Жаңалықтар

ҚАЗАҚ АРХИТЕКТУРАСЫ

ҚАЗАҚ АРХИТЕКТУРАСЫ, Қазақ сәулет өнері – ғимараттарды, құрылыстар мен ескерткіштер кешендерін жобалау, салу, оларға уақыт талабына сай эстетикалық көркемдік сипат беру өнерінің ұлттық саласы. Материалдық игілікті жасаудың басты саласы ретінде
29.08.2014 12:44 5277

ҚАЗАҚ АРХИТЕКТУРАСЫ, Қазақ сәулет өнері – ғимараттарды, құрылыстар мен ескерткіштер кешендерін жобалау, салу, оларға уақыт талабына сай эстетикалық көркемдік сипат беру өнерінің ұлттық саласы. Материалдық игілікті жасаудың басты саласы ретінде Қ. а. қоғамның өндірістік-экон. дамуына, ғылым және техника жетістіктерімен жарақтануына, оны жасаушылардың дүниетанымдық-эстет. талғамына тығыз байланысты жағдайда өркендейді. Қазақстан аумағындағы жекелеген аймақтарды, оның ішінде Оңт. Қазақстан өңірін адамдар шелл-ашель дәуірінде (ерте палеолит кезеңі) қоныстана бастады. Ашель-мустье кезеңінде қоныстану аумағы айтарлықтай кеңейді. Қазақстан жерінде құрылыс салу жоғары палеолит дәуірінде пайда болды. Қаратаудағы, Баянауылдағы, Ұлытаудағы, Маңғыстаудағы үңгірлер мен адам тұрақтары шағын топтар болып өмір сүрген, бірігіп еңбек еткен алғашқы қауымдық құрылыстар аңшылардың, кейінірек ертедегі рулық қауымдарды құрған адамдардың тіршілік жайын сипаттайды. Бұл дәуірден ортасында дөңгелек ошағы бар, тастан немесе топырақтан қаланған, аласа қабырғалы, төбесі сырықтармен жабылған алғашқы тұрғын үйлердің (Орт. Қазақстандағы Тамды, Бөрібас, Дамсы тұрақтары) іздері сақталып қалған. Металл құралдарын пайдалану, кетпенді егіншілікке, мал өсіруге ауысу қоғамдық еңбек бөлінісінің бастамасы болды. Бақташы тайпалардың бөлініп шығуы кейінгі қола дәуірінде (Беғазы-Дәндібай мәдениеті) ұланғайыр далалық жерлерді игеруге мүмкіндік берді. Қола дәуірі тұрақжайлары тұрғын және шаруашылық бөлігі болып, қоршаумен екіге бөлінген (бұлар шаруашылыққа арналған қосымша құрылыстармен бірге дөңгелене орналасқан) тік бұрышты жеркепелер тобынан құралды. Ошақтың үстіндегі орт. кеңістік бөренелермен сатылы-үшбұрышты түрде, басқа жағы тіреулі бөренелермен жабылды, қабырғалары тақта тастан қаластырылды немесе топырақтан соғылды (Оңт. Қазақстандағы Атасу, Бұғылы тұрақжайлары). Кейінірек дөңгелек пішінді үйлер, оның ішінде жиналмалы киіз үйлер, төбесі түйетайлы етіп жабылған тік бұрышты құрылыстар (қыстаулар) пайда болды. Сонымен қатар қабір үстіндегі құрылыстардың пішіндері мен түрлері сараланып бөлінді. Қола дәуір сәулет өнерінің үлгісі өңделмеген тақтатастан қаланған Дың ескерткіштері кездеседі (екідың ғимараттары). Тас ғасырының мәйіт жерленген бейіттері күмбезбен көмкерілген және айналасы дөңгелене қоршалған, ортасында тас мүсіндері бар сәулетті кешендер түрінде жасалған. Қабір үстінде көлденеңі 30 м-ге жететін үлкен қорғандар (Жезқазған обл-ндағы Ақсу-Аюлы кешені) жиі салынған.

Неғұрлым кейінгі дәуірдегі кешендер тас тақталармен тік бұрышты етіп қоршалды, кіре берісте галереялар салынды, төбесі бағаналармен (Беғазы, Қарағанды обл.) жабылды. Тегіскен мазарларының композицияларында (б.з.б. 9 – 6 ғ-лар, Қызылорда обл.) сыртқы қабырғалардың шаршылары оларға кірігіп тұрған дөңгелек камералармен (шикі кірпіштен тұрғызылған), сырықтармен жабылған шатырмен үйлесіп тұр. Б.з.б. 4 ғ-да құрылыста төбені күмбездеп жабу тәсілі, сондай-ақ, оның алуан түрлері – цилиндр, сопақ, кеспек тәрізді түрлері кеңінен қолданылды. Бұлар негізінен сақ тайпалары көсемдерінің мазарларында (Баланды-2 кешені, Қызылорда обл.) тұрғызылған. Қола дәуіріндегі қабір үсті құрылыстары пішіндерінің композициясы мемориалдық және басқа құрылыстардың пішінін қалыптастыру үшін үлгі болған космогониялық түсініктердің белгілі бір жүйесі екенін дәлелдейді. Олардың жекелеген шарттары Қазақстанның кейінгі дәуірдегі ғұрыптық архитектурасының негізіне айналды.

"Қазақ энциклопедиясы"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға