Жаңалықтар

Қазақ атының төркіні этимологиясы

Абай Құнанбаевша болғанда, қазақ деген “хузақи” (арабтың көшпелі тайпасының аты), немесе “шынымен қаз-ақ екен” (тіркеулі түйелі көшке қарап, қаздарға ұқсатып айтылған сөз) дегендерден шыққан болады.
16.10.2014 05:47 11502

Абай Құнанбаевша болғанда, қазақ деген “хузақи” (арабтың көшпелі тайпасының аты), немесе “шынымен қаз-ақ екен” (тіркеулі түйелі көшке қарап, қаздарға ұқсатып айтылған сөз) дегендерден шыққан болады. Əбубəкiр Диваевше болғанда, “қаз” жəне “ұзақ”сөздерінен шығады.

Алайда, Əлкей Марғұлан: “ “Қаз-ақ” - “белая гусыня” (Чулошников. Очерки. 109), “ғазы хақ” - ислам əсерімен шығарылған аңыз. Бұлардың ешбір ғылыми тарихи негізі жоқ” дейді. Ал, Əнес Сарай да: “Осы ойды қазақ ақыны О.Сүлейменов əрі қарай дамытқанымен, бұл тұжырым ғылымда онша елене қойғаны жоқ” дейді.

Бұл болжалды қисынды санамаған күнде де, екі нəрсені ескерген жөн: бірі, ертеде, тіл тым байымаған заманда, “ақ қу”, “қу”, “қаз”, тіпті самұрық, т. б. құстардың бəрі бір “қу, аққу” атауымен аталуы ғажап емес жəне иран-түріктілдері ара ықпал күшті кезде оның - “ақ қаз” дегеннің арыдағы дағды бойынша“қаз ақ” деп айтылуы да əбден мүмкін (қазір “қыпшақ дешті” деуге тиісті даланы бұрын “дешті қыпшақ” деппіз ғой); енді бірі, арғы шаманизм заманында аққудың тотем болғанын жоққа шығармау керек. Оны қазақтар бүгінде де қастерлі санайды. Қазақ бақсылары кешегі дəуірге дейін оның болмағанда қауырсынын иығынан тастап көргені жоқ.

“Тəуелсіз” сықылды мағыналы сөз деу. Бұл көзқарастағылар “Қазақ” деген сөздiң көне түркi тiлiндегi тегi “ерiктiлер” дегендік деседi. Ал, “қаз” дегеннің құс атынан өзге мағынасына бұрылсақ, қазақтар сəби баланың ешқандай сүйемелсiз, өз еркiмен аяқ басып, тiк тұруын “қаз тұру” дейдi. Демек тəуелсіз, дербес деген мағынасы да бар екені рас. “Ал, ноғай тілінде қазақ сөзі бойдақ, салт орнында қолданылады” екен . Мұның мағынасы да “қаз тұру”дегеннен (өз бетінше тұрудан) анша аулақ емес.

Осы пікірді қатты құптаған Əлкей Марғұлан бүй дейді: “Демек, “қазақ” сөзінің түбірі “қаз” - тұру, тік тұру, мықты, берік тұру. “Қаз” - ға қосып айтылатын “ақ” сөзі күшейтетін жалғау. “Kазақ” - мықты, алып, жойқын, берік деген сөз. Сөзді күшейтетін “ақ” жалғауы өте ескі замандікі. Оның мысалына тағы мынадай сөздерді келтіруге болады:. . . құш + ақ = құшақтау, қысу; арда (арда емген, ) + ақ = ардақ, аяулы; тұр + ақ = тұратын жер. ”.

Мұхамед Хайдар Дулати да өз тұспалының бір мағынасы арқылы бұл сөзде еркіндікке ұмтылу барлығын айтады. Ал, Түркия тарихшысы Зəки Уəлиди Тоған: “Қазақ деп бiр саяси мақсатты көздеп, көтерiлiс жасау нəтижесiнде салт яки үй iшiмен бiрге өз қауымынан бөлiнiп шығып, өкiмет билiгiн алуға талпыныс жасаған сұлтандарды айтқан. “Қазақ” сөзi алғашқыда сұлтандарға ғана тəн болған, кейiн оларға қарасты тайпалардың жəне олар құрған мемлекеттiң аты- на айналған” деген екен. Шоқан Уəлиханов “қазақ” сөзi əскери термин ретiнде қолданылып “ержүрек”, “батыл” деген мəндi бiлдiрген депті. Қ. Халид: “«Ми- рат əл Қайнат» кітабында “ “қазақ” деп əскердің жау жүрек басшысын айта- ды”[590] депті. В. В. Радлов, А. Самойловичтер “қазақ”деген атауды “тəуелсiз, еркiн, ерiктi адам” деген мағынаға жатқызған. Шəкəрiм Құдайбердiұлы да “қазақ” дегеннiң мағынасы “өз алдына ел болып, еркiн жүрген халық” деген сөз деп түсiндiредi. Көне түрiк - Тонйұқұқ (Тоныкөк), Күлтегiн, ескерткiштерiнде “қазғандұқ” сықылды етiстiктер “еркiндiкке ұмтылу” мағыналарын да береді. Сiбiр халықтарының ескi тiлiнде “қазақ”деген сөз “мықты”, “берiк”, “жойқын”, “алып” деген мағынада екен. Сонда жоғарыдағы петроглифтегі “қазғақ оғлұм” деген сөздiң мағынасы “алып ұлым”, “батыр балам” болып шығады.

Осы арада Абай Құнанбаевтың қазақ деген “хузақи” (арабтың көшпелі тайпасының аты) дегеннен шыққан деуі еріксіз еске тағы оралады. Одан Телғожа Жанұзақовтың “Қазақ деген этникалық атаудың толық мағынасы – кең далада еркін көшіп-қонып жүрген батыл адамдар, ержүрек еркін кісілер деген қорытынды пікірге жүгінеміз” дегеніне құлағыңыз келеді.

Сұлтан Жанболат, "Ежелгі ұлыс тарихы"

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға