Жаңалықтар

Қазақ даласындағы Алтын адамдар

Қазақ даласындағы Алтын адамдар
24.11.2020 18:33 30566

Қазақ жері күллі ғалам секілді тұнып тұрған құпия-сырға толы. Жердің асты мен үстінен өткеннің дерегін іздеген тарихшы ғалымдар мен археологтар жыл сайын қазақ халқының тарихын жаңа деректермен, тың жәдігерлермен толықтыра түсуде. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының аяғында Есік маңынан табылған Алтын адам қорғаны қазақты ғана емес, әлемді елең еткізген еді.

Бабаларымыздың алтын жалатылған сауытпен жерленуі – біздің ежелгі дәстүрден тамыр тартар төл мәдениетіміздің осал еместігінің көрінісі, ақиқатқа қанық айғағы болатын. Тарих есімді қарт шежіреші бізді әлі де таңқалдырып келеді. Қазақтың Атыраудан Алтайға созылған сар даласынан әлемді бір емес, бірнеше мәрте таң қалдырған өткен күннің ғажайып белгілері бірінен соң бірі суыртпақталып шығуда.

Сонымен әңгіменің әлқиссасына оралайық...

Бұл қырық қатпарлы қара жердің әлі қанша тарих құпиясын бүгіп жатқанын кім білсін?! Бұл сірә, адамзат баласы ешуақытта біле алмайтын, жұмбағы көп сыр-құпия болып қала береді. 1969 жылы Есік қорғанынан табылған Алтын адамға қатысты тарихшылар мен зерттеушілер қанша болжам-жорамал айтқанымен, оның құпиясының әлі де ғылыми, тарихи шындық тұрғысында  ашылмағандығы ақиқат.

Есіктен табылған алтын адам – сақ ханзадасы

Қазақ даласындағы Алтын адамдар

Жетісу өңірінің атырабында, Алматының дәл іргесіндегі Есік қаласының солтүстігінде ағып жатқан Есік өзенінің сол жақ жағалауынан  табылған алғашқы Алтын адам туралы баяндап көрелік.  Бұл жерден табылған алтын киімді сақ тайпасының өкілінің мүрдесі – біздің ең құнды тарихи жәдігеріміз болып саналады.

Оны тарих ғылымдарының докторы, археолог Кемел Ақышев бастаған ғалымдар тобы тапты. Кемел Ақышевтың айтуынша, бұл б.з.д. Ү-ІҮ ғ. өмір сүрген сақ тайпасының ханзадасы болуы мүмкін. Жалпы зерттеушілер алтын адамның осыдан екі жарым мың жыл бұрын өмір сүргенін анықтады. Алтын адамның алғаш рет Қазақстан жерінен табылуы шын мәнінде тарих ғылымында айды аспанға шығарған маңызды жаңалық болды. Әлем ғалымдарының назары Қазақстанға ауды.  Тарихшы ғалымдар Есік өзенінің сол жағалауында темір дәуірінің сақталып қалған тарихи сарқыншағы – сақ тайпасының обасы бар екенін білген. Оған жүргізілген қазба жұмыстарының кезінде жасы 17-18 шамасындағы жауынгерлік сипаттағы ханзаданың мүрдесі табылады. Оны зертетушілердің ханзада деуінің де жөні бар болатын, жауынгер алтын киім киген. Бұл сақ мәдениетінің бірегей үлгісі болатын. Тарихтан білетін және бір дерегіміз, қазақтың ата тегі осы жауынгер сақтардан тарайды. Алтын адамның киімдері ұзын саны төрт мыңға жуық алтын әшекейлермен безендірілген екен. Сондай-ақ, бұл жәй ғана әшекейлер емес еді, оның әрқайсысының өзіндік мағынасы бар болатын. Әшекейлер барыстың, бұланның, таутекенің, арқардың, аттың, түрлі құстардың бейнесінде жасалған. Бұл сақтардың сол уақыттағы аңдар мен құстардың пірлеріне табынуы мен сыйыну дәстүрін аңғартса керек. Сақтар адамдардың өлгеннен кейін де мәңгі өмір сүретіндігіне, сондай-ақ, о дүниеде адамның тірі кезіндегі рулық қауым салттарын, ғұрыптарын ұстанатындығына сенген.

Сондықтан өлген адамның тірі кезіндегі атақ-абыройы мен қауымдастықтағы статусына байланысты жерлеу рәсімдері де түрлі болған. Мәселен, батырлар мен қауымдастықтың беделді адамдарын оның тірі кезінде қолданған мүліктерімен, қару-жарағымен, алтын жалатылған сән-салтанатты киімдерімен жерлеген. Алтын адамның мәйітінің жанынан сондай-ақ, жүзден аса жебе салынған қорамсақ, қыштан жасалған құмыра және темірден жасалған қанжар мен қылыш табылған. Оның киімдерінің алтынмен безендірілуі шын мәнінде ерекше болатын.

Аралтөбеден табылған алтын адам – сақ көсемі

Қазақ даласындағы Алтын адамдар

Қазақ жерінен табылған екінші алтын адам Атырау облысының Жылыой ауданына тиесілі. Бұл алтын адам 1999 жылы Аралтөбе атты қорымнан табылған болатын. Зерттеуші, археолог Зейнолла Самашев бұл қорымнан табылған алтын адамның мүрдесі сақ көсемі болуы мүмкін деген болжам айтты. Оның үстінде матадан тігілген көйлек, қысқа жеңді сауыт болған. Сауыт белдікке дейін ромб тәріздес алтын тағалармен безендірілген.  Сондай-ақ, қабірден ерекше түрдегі алтын бұйымдармен қатар жұп-жұқа алтын фольгамен қапталған аса таяқ бөліктері де табылған. Ал аса таяқ бұл замандарда тайпаға көсемдік еткен беделді тұлғаларға ғана тиесілі болған. Алтын әшекейлердің формалары әртүрлі болып келеді, мұнда ромб түріндегілер де, шеңбер тәріздес тіпті жылан пішіндес те алтын әшекейлер көп. Алтын жалатылған сауыт киген ер адамның өрілген бұрымды шашы болғанға ұқсайды, бұл зерттеу нәтижесінде белгілі болды. Тарихтан белгілісі, б.з.д. 1 мыңжылдықта Еуразия аумағында өмір сүрген тайпалар ішінде еркектердің шаштарын ұзын бұрым етіп өруі тек дәрежесі жоғары салт аттыларда ғана кездеседі.  Көсемнің үстіндегі матадан жасалған көйлегінің жеңдері де әртүрлі алтын қапсырмалармен, жіптермен әшекейленіп, кестеленіп тігілген.  Сауыттың да жеңдерінде, жағасында және етек жағында алтыннан жасалаған қапсырмалар жабыстырылған. Жоғарыда айтып өткеніміздей, көсемнің жанынан табылған аса таяғы оң жағына, ал алтыннан жасалған қорамсаққа салынған жебелері мен қылыш секілді қару жарағы сол жағына қойылған. Көсемнің шалбарына дейін ұсақ алтындармен безендіріліп, оның балақтары алтын жиекті етікке сұғындырылып салынған.  

Алтын адамның бойынан және жанына қойылған заттардан табылған қолөнер бұйымдарының тарихи маңыздылығы жоғары. Бұл сол кезеңдегі өркениет пен өнердің дамуынан хабар береді. Сондай-ақ, қорғанда құрбандық шалу, Тәңіріге сыйыну сияқты діни ғұрыптардың жүргізілгенін көруге болады. Зерттеушілердің дерегі мен дегеніне сүйенсек, қорғанның дәл ортасында ошақтың орны сақталған. Бұл тайпа адамдарының отқа табынғандығының айқын көрінісі. Зерттеушілер отқа табыну діни наным-сенімінің сарматтар тайпасында болғанын алға тартады. Отқа табыну, одан көмек сұрау арқылы тайпа адамдары сыртқы күштерден қорғану жолдарын іздеген. Сондықтан, жерлеу рәсімін жүргізген кезде қорғанды айналдырып, он шақты жерде от тұтатып, алау жаққан. Қабірден сонымен қатар, қару-жарақтар, оны ілетін аспалы белбеудің бөліктері, темірден жасалаған әскери күршік, және сүйек ине мен жебенің темірден жасалаған үшбұрышты болып келетін ұштары табылған.

Шілікті қорғанынан табылған алтын адам - сақ патшасы

Қазақ даласындағы Алтын адамдар

Қазақстандық үшінші алтын адам Шығыс Қазақстан облысының Шілікті жазығынан табылды. 2003 жылы археолог-этнолог, профессор Әбдеш Төлеубаев бастаған археологтар Зайсан ауданында қазба жұмыстарын жүргізеді. Бұл аймақта Жалши деп аталатын ауыл маңында үлкен көлемді 17 оба орналасқан болатын. Ал олардан жоғары көш бастап тұрған үлкен обаның көлемі мен орналасуына қарап, зерттеушілер оның тегін адамға қойылмағанын аңғарады. Себебі, ежелгі кезеңдерде бақ-дәулеті асқан адамдарға қойылған мәңгілік ескерткішің де көлемі үлкен болатын. Археологтардың болжамы дәл келді. Олар ақиқатында, сақ патшасының қорымын тапты. Бұл қорым біздің дәуірімізге дейінгі ҮІІІ ғасырдың аяғы мен ҮІІ ғасырдың басына жататын ескерткіштердің бірі болып табылады. Яғни бұл жәдігер Қазақстанда бұрын-соңды табылған алтын адам ескерткіштерінің ішіндегі ең көнесі. Оның үстіне кигізілген киіміндегі аң-құс бейнесіндегі әшекейлер құйма алтыннан жасалған. Зерттеушілер оның сақ патшасы екендігіне күмән келтірмейді. Жалпы мүрде жатқан оба биіктігі сегіз метр, ал диаметрі жүз метрге жуық. Және обаның өзі үш қабаттан тұрады, оның үстіңгі қабаты топырақтан, астыңғы қабаты тастан үйіліп жасалған. Дәл тас үйінді ішінде сағана-қабірхана орналастырылған. Қабірхананың қабырғалары екі қатар етіп қойылған жуан бөренелерден тұрғызылған. Ол мүрдені топырақ түсуден қорғап тұрған. Қабірханадан бір ғана ер адамның мүресі табылды. Яғни бұл бір ғана беделді адамға жасалған қабір. Өлген адам алтынмен көмкерілген, құйылып жасалған киімімен жерленген. Жалпы оның үстіндегі алтыннан жасалған түймелер мен қаптырмалардың саны төрт мыңнан асып жығылады екен. Және бір қызығы, олардың басым бөлігі аңдар мен жануарлардың бейнесінде жасалған. Ал олардың ішіндегі ең үлкені - арқар мүсіні екен. Сондай-ақ, мұнда екі бұғының мүйізі айқасып тұрған және тұмсық түйістіріп тұрған екі таутекенің бейнесіндегі де алтын жапсырмалар табылған.  Ал бесжұлдыз бейнесіндегі түймеден асқан геометриялық дәлдік аңғарылады. Бұл бесжұлдыз алтын мен лазурит тасынан жасалып, айналасы сүйекпен жиектелген екен. Ал оның ортасына мүйіз қойылған.  Тарихты зерттеушілер сол заманда да бесжұлдыздың билікті аңғартқанын айтады. Бұл алтын адам Аралтөбеден табылған алтын адамнан бұрын, мың жыл ерте өмір сүрген. Зерттеушілер Есік қорғанынан табылған адамның үстіндегі киімнің арнайы жерлеу үшін тігілгенін айтады, ол жұқа алтын жалатылған фольгалармен көмкерілген, яғни арнайы жерлеу үшін ғұрыптық киім болған.

Өкінішке орай, Шіліктіден табылған алтын адам қорғанының бұған дейін тоналғанын айтады зерттеушілер. Патшамен бірге жер қойнына берілген оның алтын тәжі, қару-жарағының бір бөлігі және асатаяғы секілді көзге көрінетін бағалы заттарының біраз бөлігі қолды болған. Бұл алтын адам арнайы жерлеу киімімін емес, өзінің салтанаттарға киетін киімімен жерленген. Себебі, оның киіміне тігілген, жапсырылған әшекейлер мен жиектемелердің барлығы құйма алтыннан жасалған.

Қарағанды облысынан табылған алтын адам – сақ қолбасшысы

Қазақ даласындағы Алтын адамдар

Төртінші Алтын адам Қарағанды облысына қарасты Талды-2 қорымынан табылған. Зерттеушілер оны бұған дейінгі табылған алтын адамдардың ішіндегі ең сүбелісі деп те атайды. Қорым Қасым Аманжолов атындағы елді мекен маңында орналасқан. Оның осыдан екі жарым мың жыл бұрын өмір сүргені анықталды. Зерттеушілер бұл қорымның да сақтар дәуірінің еншісінде екенін ғылыми тұрғыда дәлелдегенімен, оның не сақ жауынгеріне, не сақ қолбасшысына тисесілілігіне байланысты әлі де түрлі жорамалдар айтуда. Оны зерттеуші археолог Арман Бейсенов. Сондай-ақ, бұл қазба жұмыстарының кезінде жалпы саны жүзге жуық белдікке тағатын әшекейлер, сегіз арыстанның бейнесі, жиырмаға жуық құйма алтындар, айдаһар, секіруге дайындалған қабан, пырақты жануарлар бейнесіндегі алтын әшекейлер табылған. Мұндағы алтындардың қомақтылығы мен әшекейлердегі аң-құстардың бедеріне қарап, мұнда тайпаның қандай да бір беделді адамының жерленгенін жорамалдауға болады. Дегенмен, археолог мамандардың айтуынша, бұл қорым да бірнеше мәрте тоналған. Жауынгердің (немесе қолбасшының) кеуде тұсы толықтай дерлік алтынмен қапталған көрінеді, егер тарихи деректер мен дәйектерге үңілсек, мұндай құрмет дәстүрі Күн билеушілеріне көрсетілген. Тарихшылар бұл қорымға Патшалар мекені деген атау берді.

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға