Қазақ Хандығы: құрылуы, негізін салушылар
Кәсіби тарихшы-ғалым ретінде мені Қазақ хандығы мәселесі және оның құрылу кезеңі әрдайым қызықтыратын. «Қазақ» және «казак» этнонимінің пайда болу құпияларының да орны бөлек.
Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау туралы айтылуы ғылыми ізденіске үлкен серпін берді. Қалың жұртшылық бұл тарихи оқиғаны қызығушылықпен талқылауда.
Маған мұнан бұрын да Қазақ хандығының құрылуына қатысты мәселе жөнінде жазуға тура келген еді. Мүмкіншілікті пайдалана отырып, аталған тақырыпқа қатысты өз көзқарасымды ұсынбақшымын.
Елдіктің бастау көзі
Қазақстанның ортағасырлар тарихында ХV ғасырдың орны ерекше. Біріншіден, көп ғасырлық этникалық үдерістер нәтижесінде қазақ халқы жеке хандық құрды. Екіншіден, құрылған хандықтың алғашқы кезеңінде ауыр жағдайларға қарсы тұра, халық өсімінің негіздері қаланды, тұрғылықты аумақты кеңейте, шаруашылық-мәдени өмірді нығайта алды.
Қазақ хандығының құрылу тарихы XIX ғасырда Шоқан Уәлиханов зерттеулерінде былайша беріледі: «..ауызша аңыз әңгіме бойынша қырғыздар (қазақтар) Барақтың ұлы Жәнібекті өздерінің ханы санайды. Қалай болғанда да, аңыз бойынша Жәнібек Жошы ұрпағынан шыққан қазақтардың бірінші ханы болған… орданың екі жақыны, ноғайлар мен қазақтардың тұрмыстары бірге болған. Жәнібектің билік құрған кезеңі қырғыздың (қазақтың) поэмасында «Алтын ғасыр» ретінде жырланады. Далалықтар арасындағы Жиренше шешеннің (дана), әз-Жәнібектің және ноғай философы Асан қайғының адамгершілік жөніндегі жыр-аңыздарының басым бөлігі қазіргі кезеңге дейін қолданыста». Бұл жерде Ш. Уәлихановтың кейінгі тарихи кезеңдегі бір-бірінен ажыраған туыс халықтар, қазақ және ноғайды бірге айтуы да бекер емес-ті.
Хандықтың атауының өзі, тарихи аренаға шыққан ұлттық және бұрын-соңды белгісіздеу жаңа мемлекеттің пайда болуы туралы айғақтады. XV ғасырдың ортасында Орталық Азияның кең даласында өздерін «Қазақ» деп атаған қауымдастық тарихи аренада пайда болып, Қазақ хандығы құрылуымен Қазақстанның (түрік те және Алтын орда дәуірі де емес) жеке тарихы басталады. Қазақ хандығының құрылуы Алтын Орда, Ақ Орда және Моғолстан сияқты мемлекеттердің даму тарихы мен өмір сүруінің жалғасы болды. Бірақ Орталық Азияның саяси картасында мықты Қазақ хандығының пайда болуының өзі Шыңғыс ұрпағы – Әбілқайыр хан және оның жақын туысқандары Жәнібек (басқа нұсқа бойынша – Абулсағит) пен Керей сұлтандардың есімдерімен тікелей байланысты болды.
XV ғасырдың бірінші жартысында Әбілқайыр хандығы (Ақ Орда, Өзбек ұлысы) иелігіндегі Дешті-Қыпшақ даласы, қазіргі Орталық Қазақстан (Ұлытау), Батыс Қазақстанның бір бөлігі Орталық Азияның мықты мемлекеттік бірлестіктерінің бірі болды. Билік құмарлығымен белгілі болған Әбілқайыр ханның өзінің маңайындағы сұлтандарға қаталдығы, олардың қарсылығын туғызады.
Осындай шиеленіс әсіресе Орда Ежен, Шейбани және Тоқа-Темір ұрпақтары арасында тереңдей түсті. Сол кездің жылнамашысы жазып кеткендей, Әбілқайыр билік үшін күрес жолындағы бәсекелестеріне қысым жасап, Орда-Ежен ұрпақтарын мазалап отырған. XV ғасырдың 60-жылдарына дейін Орда-Еженнің бірбеткей әрі өркөкірек ұрпақтары – Жәнібек пен Керей, қолдаушыларының жеткіліксіздігінен әрі билеушілеріне тәуелді болғандықтан Әбілқайырға тегеурінді қарсылық көрсете алған жоқ. Әбілқайыр тарапынан қауіп-қатерлерді сезінген сайын бұл сұлтандар одан бойларын аулақ ұстауға тырысты. Көрегендігі таяздау, Әбілқайырдың жүргізген саясаты салдарынан үзіліссіз соғыстар болып тұрды. Шаруашылықтың тұрақсыздығы, билеушілердің өзара қырқысы мен қарамағындағыларды қорқыныш пен қысымда ұстауы, қалың бұқараны қиыншылық пен материалдық игіліктерден айыруы, шексіз қатал іс-әрекеттер, өлкенің экономикалық жағдайын күйзеліске ұшыратты. Онымен қоса Әбілқайыр кезінде көршілерімен соғыс жиі болып тұратын.
Әбілқайыр хандығының ішкі жағдайының осы кезеңдегі тұрақсыздығын жас сұлтандар дер кезінде пайдалана білді. Олар 50-жылдың ортасында Қазақстанның батыс бөлігінде хан билігіне қарсы топтардың өзіндік одағын құра алды. Өжет, тәкаппар сұлтандар өте сақтықпен өздерінің қолдарына бірқатар ірі қалалар, сауда орталықтары және су көздері мен жайылымдық жерлерді берік ұстай білді. Бұл кезеңде олар өздерінің қарамағындағы рулармен Орталық және Батыс Қазақстанның кең далаларында көшіп-қонып жүрді. Кейде олардың қонысына, сансыз қырқыстарға және хан саясатына наразылық білдіргендер де, яғни Әбілқайырдың жақтастарының бір бөлігінің қосылып отырған кездері де аз болмады.
Мұхаммед Шейбани
(1451-1510 жж.)
Әбілқайыр хан бұған жауап ретінде Керей мен Жәнібек сұлтандардың бөлектенуіне қарсы күрес бастайды және өзінің әскери күшін олардың бақылауындағы өңірге жылжытады. Әбілқайырмен тікелей айқасудан бойларын аулақ салған сұлтандар Жетісудың оңтүстігіне қоныс аударады. Осы кезеңдегі болған оқиға туралы ортағасыр авторы Махмұд бен Уали былайша хабарлайды: «Әбілқайыр өзінің жауларынан Дешті-Қыпшақ даласында үстем түскенде, Жошы ханның кейбір ұрпағы, мысалы Керай-хан (мәтінде осылай – авт.) және Жаныбек-хан…бағыну мен бой ұсынудан бас тартып, отанын тастап кетуді ұйғарды. Мұраға қалған жерден (ата-бабаларынан) бас тартып, бөтен елге апаратын жолға бағыт алды. Олар «өздерін мойындаған лайықты» адамдар тобымен Моғолстан бағытындағы жолды таңдады». «Лайықтылар» құрамы мен сұлтандарға ергендер қатарында Асан қайғы, Қодан тайшы, Жиренше шешен және басқа да белгілі қайраткерлер болуы әбден мүмкін.
Белгілі тарихшы Тұрсын Сұлтанов Әбілқайыр мен жас сұлтандар Керей мен Жәнібектің бөлінуі жөніндегі өзіндік көзқарасын білдіреді. Өзара қырқысу және билік үшін күрес кезінде Әбілқайырдың баласы – Шах-Бұдақ сұлтан қайтыс болады. Оның артында ұлдары – Мұхаммед және Махмұд сұлтандар қалады. (Кейінірек Әбілқайырдың бұл немерелері өзбек-қазақ қатынастарында маңызды рөл атқарады – авт.). Т. Сұлтановтың пайымдауынша, «Шах-Бұдақ сұлтан, әкесі – Әбілқайырдың тағына таласушылармен болған үш шайқастың бірінде, оны қорғау үстінде қайтыс болуы мүмкін… Әбілқайыр үлкен ұлының өлімі үшін кек қайтарған болу керек, Жошы тұқымынан шыққан бірқатар ханзадаларды қырып салғандығын» алға тартады. Сонымен қатар Т.Сұлтанов «Бахр ал-асрар…»-ға сілтеме жасайды. Одан әрі зерттеушінің жорамалдауынша, Шайбанилердің саяси қарсыластарының ішінде бақытына қарай, тірі қалғандар –Ұрұс (Орын)-хан ұрпағы, Керей және Жәнібек сұлтандар. Кейбір деректер бойынша Шах-Бұдақтың өліміне Керей сұлтанның қатысы бар. Біздің ойымызша, сол кезеңдегі дәстүр бойынша «қанға-қан», «кек алу» дәстүрі болғанын ескерсек, жоғарыдағы болжамның негізі бар. Жәнібек сұлтанның қастандыққа, оның ішінде Шах-Бұдақ сұлтан өліміне жанама немесе тікелей қатысы болғаны-болмағанына қарамастан, олардың тағдыры шешіліп қойылған еді. Демек, оларға одан әрі Әбілқайырдың маңайында қалудың мәні қалмаған.
Қазақ ауыз әдебиетіндегі аңыз-әңгімелер бойынша, Шәкәрім Құдайбердіұлының хабарламасында, сұлтандардың көшіп кетуіне тікелей себеп болған Қара Қыпшақ Қобыланды мен арғын руынан шыққан танымал Ақжол бидің өлтірілуі. Бұл жағдай, шындығында орын алған болу керек. Еңіреген әке – Қодантайшының ұлын жоқтауы бүгінгі күнге дейін келіп жетті. Баласының өлімін көрген әкесі – Қодантайшының ұлының сүйегін айналып жүріп жылағанда айтқан жыры:
Қара Қыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным!
Сексен асып, таянғанда тоқсанға,
Тұра алмастай үзілді ме жұлыным!
Адасқанын жолға салдық бұл ноғайлы ұлының!
Аққан бұлақ, жанған шырақ жалғыз күнде құрыдың,
Қара Қыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным!
Аңызда айтылғандай, жапа шеккендер жағының көсемдері Қобыландының зұлымдығы үшін оны жазалауды талап етеді. Әбілқайыр хан болса, беделді қыпшақ бектері арасындағы тірегін жоғалтқысы келмеді және оның әділетті шешімнің айтыс-тартысынан жалтаруы, басқа топтың ызасын келтірді. Ақжолдың (Дайырқожа) Қобыланды қолынан өлгені туралы нұсқасын қолдай отырып, автор Әбілқайыр Ақжол бидің өлімі үшін үш жауынгердің төлемі көлемінде құн төлеуді ұсынғанын хабарлайды, яғни бидің құны үш адамның өмірімен теңестірілген. Жәбірленуші жағы бұл шешімге наразы болған.
Есте қалатыны және таңғаларлығы сол, Шәкәрімнің берген мәліметі бойынша Жәнібек сұлтан Ақжол биді қорғаушы және арадағы елдестіру рөлін атқарады. Бірақ Жәнібек сұлтанның төрелігі, оның Әбілқайырмен тікелей байланысын білдірмесе керек. Жәнібек пен Керей сұлтандар Әбілқайырмен келіссөзді арнаулы шабармандар арқылы жүргізе алатын. Үшінші адам арқылы мұндай келіссөз жүргізу тәжірибесі далалық дәстүрде кең тараған еді. Шәкәрімнің келіссөздегі Жәнібек сұлтанның қатысы жөніндегі ақпараты көп нәрседен хабар береді. Біріншіден, Жәнібек пен Керей сұлтандар саяси үдерістердің бақылаушылары ғана емес, белсенді қатысушылары болған. Екіншіден, олардың өздеріне тірек болатын қолдаушылары болды. Тайпалардың танымал басшысы Қодантайшы сұлтандарды қолдағандықтан, олармен бірге Шуға, Моғолстанға қарай көшкен болу керек. Сол кезеңнің деректері (аңыз, өлең-толғау, ауызша әңгімелер) Керей және Жәнібек сұлтандар Жайық (Орал), Арал және Еділ (Волга) жағалауынан, яғни Ноғай Ордасы жағынан Жетісуға көш түзегені туралы айтады. Бұл көш 1450-1460 жылдары болғанын біршама ғалымдар (Мұхаммед Хайдар Дулати) айтып кеткен.
Айрықша мән берілетін тұсы, оқиғалардың Ұлытау тауы бөктерінде болуы. Халық игілігі, бүкіл қазақтың аңызға айналған ата-бабалары – Жошы хан мен Алаша хан мавзолейі сонда орналасуы. Шалкиіз, Асан қайғының жырлары Қазақ хандығының құрылуы мен нығаюының куәсі және солай болып қалады. Бірақ қазақтың ежелгі және ортағасырлық деректеріне көңіл бөлінбеу және кеңес кезеңіндегі идеологиялық кедергілер салдарынан ескерілмеді және айтылмады, күшпен алынып тасталды, қазақтың ауызша тарихи деректерін білмегендіктен зерттеушілерге белгісіз күйінде қалды. Айта кету керек, қазіргі кезеңде де зерттеу жұмыстарында ауыз әдебиеті деректерін пайдалану өзекті болып тұр.
Асан қайғы жырларында айтылғандай, Керей мен Жәнібектің қоныс аударуы Әбілқайыр ұлысының ыдырауын жеделдеткен толассыз текетірес, өзара қырқыс салдарынан болды. Оның үстіне алыс өлкедегі «жаңа қазақтарға» қоныс аудару да оңайға соқпады. Қонысынан, туғандарынан айырылу адамдар бойында ашу мен ызаны туғызды, мұндай реніштер Асан қайғының өлеңдерінде «Жәнібек ханға Асан қайғы айтты» жырында нақтылап көрсетіледі.
Бұл арнауда кезінде батыс өңірінен оңтүстікке қоныс аударған Жәнібек сұлтанды жазғыру сезіледі. Ақылгөй ақын, Жәнібек саясатын сынға алушылардың бірі болды. Асан қайғының сұлтанға арнауы мемлекеттік басқарудың кемшілігін көрсете, көсемнің уайым-қайғысыз және мамыражай әрекеттеріне соққы береді. Жазушы-ғалым Мұхтар Мағауин Асан қайғының құлдыраған Алтын Ордадағы жер иеліктері үлесі үшін болған өзара қырқысуды ғана уайымдаумен қоса, ол хандықтың әлсіреуінің, өзара талас-тартыстың қауіптілігі жөнінде ескерткенін және көрші мемлекеттің өсіп келе жатқан даму ауқымына мән бергенін пайымдайды. Ірі мырзалар арасындағы алауыздықты, сол сияқты Әбілқайырдың кертартпалығын асау мінезді сұлтандар дер кезінде пайдалана алды. Дау-жанжалды қарама-қарсы топтардың арасындағы болған жағдайлар белгілі жазушы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» эпопеясында көркем суреттелген.