Қазақ қызы Turkvision байқауын жеңді
Қазақ әншісі Жанар Дұғалова Қазан (Татарстан) қаласында өткен Turkvizyon 2014 байқауының жеңімпазы атанды. «Ізін көрем» композициясын орындаған Жанар байқау қорытындысы бойынша 225 ұпай жинады. Екінші орынға 201 ұпаймен Татарстан өкілі Айдар Сүлейман жайғасты. Үшінші орынды 199 ұпаймен Башқұрт елінің өкілі «Заман» тобы иеленді. Байқау қатысушыларын баға берген қазылар алқасына әр қатысушы елден бір-бір адамнан кірді. Қазылар өз елінің өкілінен дауыс бере алмайды.
Бар-жоғы финалға 15 қатысушы өтті. Олар Қазақстан, Татарстан, Түркия, Башқұртстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Македония, Иран, Босния, Болгария, Якутия, Әзірбайжан және Түркменстан елдерінің намысын қорғады.
Turkvision – күллі түркі әлемінің ән байқауы. Биыл бұл байқау екінші рет өткізіліп отыр. Алғашқы байқау 2013 жылы Түркияның Эскишехир қаласында өтті. Оған 24 ел мен аймақтың өкілі қатысқан болатын. Бұл байқауда Қазақстан атынан Rin'Go тобы өнер көрсетіп 9 орынға ие болған.
Turkvision атақты Eurovision байқауына балама болып саналады. Бүгінгі таңда бұл байқаудың аудиториясы 300 млн. астам адамды құрайды.
Байқау екі кезеңнен тұрады: жартылай финал және финал. Жартылай финалдан аруымыз Жанар Дұғалова 3 орынмен (198) өтті.
Turkvizyon 2014 жеңімпазына сыйлық ретінде аудиториясы 100 млн. адамды құрайтын және 12 елде көрсетілетін ТМВ TV халықаралық телеарнасынан (Түркия) бір жыл бойы өз клипін тегін айналдыру мүмкіндігі берілді. Сондай-ақ, қаржылай сыйлықтар да бар.
Келесі жылы бұл байқау Түркменстанның Мары қаласында өтеді.
Дәурен Омаров