Жаңалықтар

ҚАЗАҚ ҚОЛӨНЕРІ

ҚАЗАҚ ҚОЛӨНЕРІ – қолданбалы-безендіру өнерінің дәстүрлі ұлттық саласы. Тарихын тереңнен алған Қ. қ. дәстүр сабақтастығын үзбеген, рухани мәні мен мәдени құндылығын жоймаған.
29.08.2014 13:43 8768

ҚАЗАҚ ҚОЛӨНЕРІ – қолданбалы-безендіру өнерінің дәстүрлі ұлттық саласы. Тарихын тереңнен алған Қ. қ. дәстүр сабақтастығын үзбеген, рухани мәні мен мәдени құндылығын жоймаған. Қазақстан жерінде асыл тастан, сүйектен, жүннен, ағаштан, қыштан, құнды металдан, былғарыдан, саздан – қару-жарақ, құрал-сайман, үй жиhазы, т.б. тұрмысқа қажетті тұтыну бұйымдарын, түрлі сәндік қолөнер туындыларын жасаумен қатар, оларды өздерінің дүниетанымына, эстет. талғамына сай әшекейлеп, безендіру ерте замандардан дамыған. Қарағанды обл-нда Беғазы бейітінен табылған қыш сауыттар (б.з.б. 10 – 8 ғ.), атақты Қарғалы алтын тәтісі (диадема) мен сырғалар (б.з.б. 2 ғ. мен б.з. 2 ғ.), т.б. көне дүниелер – шебер мүсінделген өнер туындылары. Айша-Бибі, Ахмет Иасауи кесенелерінен, Бабажы қатын күмбезінен қазақ халқының атадан балаға мұра боп келе жатқан ою-өрнек, әшекей түрлерінің бәрін ұшыратуға болады. Ағаш ұсталары сан алуан сүйектен ою-өрнек салынған үй жиhазын, ыдыс-аяқ әзірлеуде асқан шеберлік көрсетіп, ол үшін көгеріс геом. өрнек түрлерін пайдаланған. Ер адамдардың жорыққа, аңшылыққа, әйелдердің салтанатқа киетін киімдері аң-құстың бейнелері өрнектелген (күміс, алтын, металл құймалар) оюлармен безендірілген. Әшекейлер салу, кесте тігу, қалың мата (барқыт, шұға) жапсыру арқылы да жасалады. Алматы обл-ның Есік обасынан табылған (б.з.б. 6 – 5 ғ.) сак жауынгері киімі (“Алтын адам”) алтын қаптырмалармен және хайуандардың құйма бейнесімен безендірілді. Қ. қ. өзінің ғасырлар бойғы мұраларын жан-жақты игеріп, көршілес халықтар мәдениетінің озық үлгілерін бойына сіңіріп, үнемі жаңарып, үздіксіз дамытылып отырды. Сауда-саттықтың дамуына, қалалардың өркендеуіне, қала мен ауылдың айырмашылығының азаюына байланысты қолөнердің кейбір дәстүрлі түрлері (теріні, сүйекті, ағашты, кейбір металдың түрлерін көркем өңдеу) қолданудан шығып қалды. Алайда матадан, киізден жасалған тұс кілемдер, басқұрлар, тұскиіздер, т.б. киіз үйдің сәндік жасаулары бұрынғыша дами берді. 20 ғ-дың басында Қ. қ-не деген сұраныстың артуы (көркемдік кәсіпкерліктің құрылуы, Қазақстан қолөнерінің респ. мұражайының ашылуы, қолданбалы өнер бұйымдарын жинау мен насихаттаудың жақсаруы) оның дамуына зор ықпал етті. Қ. қ-нің бұл түрінен талантты ісмерлер Л.Қ.Қожықова, З.Ахметжанова, Г.Зәуірбекова, К.Ыстыбаева, Н.Тайманова, М.Есілбаева, т.б. жасаған бұйымдар ерекше көзге түседі. Сүлгі, перде, төсек жапқыштарды кестелеуде қазақтың дәстүрлі ою-өрнектерімен бірге сюжетті суреттерді пайдалану қатар қолданылды. Сондай-ақ, ою өнерінің дәстүрлі түрі де (Л.Қожықова, Ж.Арыстанова, А.Бәсенова, М.Керейбаев, К.Қодаров, Р.Сәрсенбин, Ғ.Иляев, т.б.) одан әрі жетілдірілді. Тоқыма, киіз басу істерімен қатар бірқатар облыстарда (Алматы, Көкшетау, Шымкент, т.б.) зергерлік бұйымдар жасау кеңінен дами бастады. 70-жылдары Қ. қ. саласының кәсіби деңгейі артты. 1973 ж. Алматы көркемсурет уч-щесінен қолөнер бөлімі ашылды, 1978 ж. Алматы театр-көркемсурет ин-тынан сән және қолданбалы өнер кафедрасы құрылды. Сондай-ақ, “Өнер” комб-ның жанынан сән және қолөнер бұйымдарын шығаратын цехтар ұйымдастырылды. Кәсіптік қолданбалы өнер саласында ұлттық дәстүр мен соңғы тех., стильдік жаңалықтар бірдей тоғысатын гобелен жетекші рөл атқарды. Қазақстанда гобеленнің қалыптасуына Қ.Тыныбеков үлкен ықпал етті. Оның сюжетті гобелендері (“Шопан”, 1969; “Дала әуендері”, 1970; “Отбасы”, 1972) айқын бейнеленген ірі суреттерімен, әр түрлі бояулардың өзара берік үйлесуімен және ішкі қуатымен ерекшеленеді. “Дала хикаясы” (1970), “Өмір ағашы” (1976), “Байқоңыр ырғақтары” (1977), “Аққу әні” (1980) гобелендері терең филос. мазмұнымен, кең құлашты идеялылығымен, жеткізбек ойының күрделілігімен айшықталды. Тыныбековпен бірге Б.Е. Зәуірбекова, Е.П. Николаева және И.З.Ярема жасаған “Қазақстан” (1978) гобелені Қазақстанның Мемл. сыйл-на ие болды (1980).

70-жылдардағы көптеген зергерлік бұйымдар бұрынғы халық қолөнерінің тікелей көшірмесі іспеттес болды. 80-жылдары зергерлік өнерге келіп қосылған шеберлердің жас буыны Қ. қ-н еркін игеріп, ілгері жалғастырды. Халықтың дәстүрлі өнерімен арадағы нақтылы пішіндік байланыс енді құрылымдық сипатқа көшті. Республиканың байырғы зергерлерінің бірі И.К. Брякиннің еңбектеріне пішін, түстерді дәл қолдана білу, бейнелерді ырғаққа негіздеу тән. Шебер ашық қызыл түсті маржан тастарды күміспен күптеп, оған түрлі өрнектер қоса отырып ғажайып көркем зергерлік бұйымдар тудырды. Ғ.И. Жалмұқановтың қолынан шыққан әшекейлік заттар ою-өрнегінің бейнелілігімен, сыртқы беттерінің әсем өңделуімен ерекшеленді. Л.В. Шкляевтың, Т.Л. Савченконың, Г.П. Ивановтың, т.б. әшекейлік бұйымдары нәзіктігімен, пішіндерінің сонылығымен көзге түседі. Ал, К.Бекдайыровтың, Т.Қаратаевтың, Д.Сейдуалиевтің еңбектерінен ұлттық дәстүр мен нақыш айқын аңғарылады. Күйдірілген қыштан бұйым жасаушы шеберлер материалдардың сапасына баса назар аударып, оған түрлі тәсілдік тәжірибелер жасау арқылы сән өнеріне жаңалықтар енгізуге ұмтылды. Н.И. Павленко мен Ф.Письманның жасаған қыш бұйымдары нәзіктігімен, композициясының тапқыр шешімімен ерекшеленеді. В.Г. Попов, Ю.Г. Попов, Е.Мхитарян, А.Ключинскийдің туындыларына дәстүр аясын кеңейтуге ұмтылу, әр түрлі көркемдік-тех. тәсілдерді қолдана отырып, соны пішін іздеу секілді қасиеттер тән. Қыштан мүсін жасау шеберлерінің бірі К.Сабдыкеевтің жасаған дүниелері – кескіндеме мен графиканы, бедер мен сол үлгіге тән сымбатты шебер ұштастыруымен, бейнелі бай мазмұнымен, шұрайлы өнер “тілімен” (“Дала қызы”, “Әуен”, “Күз”, “Сәндік композиция”, “Аруана”, 1987) құнды. Ағаш пен теріні көркем өңдеумен Н.Нәлібаев, Ж.Үмбетов, Д.Шоқпарұлы, Қ.Малаев, Т.Нұрғожаев, т.б. шұғылданды. Олардың қолынан шыққан топтама еңбектер (қымыз ішуге арналған ыдыстар, кеселер, табақтар мен тостағандар) ұлттық колоритті сақтауымен, әсем сәндік келбетімен ерекшеленеді. Сондай-ақ, Үмбетов пен Шоқпаров пішіні және дыбысталу деңгейі өте жоғары, ерекше құнды муз. аспаптар топтамасын жасады. Қ. қ. шығарм. бағыттарының әр түрлілігімен, эстет. келбетінің ауқымдылығымен, терең мазмұнымен, бай тілімен, кең тынысты сюжеттілігімен, көркемдік дәрежесінің биіктігімен сипатталады. Қазақстан шеберлерінің шығармалары тек ұлтқа ғана тән қазына емес, жалпы дүниежүз. мәдениетке қосылған үлкен рухани үлес болып табылады.

Соңғы онжылдық ішінде Қ. қ. шеберлерінің “Үкілі домбыра”, “Дизайн – кеше, бүгін, ертең”, “Зергер-99”, декоративті-қолданбалы өнер мен дизайн көрмелері ұйымдастырылды.

Әдеб.: Қасиманов С., Қазақ халқының қолөнері, А., 1969; Тохтабаева Ш.Ж., Казахское народное искусство, А.-А., 1984; Ергалиева Р.А., Этнокультурные традиции в современном искусстве Казахстана, А., 2002.

С. Бекқұлова, Д. Шоқпаров

"Қазақ энциклопедиясы"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға