Жаңалықтар

Қазақ ұлттық киімдерінің сыры мен мәні

Қазақ ұлтының дәстүрлі киімдері жасалады? Олардың мәні неде? Онда қандай құпия жатыр? Осы жайлы мақаланы назарларыңызға ұсынамыз
18.05.2015 12:23 44596

Киім дегеніміз – адамды қолайсыз қоршаған орта әсерлерінен сақтайтын денедегі жамылғылардың жиынтығы. Киім адамды қолайсыз ауа- райынан, оның денеге әсер етуінен ғана сақтап қоймай, сондай-ақ зұлым сиқыр күштерінен де қорғап отырады.  Негізінде бұл қасиет ежелгі адамның киіміне қатысты айтылады. Сондықтан егер «киім» сөзін түрлі мәнде пайдаланатын болсақ алғашқы қауым бірлестігіндегі адамдардың өз тәндерін әскери мақсатта бояп алуын, инемен шаншуы арқылы өз тәндеріне салынған суреттерді, ортағасырлық рыцарлардың, батырлардың сауыттарын, қазіргі оқ өтпейтін   кеудешелерді (бронижелеттерді), ұлы газдан қорғану қондырғыларын, сәнді көйлекті де киім деп атауға болады.

Қазақ ұлттық киімдерінің сыры мен мәні

Киім ұғымына көйлек (адамның денесін тікелей орап тұратын нәрсе), аяқ киім, бас киім, сондай-ақ қосымша ретте белдік, көркем безендіру заттары және т.б. да кіреді. Киімнің негізгі қызметі – қорғаныш (дене тұрғысында және моральдық жағынан қорғану) және пайдалы-тәжірибелік қызмет, өйткені киім барлық кезде адамның қандай да бір практикалық қызметімен байланысты болып келеді, белгілі бір қызмет атқарады, адамның қоршаған ортаға бейімделуіне көмектеседі.

Өркениеттің ең ежелгі сатыларында киім адамның «жамылғысы» ғана болып қалған жоқ, ол адамның белгілі бір өмірлік үрдістерінің мәнін білдіре отырып, әдет-ғұрып нысаны да бола білді. Қазақтардың дәстүрлі мәдениет дүниесін зерттеген Н. Шаханованың атап өтуінше, «адам-киім» жүйесі қазақтардың дәстүрлі дүниетанымының маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Киім дегеніміз – костюмнің тұтас бір кешені, сондай-ақ оның жекелеген бір элементтері ретінде толық қанды семантикалық қабатқа ие болып келеді. Киім жан-жақты әмбебап категориялар болып танылатын «жоғары-төмен», «ғұрыптық-дүниежүзілік», «ұрпақ-ұрпақсыздық», «аталық-аналық» ретінде қабылданып отырды. Киімге байланысты түсініктер қазақ қоғамының кейінгі даму кезеңдеріндегі «бақ», «береке», «дәулет», «байлық» мағыналарын беретін «құт» сөзімен байланысты күрделі идеологиялық кешеннің бір бөлігі болып келген . Басқаша сөзбен жеткізетін болсақ, киім өз иесін білдіретін зат, таңба ретінде ұсынылады. «Киім» ұғымын «костюм» сөзімен мәнін ұқсастырады, мұның өзі дұрыс емес. Орыс тіліне «костюм», сөзі француздың «costume» сөзінен келіп енген, беретін мағынасы – «әдет-ғұрып». «Костюм» ұғымын да, «киім» ұғымын да адамға, оның киіміне қатысты қарастыру керек. Алғашқы кезекте костюм мен киім адам денесін жабу құралы қызметін атқарғанымен, алайда олардың кейінгі қызметтері өзгеше болып келеді. Жоғарыда атап өткеніміздей, егер киім бірінші кезекте адамды қолайсыз әсерлерден қорғау қызметін атқаратын болса, ал костюм дегеніміздің өзі – «.... адамның немесе адамдардың қоғамдық тобының өзіндік бір даралығын сипаттайтын киім мен аяқ киім бөлігінің белгілі бір бейнелік-көркемдік жүйесі». «Костюм» ұғымына киім мен аяқ киім ғана емес, сондай-ақ адамның шашы, бас киімі, қолғабы, безендіру заттары мен косметика да енеді. Белгілі бір мағынада костюмнің адам денесімен байланысы барынша тығыз әрі кең түрде болып келеді.

Костюм адамның дене бітімін барынша қарқынды шамада білдіреді. Сондықтан костюмді адамның белгілі бір бейнесімен, оның киім кию мәнімен, өзіне тән белгілерімен ғана қарастыруға болады. Сондай-ақ «костюм» ұғымының «киім» ұғымынан негізгі бір ерекшелігі, оның адамның психологиялық және әлеуметтік-мәдени сипаттамасын  білдіруінде, басқа сөзбен айтқанда,   оның  дене бітімі  бейнесінде болып келеді. «Костюм» сөзінің этимологиясы да кездейсоқ емес, өйткені костюм барлық уақытта бір нәрсенің, яғни әдет-ғұрыптың сыртқы көрінісін танытады.

«Киім» ұғымының мазмұнын осы тұрғыдан түсіну қазіргі дәуірге лайық болып табылады, өйткені 1740 жылы жарық көрген Француз академиясының сөздігінде костюм адамды ерекшелеп тұратын, оған қоршаған ортамен үйлесімді қатынасын құруға көмектесетін, адамдардың осы әлеуметтік тобының әдет-ғұрпын бейнелейтін белгі ретінде түсіндіріледі. Костюм дегеніміз – ең алдымен белгілі бір дәстүр, танысу, білісу шарасы, индивидтің емес топтың белгілі бір таңбаларының білдірілуі. Сондай-ақ костюм дегеніміз – іс-әрекеттердің белгілі бір жиынтығы.  

Костюм белгілі бір мәдени-тарихи формацияның маңызды белгісі ретінде танылады. «.... егер барлық нәрсе жоғалып, әйел костюмі ғана қалған болса, онда сол бойынша өткен дәуірлердің эстетикалық мәдениетін танымал дәрежеге дейінгі қайта қалпына келтіруге болар еді» деген тұжырымдаманың өзі әділетті түрде айтылған. Маман костюмнің кұрылысына қарай адамның мінез-құлқы, әдет-ғұрпы, ойлау образы мен жүріс-тұрыс әрекеті туралы ақпарат ала алады. Костюмді қоғам дамуының әлеуметтік, материалдық және техникалық даму аспектілерінің бейнелік көрінісі ретінде қарастыруға болады. Алайда, егер костюмді қолданбаса өнердің өзге де нысандарымен салыстыратын болсақ, онда оның адам бейнесімен, дүниетанымымен, іс-әрекет көрінісімен тікелей байланыста екендігі айқын болады. Костюм белгілі бір этникалық немесе әлеуметтік топтағы адамның жеке-даралығын білдіреді. Сондықтан костюм өркениеттің кез келген мәдени жүйесінің, кез келген тарихи типінің маңызды бір элементі болып табылады. Ә.А. Диваев өзінің « Этнографическое жизне описание казахов» деген еңбегінде қазақтың дәстүрлі костюміне суреттеме береді. «Одежда и украшения киргиз Казалинского уезда» тарауында қазақтың костюмін былайша суреттейді;

1) Ер кісілер жаз бен қыс мерзімдерінде бір ғана матадан –(коленкорден) көйлек киеді, ол кең әрі тізеге дейін жететін ұзындықта болады; жеңі білекке дейін созылады, жағасы қайырылады, бір ғана түймемен бекітіледі немесе байланады. Көйлектің түсі үнемі ақ болып келеді. Дамбал да сол матадан тігіліп, сол түске ие болып келеді, өте кең, бірақ соншалықты ұзын болмайды, үстінгі жағынан белі баумен байланады. Үйде де, жұмыста жүргенде де басын ақ орамалмен байлап алады, жаздыгүні жол жүргенде бастарына киізден тігілген қалпақ киеді, ал қыстыгүні құлағын жауып тұратын әрі арқасына қарай түсірілетін тұмақ киеді; жоғары беті қандай да бір матамен, ауқатты қырғыздарда ол барқытпен (немесе сукно) жабылады. Тұмақ әдетте қойдың былғарысымен, ал ауқатты бай адамдарда түлкінің былғарысымен, тігіледі, кейде жүнмен де қапталады. Бай адамдардың қалпақтары мен тұмақтары зермен тігіледі. Қырғыздар мәсі- кебіс киеді. Қыстыгүні ішіктің сыртынан үлкен етік-киіз байпақ киеді. Көйлек пен дамбалдың сыртынан шалбар мен бешпент киеді, шалбар дамбал сияқты тігілгенімен, басқа матадан болады. Әдетте бешпент пен шалбар бір ғана матадан, ал бай кісілердікі жүн мен теріден тігіледі. Осылардың сыртынан шапан деп аталатын хиуа халатын, немесе жадағай деп аталатын қаптама халат, кейде капталмаған «сарт шапан» деп аталатын халат киеді. Бешпенттің күміс ілгектері, көпшілігінде жай түймелер болады. Барлық киімдер оң жағыңа қарай түймеленеді, сол жағына қарай түймелену күнә болып саналады; сол жағынан түймеленсе «Сен не орыссың ба теріс түймелейтін» деп айтатын болған. Шапанның сыртынан қадама безек, сақина және т.б түрдегі әшекейленген былғары немесе бархыттан жасалған, кең белбеу, күміс жібек белбеу байлайды. Сыртқы киімдері көбіне қара түсті болып келеді, бірақ шапанның түстері әр түрлі реңде болады;  хиуа шапан –қызыл; сарт шапаны мен бұқар шапаны қара жолақты ақ түсті. Қыстыгүні бешпент пен шапанның сыртынан жабағыдан тігілген күпе киеді, күпенің пішіні шапан сияқты, төмен жағы жабағыдан, ал жоғары жағы қандай да бір матамен, әдетте шекпен немесе барқытпен жабылады. Қой терісінен тері шалбар мен тұлыптар жасайды. Мереке күндері және күнделікті киетін киімдер арасында айырмашылық жоқ.

2) Әйелдердің киімі. Әйелдер де ерлердің киімдері сияқты пішілген көйлек пен шалбар киеді, бірақ әйелдердің көйлегі тобығына дейін жететіндей ұзын болып келеді (әйелдер, қыздар мен кемпірлердің көйлектері бірдей пішілген күйде болады). Көйлектің сыртынан жеңі жоқ бешпент- қамзол киеді. Мерекелік жағдайларда жібек шапан киіп жүреді.  Қыздар бастарына қызыл орамал тартады, орамалмен бастарын орап, арқа жағынан түйеді, сөйтіп ұзын бұрымдары арқасында төмен түсіп тұрады. Орамалдың жиектері шашақты болады. Жастар ақ орамал тартады, оны иек астымен байлап қояды, немесе ақ матадан тігілген жаулық (коленкор немесе жібек) киіп жүреді, оны алдымен иек астынан бастап, басын айналдыра орап бағады. Шаштарын бұрымдап өреді.

Қыздар 8-14 және одан да көп етіп өрсе, ал әйелдер 2-4 бұрым етіп өреді. Бұрымдарына шашбау байлайды, шашбауға күміс теңгелер бекітіледі. Әйелдер бұрымдарының ұштарын қосып қояды, ал қыздар бос жібереді.

Қазақтың халық костюмі композициясы жағынан қарапайым, атпен жүруге ыңғайлы, өйткені бұрынғы кезде атсыз өмір сүру мүмкін емес болатын, денесі суықтан, ыстықтан аптап желдерден қорғауға бейімделген болып келеді, былғарының өңделуіне, тігісіне,  құрылымына, түрлі әшекейлерді пайдалануына қарай көркемдік ерекшелігімен айрықшаланады.

Киім, оның геометриясы, формасы күрделі философиялық идеяларды білдіре алады. Костюм қоғам мен мәдениеттің дамуындағы маңызды өзгерістерді бейнелейді, ол уақыттың неғұрлым мәнерлі қасиеттерін ашық көрсете алады.  Алайда ,  костюмнің бейнесі мен формаларын анықтайтын ең маңызды фактор адам денесінің пішіні, қимыл пішіндері болып табылады. Адамның дене пішіні костюмнің формасының сипаты, элементтерінің орналасуы, түстері мен бөлшектерінің қандай болуы керектігін білдіреді. Мәселен, ХІҮ-ХҮ ғасырлардағы итальяндық қайта өрлеу дәуіріндегі адам пішінінің табиғи күйіне еркін созылып тұрған киім түрлері, жеңдерінің жұмсақ болуы, белінің тартылмай бос тұруы сәйкес келеді. ХҮІ ғасырдағы испандық қайта өрлеу дәуірі бұған кереғар қайшы келеді, бұл кездегі киімдер (панцерь) формасында және бүрмелі болып келді.

Костюм типінің қандай да бір тарихи типі адам типіне немесе бейнесіне, дене бітіміне байланысты болып келеді. Тіпті костюм атауының өзі белгілі бір мәдени-тарихи белгілерді меңзеп тұрады. Мәселен, француз революциясы дәуіріндегі әйел костюмі, бидермейер дәуіріндегі костюм, іскер ортадағы джентельменнің костюмі өз кезеңіндегі белгілерден хабар беріп тұр.

Сонау көшпелі заманның салт-дәстүрімен жалғанып келе жатқан қолөнердің аса бай қазынасының бірі – қазақтың ұлттық киімдері. Оның ішінде әсіресе бас киімдер өте ертеден күні бүгінге дейін өзінің әсемділігімен ыңғайлылығымен де пайдаланудан қалмай адамзатпен бірге замана белестеріне сай кәдеге жарап келеді. Жыл мерзімдеріне сай арнайы жасалған түрлері, ерлерге, әйелдерге, балаларға арналған және тағы да басқа жас ерекшеліктеріне қарай бөлінетін түрлері көптеп кездеседі. Күнделікті киіп жүруге лайықталған бас киімдер ыңғайлы, қарапайым етіп тігілсе, сән-салтанат, жиын тойларға арналған түрлері одан күрделірек сәнді етіп, әсемдік талғаммен әшекейленген. Ер адамдардың бұрынғы уақыттан келе жатқан дәстүрлі бас киімі – бөрік. Оның тігілу тәсіліне қарай және қолданған терінің түріне қарай құндыз, сусар, жанат, елтірі бөрік деп атайды. Бөріктің төбесі алты сай, төрт сай болып келеді.

Тақия да ерлердің жеңіл бас киімі. Оның да түрлері өте көп.

Биік төбелі, тегіс төбелі және үшкір төбелі тақия. Ерлер киетін тақияға теңге, моншақ, тана тағылмайды. Оның есесіне «мүйіз», «ат ерік», «шырмауық» сияқты өрнектермен кестеленеді. Ерлердің қыстық бас киімдерінің бірі – тымақ. Тымақты көбінесе түлкінің терісінен тігетін болған. Ол киюге өте ыңғайлы әрі жылы. Оны құндыз, бұлғын, қасқыр, қарсақ, сусар, түлкі, суырт т.б. аңның терісінен, құлын мен бұзаудың, қозы мен лақтың да терісінен тігеді. Артқы жағы желкеге суық тимеу үшін ұзынырақ етіп тігіледі. Оны көбінесе шопандар, малшылар, аңшылар киген. Жауын-шашыннан қорғау үшін төбесі шошақ етіп тігілск, күннің ыстығынан сақтау үшін жеңіл матадан тігілген. Қыста суықтан қорғау үшін тігілгеннің төбесі тақия сияқты дөңгелек етіп жасалған. Аңшылар қыста аңға шығар алдында ақ матадан тігілген күлпәра киген. Жазда жасыл, күзде сары түрлерін киген. Қазақтың сұлу да сымбатты қыз-келіншектері киген тақия, сәукеле, қасаба, кимешек, бөрік, жаулық, қарақара, күңдік орамал, шәлінің түрлері көп-ақ. Қыздардың тақиясы кішкене кезінен киетін ұлттық киімдердің бірі болған. Тақияның тігілуі де қиын емес. Тақия алтын, күміс теңгелерден және моншақ таналардан, құлпырма тастардан жасалған әшекей тағылады. Тақияның мұндай түрлерін жиын-тойларға баратын қыздар киген. Күнделікті тұрмысқа ыңғайлы қарапайым етіп тігілген. Отыздан асқан келіншек тақияны кимешектің сыртынан киген.

Қасаба-қыздар киетін әдемі бас киім. Ол тақия өте ұқсас, бірақ артында ұзын құлақшыны болады.  Артқы құлақшынды жиектеп ұсақ моншақ тағады. Сәнді-салтанат жиын-тойға киетін түрі өте сәнді, әрі әшекейі мол болады. Құндыз терісімен жиектелген қыздардың бөркі «Кәмшат бөрік»деп аталады. Алтынмен кестелгені «Алтын бөрік», маржандалғаны «Қалмаржан бөрік» деп аталады. Бөріктің төбесі қыжым, күліш, мәуіті, жібек, шибарқыт сияқты маталардан тігіліп ұсақ моншақпен әшекейленеді.

Жаулық – әйелдердің бас киімінің бір түрі. Оны ақ түсті матадан немесе ақ жібектен тігеді. Жаулықты кимешектің сыртынан тартады. Оны тарту тәсіліне қарай күндік немесе қарақара деп атайды. Бойының аласа биігіне қарай қарақараны әйеледер нәзік талғаммен жасап алып отырған. Күндік бетке көлеңке түсіріп тұрады. Ол күнге қарсы жүргенде ыңғайлы.

Кимешек-ақ түсті матадан жасалып төбесі, алды және арты деген бөліктерден құралады. Кимешекті: қызыл жақ, сары жақ, ақ жақ деп үшке бөледі. Ақ жақты қарт әжелер, қызыл жақты жас келіншектер, сары жақты бойжеткендер киеді.

Шәлі-жібек жіпті торғын тектес үлпілдек жұмсақ матадан жасалады. Шәлінің ою-өрнек сызылған, гүл шоқтарымен безендірілген өңдері болады. Қыстық жүн шәліліре түбіт, түйе жүнінен үлпілдек етіп тоқылып, басқадай да суық өтпейтін маталардан жасалып, шеттеріне шашақ төгіледі.

Қазақ киімдерінің түрі, үлгісі көп. Кейбіреулерінің сырт көріністері мен атауларына өзіміздің қазақ ағайындардың киімдеріне ұқсас болған,біздің киімдеріміздің пішіндері мен нақыштары өзгеше таза ұлттық нұсқалы.

Қазақ киімдері күнделікті тұрмыстық және салтанаттық сәнді деп екіге белуге болады. Жалпы алғанда қазақ киімдері етек-жеңі мол, қарапайым, жұмысқа және жүріп тұруға үйлесімді, дене сымбатын ашатын   сәнді. Қазіргі   өрнекті   заманда   ұлттық   нышандарымызды  айқындай түсетін егемендігімізге де, жастарымызға да күнбе-күн думандарда киіп жүруге әбден жарасымды.  Ер адамдардардың сырт киімдері Аба-киім сыртынан киетін жамылғыш камзол-жеңілсіз жаздық киім.

Шалбар – қой терісінен тігілетін, балағы аяқ басына жететін, бұтқа киетін киім.

Қазақтың арасында былғарыдан ең көп тігілетін киімнің бірі етік болғандықтан, былғарыны өңдеу мен айналысатын шеберлерді етікші дейді.

Халық арасына көп тараған былғары аяқ киімдердің қазақ атауында мынадай түрлері бар.

Саптама-қонышы ұзын, кең, киіз  байпақ пен шалбардың балағын ішіне салып киетін аласа өкшелі етік. Оның ішкі табанына ұлтарақ салып және байпақтың ішіне қалың шұлғау орайды. Саптамалардың қонышы бітеу қусырылады да тізеден асыңқырап тұрады. Такымға қарайтын жағы әнтек төмен ойылып келеді, оны қыстыгүні алыс сапарға шыққанда, жылқы баққанда, шанамен жол жүргенде киеді.

Шоңқойма – саптаманың бір түрі. Оның өкшесі биігірек, өкше сірісі аласа, тұмсығы үшкір, қонышы тізеден аспайды. Кеңдігі саптаманың кеңдігіндей. Қонышы екі жанынан жарамланып тігілген. Көмкерме байпақ, шұлғаумен киеді. Шоңқойманы сәнге кию үшін, әдемілеп, өкшелігін, оймасын кестемен өрнектеп тігеді.

Кебіс пен мәсінің де  ыңғайлы да әдемі алуан түрлері тігіледі. Қазіргі етіктер қисық табан үлгісімен екі аяққа екі қалып салу әдісімен тігіледі. Кебіс көбінесе былғарының сауырларынан тігіліп, қалыпқа қатырылады.

Кебіс атаулары да  сауыр, шықшима, жезөкше, қазық, өкше, үшкір бас деген сияқты бірнеше түрлерге бөлінеді.

Мәсінің ұлтаны жалаң қабат болады. Ал өкшелігі бір қабат қана оюлап жапсырған былғарыдан жасалады, оны мәсінің күлшіні дейді. Мәсілерді көк, қызыл шегірендерден оюлап, әр түсті жіппен кестелейді. Мәсіні тек не кебіспен, не етіктің ішінен киеді.

 Етік, кебіс тігу адамдардың жастарына қарай арнаулы қалыптарға қарай тігіледі. Мәсіні көбінесе әйелдер киетін. Мәсіні әрі жұқа, әрі жұмсақ былғарыдан тігеді.

 Қазақ қолөнерінде бұлғарыдан жасалатын бұйымдар өте көп. Жоңғы етік, мәсі, башпақ, сандал, киіз етік, резинке табанды балалардың неше түрлі аяқ киімдері жасалады. Халық шеберлері бұларды өздері пішіп, өздері тігеді.

Ата-бабамыздан мұра болып қалған өнер түрлерін сактау керек. Халық мұрасын қастерлеу, болашақтың ісі. Халық мұрасын жақсы түсінген адам, рухани бай адам. Әрбір дәуірде халық мұрасы өзінше   дамып,өрістейді. Халық мұралары заманға байланысты өзгеріп, дамып, жаңарып отырады.

Қорытындылай келе, Революцияға дейінгі қазақтардың қол өнері, шаруашылықтың негізгі түрлері болған егіншілік пен мал өсірушіліктің түбегейлі түрде өз алдына дербес болып бөліну процесі аяқталмаған еді. Олардың көбінде арнайы шеберханалар жұмыс істейтін орындары болмады. Көбі үйлерінде істеп, қолөнер дамытты.

Осы қарастырылып отырған қолөнердің әртүрлі белгілері, әдіс-тәсілдері, белгілі бір дәрежеде өзіндік ерекшеліктерімен айқындалды. Сондай-ақ ежелден қалыптасқан өнер дәстүріне-салтына және шикізатқа да байланысты болып келеді. Алдыңғы жақта айтып өттік, безендіру жағында да ерекшеліктер бар деп. Мысалы: Қазақстанның Оңтүстігінде ағаштан жасалатын бұымдардың бетін безендіру өзгеше. Мынадай түрлері боямен сәндеу, оюлау. Солтүстік, Орталық және Шығыс Қазақстанда сүйектен, күмістен, асыл тастармен, түсті металдармен әсемдеу кездеседі. Бұндағы олардың өзіндік ерекшеліктері.

Қазақстанның Батысында ағаш түрлері аз болғандықтан олар көбіне бояуды қолданған. Үй бұйымдарында көбінесе бедерлі ою ойылған. Әрбір жердің өзіңдік ағаштан жасалатын заттарында өзгешеліктер болған. Ол әсіресе ою-өрнек мотивтеріне байланысты. Ершілерде де өзіндік ерекшеліктері болды. Зергер, шеберлердің де бір-біріне айырмашылығы, өзгешіліктері көп. Біреуінің іскерлігіне байланысты болса, біреуінің қолданған бұйым-заттарына байланысты ерекшелігі.

Қорытындылай келе айтсақ, қазақ киімдері қазіргі уақытқа, заманға сай жаңа әдіс-тәсілдермен тігіліп, өзіндік бұрынғы сюжеттік элементтерін ұмытпау керек. Қазіргі уақытта зерттеу барысында қазақ киімдерінің қорлары молаюда. Әртүрлі модалық киім тігу үйлері ашылып, шетелдерге экспортқа шығуда.

Қай қоғамда болмасын киім тәсілі, жолдары ерекше орын ала бермек, күнде өзгеріс болып жатқан дәстүрімізді, тарихи байлығымызды қадірлей білуіміз керек.

Бүгінгі мен кешегімізді қастерлеу – қоғамның парызы. Сол қоғамды дамытушы адам. Жас ұрпақ ертеңгі қоғам иесі. Қоғам иелері қазақ халқының өмір тіршілігін қазіргі уақытқа сәнді, мәдениетті етуге тырысуда.

Ұлттық мәдениетімізді, ұлттық киімдерімізді, қолданбалы сәндік қолөнермен танытуда.


Саманта Болатқызы

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға