Қазақ халқының тарихындағы суық қарудың рөлі
Арман Жұмаділ
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Тарих, археология және этнология факультеті деканы
Тәуке хан заманында қазақтардың әскери ісі, әскери құрылымы көшпелілердің дәстүрлі соғыс өнерінен туындағанын еске алуымыз қажет. Қазақ халқы сақ, ғұн, түркі тайпаларының тікелей мұрагері ретінде олардың қару-жаракпен байланысты салт-дәстүрлерін де сақтап қалған. Қару-жарақ материалдық мәдениеттің көрінісі ретінде қазақтардың өзіндік дәстүрі, дүниетанымы, тұрмысы туралы және басқа да күнделікті өмірдің этнографиялық детальдарынан көрініс береді.
Ежелгі тайпалар дәстүрінің Тәуке хан тұсында қазақ халқының салт-дәстүрлерінде айнымай сақталуы олардың этникалық сабақтастығын көрсетеді.
Тәуке хан тұсындағы қазақтардың әскери ісіне байланысты баптар «Жеті жарғыда» да көрініс тапты. Мысалы, Жарғы бойынша тек қару асынған адам қоғамның толық құқығы бар мүшесі бола алады. А. Левшин жарғыдағы бұл бапты былай келтіреді: «Бірде-бір қазақ халык жиналысына қарусыз келуші болмаған. Қарусыз келген адам дауыс беру құқығынан айрылған және ондайларға жастар орын бермейтін.
Қару ұстауға жараған әрбір адам (сұлтандардан басқа) жыл сайын өз дүние-мүлкінің 20 дан бір бөлігін ханға және ел басшыларына алым ретінде төлейтін». Сақ, ғұн, түркі заманында қару тек ұрыс құралы емес, сонымен қатар қоғамдағы әлеуметтік жіктің, адамның дәрежесін анықтайтын символы болса, қазақ қоғамында да қару билік символы ретінде өз мәнін жойған жоқ. Қазақ хандары сайланғанда, оларды ак киізге көтергеннен кейін ханның беліне алтын балдақты қылыш байланатын. Оның мәні мынада, оқшантай, шақпақ, тағылған кісе белдік ерте замандарда да жауынгерліктің белгісі болған. Оның безендірілуі жауынгердің қоғамдағы дәрежесіне сай болған: атақ-даңқы жоғарылаған сайын белбеудің де бағасы арта түскен. Ал белді кісе-белдікпен буу бұл адамның қызмет етуге, белгілі бір әрекетке дайын тұруының белгісі. Қазақта «Тәуекелге бел буу», «белін буып кірісті» деген тұрақты сөз тіркесі осыны көрсетсе керек.
Халқымыздың басынан жаугершілік көп өткендіктен қазақтар қаруды өте қатты қастерлеген. Ол жайында халық ауыз әдебиетінен көп мәлімет табуға болады. Жырларда қару-жарақтар тек өзінің жеке атауымен ғана емес, қару элементтерінің атымен немесе қарудын түр-сипатына, түсіне, жасалу әдісіне қарай аталады.
Мысалы, жырларда найзаға байланысты мынандай атаулар кездеседі: толғамалы ақ найза, емен сапты найза, алты құлаш ақ найза, егеулі найза, жалаулы найза, күмбезді найза, карағай найза, жебелі найза, қималы найза, қоңыраулы найза, шашақты найза, сырлы найза т.б. Немесе семсер мен кылышқа байланысты атаулар: ақ семсер, алты құлашты ақ семсер, көк семсер, алмас қылыш, жалаң қылыш, болат қылыш, алтын балдақ ақ қылыш, алдаспан, наркескен т.б. Садаққа байланысты: бұлғары садақ, бұқаржай, көн садақ, карағай садақ, т.б.; мылтыққа байланысты: алты қырлы ақ мылтық, ақ сырық мылтық, берен мылтық, білтелі мылтық, күмісті мылтык, орама мылтык, мысык құлақ мылтык, он екі құрсау жез айыр мылтық, сыр мылтық т.б. Қайран бабаларымыз болашақ ұрпақ соларды біліп жүрсін деп әдейі осылай жырға қосып кеткендей.
Сонымен қатар, қару – батырдың жанды серігі іспеттес. Жырларда батырлардың өз қаруымен серт жасасатын жерлері көптеп кездеседі. Мысалы,
Алты атқа алған адырна
Ата алмасам маған серт!…
Шым жібектен ескен кірісі
Үзіліп кетсе саған серт!
Қазақ ертегілерінде де батырдың жаны оның қаруында деп суреттелуінен-ақ қарудың қаншалықты қастерлі болғанын көреміз. Сондықтан да, қазақтар қаруды ешқашан да қадірсіз іске жұмсамаған. Бұл батырлар кодексіне қайшы. Мысалы, түркмеңдерде дәстүрлі этикет бойынша жақсы қылышты қыннан суырып, оны қолданбай қайта орнына салу қаруды қорлау, жауынгер дәрежесіне сай келмейтін қылық деп бағаланды.
Қазақ даласының өмірі туралы біршама мағлұмат беретін Джон Кэстльдің салып кеткен суреттері бойынша қару-жарақ киіз үйдің Қағбаға қарайтын, ерлердің он жағында керегеде ілулі тұруы керек. Оған иесінің рұқсатын алмай ешкімнің де қол тигізуге қақысы жоқ.