Жаңалықтар

Қазақ елі Алтын Орда мұрагері ме?

Алтын Орданың құрылғанына 750 жыл
Қазақ елі Алтын Орда мұрагері ме?
29.04.2020 14:20 11513

Өткен жылдың тамыз айының 24 жұлдызында Мемлекет басшысы Қacым-Жoмapт Тoқaев «Ұлытау-2019» форумы аясында Алтын Орданың 750 жылдығына орай көптеген жұмыстардың жасалу қажеттігін баса айтып өткен болатын. Сол сияқты Президент Алтын Орда хандығының алғашқы ханы Жошының есімін ұлықтауды да міндетті шаруалардың қатарына қосты. Ол Жошы кесенесі біздің жерімізде орналасқандығынан көпшіліктің хабары жоқ екенін айта келе:

– Туризмді дамытуға ерекше мән беруіміз керек. Оның ішінде экологиялық және де этнотуризмге экономиканың ерекше бағыты ретінде қарауға тиіспіз. Осы орайда Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойын туристердің назарын еліміздің тарихы мен мәдениетіне, өлкеміздің бай табиғатына аудару жағынан тойлау қажет, – деген еді.

Алтын Орда тарих беттерінде «қыпшақ ұлысы» деген атау алған. Оған себеп, бұл мемлекеттің аумағын мекен еткен жұртшылықтың көбі қыпшақтардың болуы. Жалпы алғанда, ол мемлекет Алтын Орда құрылмас бұрын қыпшақ атанып келген екен.

Алтын Орда қалай құрылды?

Алтын Орда алдымен моңғол, сосын келе түркіленген. Ол 1240 жылы Русь князьдіктері жауланған соң, Моңғол империясының күнбатысында құрылған хандық болып табылады. Оның жері бүгінгі Ресейдің, Украинаның, Молдованың, Қазақстан мен Кавказдың аумағына кіреді. Бұл хандық шарықтау кезеңінде Еуропаның шығысында созылып жатқан Орал тауларынан бастап, Днепр өзенінің оңтүстігіндегі жерлерді қоса, Сібірге терең еніп жатқан болатын. Алтын Орданың оңтүстігін Қара теңіз шайып, Кавказдың таулы қыраттары шектеп, моңғолдардың Хулагу мемлекетінің құрамындағы Персияға барып тірелген еді. Кейбір тарихи деректерде Алтын Орда атауының шығуына төрт шартараптың белгіленген түсі себепші дейді. Мәселен, солтүстікке – қара, шығысқа – көк, оңтүстікке – қызыл, ал батысқа – ақ түс тиесілі болған, алтын түстес, сары – орталықтікі дейді. Тағы бір жорамалдарға сенсек, орыс тіліндегі «Золотая Орда», хан Батудың Еділ өзенінің жағасынан өз ордасын белгілеу мақсатында алтын түсті үйлерді тігуі себеп болуы мүмкін екен. Моңғол тілінен алсақ, Алтын Орда расында да, «алтын астана», «хан сарайы» деген мағынаны ұғындырады. Сол сияқты моңғолдың билейтін руы да өздеріне «алтын әулет» деген атақ таққан. Хандық атауына да оның әсері болуы ықтимал. Бұл хандықты Алтын Орда деп атайтыны туралы алғашқы құжаттардың бізге жеткен уақыты ХVІІ ғасырмен тұспалданады. Ал одан бұрыңғы деректерде ол мемлекетті «Жошының ұлысы» дейді. Кейбір зерттеушілер Жошы ұлысынан гөрі, «Қыпшақ хандығы» деген атауды қолданған дұрыс деген пікірде. Оған себеп – Алтын Орда атымен бірге сол хандықтың көп аталуы. Деректер бойынша өлерінің алдында аты әлемге белгілі болған билеуші Шыңғысxaн балаларына өз иелігіндегі аумақтарды теңдей бөліп берген. Жошының үлкен ұлдары Бату мен Орда-Ежен өз еншілеріне моңғолдардың қол астындағы жерлердің ең батысында жатқан оңтүстік Ресей мен қазіргі Қазақстанның кейбір аймақтарын алады. Осыдан бастап, Алтын Орданы Бату билесе, Ақ Орда Орда-Еженге бағына бастайды. 

history-702355_1920.jpg

Жошы 1227 жылы дүниеден өтеді. Билікке келген Бату өзіне мұралыққа қалған аумақты менсінбей, қалың қолмен алдымен башқұрттарды, сосын Оралдан өтіп, Еділ өзенінің алқабын мекендеген бұлғарларды бағындарды. Ол шамамен 1236 жыл еді. Ал келер жылы Бату іштей бүлініп, бір-бірімен жауласып отырған Мәскеу, Владимир, Рязань секілді князьдықтарды кезек-кезек талқандап, жаулап алған еді. Осыдан тоқтамаған моңғол әскері алға қарай адымдай беріп, Киевті алып, Польшаны, Мажарстанды, Чехияны, Молдованы басып, Еділдің сағасына кері қайтады. 1242 жылға дейін үздіксіз жасаған жорықтарының арқасында Бату хан Алтын Орданың аумағын кеңейте түсті. Ендігі Ертіс өзенінен бастап, Дунайға дейінгі орасан жерді өз иелігінде ұстады. Келер жылы Еділ бойынан Сарай қаласын тұрғызды. Сән-салтанаты жарасқан, алтын-күміспен әшекейленген шаһар дүние жүзінен келетін саудагерлердің басын қосқан аты дардай қалаға айналып шыға келді. Жалпы, Бату хан, шығыс Еуропаның қаншама жерін алып, өзіне бағындырғанымен көп уақытын қазақ жеріндегі жайлауларда өткізіп жүрді. Алтын Орда мемлекетінің астанасы алдымен қазіргі Астраханьның орнында болған Сарай-Бату болса, кейін келе сол шаһардан жоғарырақ тұрған Сарай-Беркеге көшірілген еді. Бату тоқтаусыз жорықтарының арқасында өз жерін кеңейтіп алған соң, Арал теңізінің шығыс-солтүстігіндегі аумақты ағасы Орда-Еженнің қарамағына берді. Ілгеріде айтып кеткеніміздей, Орда Ежен сол жерлерде Ақ Орда деген хандыққа билік жүргізді. Бату Apал теңізінің солтүстігіндегі аумақты інісі Шaйбaнға табыстады, ол Көк Opда деп аталды. Оның құрамына қocшы, нaймaн, бұйpaт, қapлық секілді төpт тайпа кірді. Десе де, көп ұлыстардан құралған Алтын Орданың бірлік-берекесі мәз емес-тін. Оның құрамында негізінен көшпенді мал шаруашылығымен шұғылданатын халықтармен қатар, отырықшы, егіншілікпен айналысатын тайпалар да бар еді. Төрт түлікті негізгі күн көрісі еткен халықтардың ішінде қыпшaқ, қaңлы, apғын, нaймaн, қoңыpaт, кepeй, yaқтар, яғни түpкi тiлдес тайпалар болса, егіншілікпен өмір сүргендер Еділ бұлғарлары, ежелгі хазарлар, аландар, қала қыпшақтары, xopeзмдiктep мен оpыcтap, apмяндap, гpeктepден құpaлды. Хандықтың халқы этникалық жағынан әртүрлі келгенімен, негізгі әскери күш қыпшақтар болды. Оған дейін түркі тілдес тайпалар жекеленіп, Шыңғыс ханға қарсылық көрсеткенімен, адуынды моңғолдар олардың мысын талай рет басқан болатын. Көтерілістерінен еш нәтиже шығара алмаған тайпалар, ақыры моңғолдарға бағынып, олардың жорықтарына белсене қатынаса бастады. Ол уақытта ілгеріде айтылған түркі тілдес тайпалардың барлығына ортақ «қыпшақ» атауы берілген-тін. Сол дәуірде ғұмыр кешкен атақты араб тарихшысы әл-Омари өзінің моңғолдар туралы жазбасында былай дейді: «Бұрынырақ бұл мемлекет қыпшақтардың елі болды. Олар моңғолдардың билігіне өтіп, солардың құрамына кіруге тура келді. Десе де, татарлар (моңғолдар) бұлармен жақсы қарым-қатынас орнатып, бауырласқан еді. Жер олардың табиғи және нәciлдiк cипaтына өзгертyлep енгізді. Барлығы да бір атадан тарағандай қыпшақ болып шыға келді. Қыз алысып, қыз берісіп, моңғол-қыпшақтар туыстасып кетті. Oлар қыпшақтардың жерінде солай тұрақтап қалды».

Моңғолдар қалайша түркіленіп кетті?

Алтын Орда өзінің құрамына қосылған түркі тілдес тайпалардың ел басқарудағы жүйесін бұрыннан келе жатқан жолынан ауыстырған жоқ. Мәселен, жергілікті басқapy opындapының қызметін, ескіше жергілікті фeoдалдар атқарды. Aлтын Opда xaндapы жepгiлiктi xaлықты өз феодалдары арқылы билеп-төстеген еді. Түркі тілдес тайпалардың шонжарлары қалың жұртшылықтың құқығын сақтап, екі арадағы байланысты нығайту үшін хандарға ынта-шынтасымен қызмет етіп жүрді. Түркі халықтарының сондай биліктегі өкілдері мен моңғол әскери феодал-шонжарлары арасында ынтымақтастық нығайып, бірлік күшейіп, бір-біріне қыз берісіп, құдаласып жатты. Тарихи деректерде моңғолдар мен түркі тілдес тайпалар арасындағы қыз алысу дәстүрі бұрынырақ басталғаны туралы айтылады. Мәселен, Шыңғыc xанның анасы Ұлұн Eкe ханым қоңыраттан шыққан, ал ханның бәйбішесі Бөpте де осы рудың қызы. Екінші әйелі Xoт оқтай меркіт қызы, Жoшы ханның бір зайыбы Capтық та қоңырат өкілі, ендігі бір әйелі Бeктyмыш кepeй pyынан шыққан. Шыңғыс хан өз қыздарын ұйғыр ұлтына, қарлықтың билеушісі Арсланға ұзатқан. Жошы болса, Бике атты қызын қаңлы тайпасының ұлысбегі болып отырған Тұғырылдың ұлы Сунаққа беріпті. Мұндай қыз алысу Алтын Орда хандығы өмір сүрген жылдары тіпті күшейе түскен. Моңғолдық шонжарлар түркі тілдес халықтардың қыздарына үйленуі, балаларының тілі түрікше шығуына алып келді. Бұл дегеніңіз, олардың сол жердегі халықпен тезірек жақындасып, араласып кетуіне түрткі болды. Біртіндеп, моңғол билеушілері мен шонжарларының тілі қыпшаққа ауысып кетті. Осылайша, Алтын Орданың ресми тілі ретінде жергілікті халықтың негізгі байланысу құралы – қыпшақ тілі болды. ХІІІ ғасырда Шыңғыс ханға басыбайлы болып келген Жошының ұлысы бөлек тәуелсіз үлкен мемлекетке айналды. Ол ел бір мәліметтерде «қыпшақ ордасы», шығыстың бізге жеткен ақпарларында «кек ордасы», орыс тілді жылнамашыларда «Алтын Орда» деген атау алды. Батудан бастау алған хандықты Мөңке, Туда Мөңке, Төлебуқа, Тоқты, Өзбек пен Жәнібек хандар абыройлы жалғастырған еді. Жошы мен Бату кезінде бұл хандық моңғолдарға белгілі бір дәрежеде бағынышты болғанымен, Беркенің тұсында олар өздерін егеменбіз деп жариялады. Жалпы алғанда, хандық феодалдық негізде құрылған еді. Мұндағы халықтың дамуы әркелкі болып келді. Феодалдық билік егіншілікпен шұғылданатын отырықшы халықтарда үстемдік құрды. Еділ бұлғарлары, Кавказдың солтүстігі, Хорезм мен Қырымды мекен еткендердің күні шонжарларға бағынумен өтті. Кең байтақ даланы мекендеген, мал шаруашылығының арқасында көшіп-қонуға үйренген түркі тілдес халықтар мен түркіленіп кеткен моңғолдарда жартылай патриархалдық және жартылай феодалдық билік орнады. Алтын Ордада мемлекеттік құрылым әскери негізде болған еді. Хан осындағы қарулы күштердің ең бас қолбасшысы ретінде айтылды. Биліктің негізгі ұйымы – әскери феодал-шонжарлар мен бектердің басын қосатын құрылтайлар өтті. Ел басына күн туғанда құрылтайлар жылдам шақырылып, маңызды тарихи шешімдер шығарылып, ел тағдырына арналған арнайы қаулылар қабылданды. Мемлекеттің қарулы күштері оң және сол қол деп қос қанатқа бөлінген еді. Мәселен, Жошы өмірден өткен соң, ұлы Бату оң қанатты толығымен өз билігіне алды да, сол қанаты ағасы Орда Еженнің еншісіне берген болатын. Әр қанат түмендікке, мыңдыққа, жүздікке, ондыққа бөлініп, оларды түменбасы, мыңбасы, жүзбасы мен онбасылар басқарып отырды. Ондай қызметті тек хан ұрпағынан тарағандар мен әскери феодалдар – нояндар атқарған еді. Олардың қол астына алынған жауынгерлерге ғана емес, шыққан ру-тайпаларына да биліктері жүрді. Өте маңызды болып келетін әлеуметтік қызметтер әмір, дарғы бекке берілді. Сонымен қатар, мемлекеттік мекемелердің басында билермен, көмекшілері бақауылдар, тұтқауылдар, жасауылдар, бітікшілерменен тамғашы, тартынақтар болды. Биліктегі адамдар мұнымен біткен жоқ, хандыққа бағынатын шеттегі аймақтарға билік жүргізу үшін өкіл әкімдер – дарғы бектер мен тамғаш, басқақтар бекітілді. Оларға сондағы жұртшылықты басқарып, ханның қазынасын алым-салыммен толтырып отыру міндеттелді.

horse-4596827_1920.jpg

Алғашында билік басында отырғандар өздерінің ескі діни сенімдері шаманизмді ұстанғанымен, жергілікті халықтардың мұсылман болуына байланысты, келе-келе солардың наным-сеніміне оң көзқараспен қарап, ислам мәдениетін қабылдап кетті. Ол әсіресе, Беркенің тұсында белең ала бастады. Оның қарамағындағы ақсүйектер жаппай исламға өтсе, Өзбек ханның (1312-1342) кезінде Алтын Орда мұсылман мемлекеті боп шыға келді. Ол дінді сөз жүзінде қалдырмай, жарлық арқылы бекітті, содан да болар бізде «өзбектен дін қалды» деген тіркес тарап кеткен. Хандықта алдымен жасақ заңы үстемдік етсе, ислам діні енгеннен кейін шариғат ережелері арқылы билік жүргізіле бастады. Мұнда жазуға ескі ұйғыр қаріптері қолданылып, жарлықтар сол тілде қағазға түсті. Кейін келе араб жазуы енді. Десе де, ХVІ ғасырға дейін ұйғырлық жазу қолданыстан түскен жоқ. Мемлекет құрылғанда қаһарлы Бату көптеген хандықтарды, қалаларды ойрандап, шаруашылықтарын талқандап, күнделікті тұрмыс-тірлшіліктеріне өте ауыр залал әкелген еді. Хандыққа кірген ұлт-ұлыстар кейін келе өз шаруашылығын дөңгелетіп, мәдениетін сақтап қала білді. Соның арқасында болар, ауыр жылдар артта қалған соң, мемлекеттің ішкі жағдайы жақсарып, құрамындағы халықтардың жай-күйі көңіл көншітерлік жағдайда болды. Алтын Орда гүлденіп, өз заманында аты көпке тараған бейбіт мемлекетке айналғанымен, ішкі алауыздықтар да ара-тұра көрініс беріп жатты.

Сауда-саттық, әдебиет пен мәдениет

ХІІІ-ХІV ғасырда дербес елге айналған Алтын Орда көрші мемлекеттермен жақын қарым-қатынас орнатып, сауда-саттық күшейді. Хандық Үндістан, Жұнғу, Мысыр, Кіші Азия және Еуропаның батысымен алыс-берісте болды. Алтын Орданың орталығы болған Сарай Азиядан Еуропаға кіретін керуен жолында тұрған ең ірі сауда орталығына айналып шыға келді. Отырықшы халық өзінің ертеден келе жатқан егіншілігімен шұғылданып, кейбір көшпенді өмір салтына үйренген халықтар да сол мәдениетке ауысты. Көшпенді рулардан шыққан ханзада, әскери феодалдар сарайда тұрақтап қалып, ендігі қалаларды қиратып, адамдарға күш қолданушы емес, олардың қорғаушыларына, қала мәдениетін күшейтуші тұлғаларға айналды. Кезінде қиратылып, жойылуға жақын қалған көптеген кенттер еңсесін тіктеп, қайта тіріле бастады. Қалалық мәдениет жанданып, далалық жерлерді мекен еткен көшпенділер болса, отырықшы халықпен, қала-кенттермен байланысып, қарым-қатынас орнатты. Соның арқасында, сауда, қолөнер, ғылым, әдебиет, көркемөнер салалары жанданып, дами бастады. Әсіресе, Алтын Ордаға қарайтын Сарай-Бату, Сарай-Берке, Үргеніш, Хорезм, Сығанақ секілді қалалар сол уақытта аты көпке мәшһүр болған мәдениеттің ордасына айналды. Олардың дамуы әл-Фараби, ибн Сина, Яссауи, Бақырғанидың еңбектері жарияланып, білім мен ғылым кең етек жайып, адамдардың оқуға деген ықыласы аууымен де тікелей байланысты. Алтын Орданың халқының көбі қыпшақ пен оғыздар болғандықтан, олардың тілі, әдебиеті барлық түркі халықтарына түсінікті шағатай тілінде жазылған еді. Ол тіл өз кезегінде сол дәуірдегі көптеген халыққа ұғынықты болатын. Сол дәуірлерде жазба әдебиетіндегі шоқтығы биік туындылар өмірге келді. Мәселен, 1233 жылы алтынордалық ақын Әли «Қиса Жүсіпті» жазды. Ол – ХІІІ ғасырдың бас кезінде дүниеге келген барлық түркі халықтарына ортақ ескі мұра. Оны «кітаби ақындар» тобына кірген, әдебиет зерттеушісі Жүсіпбек Шайхисламұлы қазақша тәржімалаған. Бұл дастанның татар, қырғыз, башқұрттарда да өз нұсқалары бар. 1303 жылы «Қыпшақ тілінің сөздігі» жазылды. 82 парақтан тұратын қолжазбаға діни мәтіндер мен сөздіктер енгізілген. 1311 жылы Рабғузи «Қиссасу-л-Әнби» атты әдеби еңбегін өмірге әкелді. 1341-1342 жылдары қыпшақ тайпасынан шыққан Құтб «Хұсрау Шырын» дастанын жазып шыққан. Мұнда Хұсрау мен Шырынның бір-біріне дегнен ыстық махаббаты айтылады. Ақын-жазушылардың көбі осы шығармаға көзі түсіп, оны әр ғасыр сайын әртүрлі жырлап, сюжеттерін өзгертіп отырған. Оның әрбір нұсқасы халық даналықтарымен толығып, заманына сай жырланған. Десе де, зерттеушілер оны Алтын Орданың әдеби ескерткішінің бірі деп санайды. 

books-2447391_1920.jpg

1357 жылы Махмұт Әли Кердері Сарайда прозалық көркем туындысы «Наһжи ұл-фарадисті» жазды. Екі жылдан кейін Хорезмидың шынайы сезімді суреттеген «Махаббатнамасы» өмірге келді. 1391 жылы қыпшақтан шыққан белгілі ақын Саиф Сарай «Гүлстан бит турки» шығармасын, 1409 жылы Дүрбек ақын «Жүсіп Зылиха» дастанын тудырды. Сол сияқты қазақтың 40-қа жуық батырының өшпестей ерлігі өлеңге арқау болған «Қырық батыр жырындағы» оқиғалар осы Алтын Орда дәуірінен бастау алады. Сюжеттердегі ержүрек ерлер Орда заманында ғұмыр кешіп, көптеген ірі шайқастарына қатынасқан. Тағы бір деректе, «Орақ-Мамай» жырындағы Орқа пен Мамай осы хандықтың белгілі қолбасшылары болған делінеді. Мамай 1361 жылы Алтын Ордада билік жүргізген, ХІV ғасырдың 80-жылдары Куликов даласында орыс князьдарына қарсы болған ірі шайқаста әскерді басқарған. «Едіге батырдағы» Едіге 1352-1419 жылдар аралығында ғұмыр кешкен Ақ Орданың әміршісі болған. Алтын Ордада біркездері билеген Тоқтамысқа қарсы шайқасқан екен. Ал өзімізге белгілі Асан қайғы Алтын Орданың соңғы ханы Орманбеттің қасында болған билердің бірі, негізгі орталықтардағы биліктің басында жүргендерге кеңесші болған атақты жырау. Асан қайғының Алтын Орда тарих бетінен жойылған кезде қазақ ханы Жәнібектің қасында болып, ақыл беріп отырғаны бізге белгілі.

Ілгерідегі шығармалардан Алтын Орда көптеген халықтардың әдебеиеті мен мәдениетінің жандануына түрткі болғанын, серпіліс бергенін, одан әрі гүлденуінің алғышартына айналғанын аңғарамыз. Олар ұлы хандық ыдыраған соң, бөлшектеліп кеткен көптеген ұлттардың мәдени қорына қосылып кетті.

Алтын Орданың ыдырауын не түрткі болды?

Алтын Орда феодалдық хандық болғандықтан, оның құрамына енген ұлыстардың тартқан зардабы ауыр, тағдыры аянышты, көтерген жүгі зор болғанын аңғаруға болады. Жиі-жиі орын алатын жаугершілік, сыртқы соғыстар мен ішкі феодалдық жанжалдар халықтың жанын жегідей жеп, әбден күйзелткені рас. Жергілікті жұртшылық әскер шығарып, оларды атпен, қару-жарақпен қамтамасыз етуге, сол сияқты көптеген алым-салық төлеуге міндеттелді. Бұл мемлекетте егіншілік пен мал шаруашылығына байланысты салықтың екі түрі болды: қалан, қапшуыр. Қаланның ережесі бойынша егінші халық жыл сайын алатын өнімнің оннан бір бөлшегін хан қазынасына құйып отыруы керек болды. Ал қапшуырдың тәртібінше малшылар өздерінің жүз бас малының біреуін беріп отырды. Саудагерлер мен қолөнершілер болса, баж салығын төлеуі керек еді. Отырықшылыққа үйренген егінші халық жергілікті феодалдарға амалсыз жұмыс істеп жүрген. Бірінші уақыттары барлық салық ханның қазынасына құйылса, кейін келе оны жергілікті тархандарға да беруге міндеттелді. Осының кесірінен олар қол астындағы халықты қалағанынша қинап, салық беруге мәжбүрледі. Олар әрдайым халықтан көп жинап, үстіндегісін өз қалталарына басып отырды. Қара халықты ханмен қатар, тархандарды асырауға итермеледі. Бұл оларды одан сайын жүнжітіп, бар тапқан-таянғанын жоғарыдағылардың аузына құйып отырумен шектелмей, өз ішінен шыққан әскерлерге тұлпар мен бес қаруын сайлап беру жүгін де арқалады. Көпір салуға, қорғаныс-бекіністерді тұрғызуға, құдық қазуға да қара бұқараның күші пайдаланылды. Осының бәрі Алтын Орданың ішкі жағдайын шиеліністіріп жіберді. Экономикалық тұрғыдан әлсіздігі, халқының ала-құлалығы, даму деңгейінің төмендігі мемлекеттің одан әрмен нығаюына кері әсерін тигізді. Феодалдық биліктің күшейгені ішкі-сыртқы шиеліністерді одан сайын арттырып, өзара қырқысуға алып келді. 1342-1357 жылдары Алтын Орданы билеген Жәнібек хан қайтыс болғаннан кейін, Шыңғыс ханның ұрпақтары өзара хандық таққа таласып, онсызда ыдырағалы тұрған мемлекеттің берекесін қашырды. Оған қосымша, әбден езгіден шаршаған халық та, «бұрқ» етуге дайын тұр еді. Осындай көптеген жайттардың кесірінен әлсіреген ұлы хандық ХVІ ғасырдың екінші бөлігінде бірнеше аймаққа бөлініп кете барды. Ілгеріде Батудың ағасы Орда Ежен және оның мұрагерлері Алтын Орданың күншығысындағы кең байтақ қазақ жерінде қазақ руларының басын біріктіріп Ақ Орда мемлекетінің құрғанындығын айта кеткен едік. 1380 жылы Куликов даласында Алтын Ордаға қарсы шайқасқан орыс князьдарі жеңіске жетіп, өз тәуелсіздіктерін алған еді. Осылайша, Алтын Ордадан Қырым, Еділ бұлғарлары егемендік алып бөлініп кетті. Ал Хорезм атақты Әмір Темірге тиесілі болып қалды. ХVІ ғасырдың аяқталар тұсында Алтын Орданың ханы Тоқтамыс пен Әмір Темір арасында ірі шайқастар орын алды. 1391-1395 жылдары Әмір Темір Алтын Ордаға екі бірдей жорық жасаған еді. Алғашқы жорықта 200 мың әскермен шабуылдаса, төрт жылдан кейін Сарай-Беркені басып алып, Алтын Ордаға күйрете соққы берді. Мұның да әйгілі хандықтың тарамданып кетуінің бір себебі еді.

«Қазақстан – Орда мұрагері»

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Оразгүл Мұхатова Алтын Орданың тарихын посткеңестік кезеңде Ә.Момынов, М.Әбусейітова, Ж.Төлебаева, А.Кадырбаев, А.Көшкімбаев, Р.Темріғалиев сынды тархишылардың зерттегенін айтады. «Алайда нақты тарихи жазбалар негізінде құралған шынайы деректер әлі жазылған жоқ. Отандық зерттеушілерге қарағанда Татарстанның тарихшылары Алтын Орданың тарихын тереңнен қозғап жүр. ХХ ғасырдың 90 жылдаорында қазандық ғалымдар хандық бойынша көлемді зерттеулерін ұсынған еді», – дейді ол «Алтын Орда тағылымында».

Иә, Алтын Ордадай алып мемлекеттің тарихта алған орны көлемді, ауқымды зерттеулерге зар. Ең бірінші, хандықтың саяси өмірі мен басқару құрылысына назар аударған жөн дейді тарихшы О.Мұхатова. Ол бір орталықтанған мемлекет болған. Ханның билігі де құрылтай арқылы жүргізілгендіктен, қазіргі парламенттік басқару жүйесіне жақындау келеді. Заңның үстемдігі зор, барлығы сол заңның төңірегінде жұмыс жасайды. «Қоғамды басқару «Яссы» арқылы жүзеге асқан. Ол – қазіргі құқықтың мемлекеттің бастауы», – дейді профессор.

Заң үстемдік етсе, кез келген мемлекеттің дамып шыға келетінін мойындауымыз керек. «Алтын Орданың Қарулы Күштері мыңдаған адамдардан тұрып, олар сол және оң қанаттарға өзара бөлінген. Әскербасылар жүз, мыңдаған қолдарға бөлек сайланған. Мемлекеттік басқару жүйесінде әмірлердің, оғландарды, даруғабектердің болған, сол сияқты жеке-жеке көмекшілері бақауылдар, тұтқауылдар мен жасауылдар жұмыс жасаған. Бұдан байқайтынымыз, хандықтың мемлекеттік қызметінің сатылары нақты анықталған, өздерінің белгіленген қызметтері болған. Сол сияқты салық жүйесінің де қалыптасқанын көреміз. Өздеріне тән ақшалары да айналымда жүрген».

Тарихшы «Алтын Орда тағылымы» мақаласында сол бабаларымыз қалыптастырған қала салу дәстүрінің әлі де ізін жалғап келе жатқанымызды айтады. Алтын Ордада сауда, керуен жолдарымен қатар, пошта да дамыған. Елшілік қарым-қатынастар берік қалыптасқан. Ол турасында орыстан шыққан шығыстанушылар өз еңбектерінде жазып кеткен екен. Тарихы тереңде жатқан, дамып, жетілген хандық турасында терең зерттеу жүргізіп, барша әлемге таныстыру керек деген пікірді ұстанады ғалым. Алдымен мектеп пен жоғары оқу орындарының кітаптарына Алтын Орда жайында жаңарған дәйектерді қолданған дұрыс деп санайды.

«Қазақстан Орда мұрегері екендігін айтатын уақыт таяды. Яғни, тарихи сананы жаңғырту аясында Алтын Орда жайындағы көзқарасымызды түбегейлі өзгертететін уақыт жетті. Ия, Алтын Орданың тарихының бүгінгі көптеген мемлекеттерге үлгі болатын тұстары өте көп. Хандықтың жүрген жолын зерттеуде тарих, археология, тарихи география, қосалқы тарихи пәндерді бір арнаға тоғыстыру керек. Нәтижесі жақсы болатынына кәміл сенемін. Сол сияқты Алтын Орданың тарихын ашып көрсететін кинофильмдер жарыққа шықса деген тілегім бар. Ондағы хандардың өмірі, қызметі, сауда, керуен жолдары, ислaм дінін мемлекеттік дін деп жариялаған Өзбек ханның өмірі мен хандық қызметі анық көрініс тапса деймін. Осыдан екі ғасыр бұрын көпке аты мәшһүр Жәңгір ханның ордасында ресми ісқағзадарды шабармандары арқылы тасу кезінде Алтын Орда тұсында болған поштаның бекеттерін қайта жаңғыртқан екен» - дейді О.Махмұтова.

Өз тарихымызды зерттеп, қастерлеп, оны насихаттап үйренгеніміз абзал. Ата-бабамыздың өткен жолын білсек қана, келешекке алаңсыз адымдай аламыз.

(Суреттер pixabay.com сайтынан алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға