің өкілдері бас қосқан жиында хан тағына сайланғаннан кейін, біртұтатас қазақ мемлекетін құру үшін атқа мінді. Төңірегіне өзін қолдайтын Орта жүз, Кіші жүздің беделді адамдарын топтастырып, 20 мыңға дейін әскер құрды. Оның негізгі мақсаты атасы Абылайдың хандығын қалпына келтіріп, орыс бодандығынан құтылу еді. Ол Ақмола, Торғайды алды, қоқандықтардың қол астына бағынып келген Жаңақорған, Ақмешіт, Созақ қамалдарын қоршауға алып, соғыс жүргізді.
Кенесары ханның қазақтың үш жүзі руларының едәуір бөлігінің басын біріктіріп, орыстармен және жоңғарлармен күрес жүргізіп, күш алып келе жатқанынан Ресей патшалығы қатты секем ала бастады. Патша үкіметі де қарап жатпай, көп жерлерге тосқауыл ретінде қарулы әскерлерін жасақтап, Кенесары қолына бірнеше мәрте соққы берді. Кене хан өз әскерімен қырғыз жеріне шекаралас Ұлы жүздің аумағына шегінуге мәжбүр болды. Ондағы мақсаты, қырғыз халқын орыс отаршылдығына қарсы ортақ күреске көтеру болды, алайда, қырғыздар тарапынан қолдау таппай, күшті тойтарысқа кез болды. Нәтижесінде Кенесары хан қырғыздармен соғыс барысында қайтыс болды.
Тарихта Қазақ хандығы тұсында 40-тан астам адам хандық билік жүргізгені айтылады. Оқырмандарымыз байқап отырғандай, біз олардың барлығы емес, Қазақ хандығын дамыту бағытында өзіндік із қалдырған, хандық билік жүргізген тарихи тұлғаларды сөз еттік.
Ия, Қазақ мемлекеттігін сақтау, ел тәуелсіздігі жолындағы қайсарлықтың, өжеттіктің, батырлықтың нағыз үлгісін көрсеткен тарихи тұлғаларымыздың, хан-билеріміздің, батыр бабаларымыздың рухына тағзым етеміз. Олардың қиын-қыстау кезеңдерді, мазасыз уақыттарды бастарынан өткізе жүріп, Қазақ хандығының басқару жүйесін жетілдіру арқылы сол тұста өмір сүрген ұрпақтардың, қазіргі тілмен айтқанда, патриоттық (ұлттық) сезімін жоғары деңгейде ұстата білуінің нәтижесінде бүгінгі Қазақ мемлекеті қалыптасты десек, артық айтқандық болмас.
Бектұрған ЖАМБАБАЕВ, ардагер журналист-зерттеуші.