Жаңалықтар

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТТАНУ ҒЫЛЫМЫ

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТТАНУ ҒЫЛЫМЫ – қазақтың ұлттық көркем әдебиетін зерттейтін ғылым. Қазақ әдебиетінің тарихы, теориясы, сыны, сондай-ақ текстологиясы мен библиографиясын қарастыратын салалары бар.
29.08.2014 12:50 17169

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТТАНУ ҒЫЛЫМЫ – қазақтың ұлттық көркем әдебиетін зерттейтін ғылым. Қазақ әдебиетінің тарихы, теориясы, сыны, сондай-ақ текстологиясы мен библиографиясын қарастыратын салалары бар. Қ. ә. ғ-ның мақсаты мен міндеті – қазақ әдебиетінің туу, қалыптасу және даму жолдарын зерттеу, әдеби құбылыстар мен сыншылдық-эстет., әдеби теориялық, және ғыл.-зерттеушілік ой-пікірлерді анықтап, ғыл. жүйеге түсіру және әр түрлі қоғамдық-әлеум. жағдайлар барысында ұлттық әдебиеттің халық руханиятына, қоғамдық сана-сезімі мен ұлттық таным білігіне жасайтын ықпалын айқындау. Қазіргі Қ. ә. ғ-ның ұлттық ғылым ретінде туу, қалыптасу және даму жолы негізінен былайша жүйеленеді: 1) Қ. ә. ғ. пайда болуындағы тарихи алғышарттар кезеңі. Бұл кезең ежелгі әдебиеттен басталып, қоғамдық даму сатыларына сай 20 ғ-ға дейінгі уақыт аралығын қамтыды. Түркі жазба ескерткіштерін хатқа түсіруден бастап, 19 ғ-дың соңына дейін созылған ұзақ мерзім Қ. ә. ғ-ның тууына дейінгі тарих алдындағы дайындық кезең болғандығы, тарихи сабақтастық принципіне сай өсу-толысу, эвол. даму сипатында өткені анықталды. Ол 19 ғ. шегінде Ресей ориенталист-фольклортанушы ғалымдарының еңбектерімен ғана шектелмей, ұлтттық зиялы қауым өкілдерінің фольклортану, әдебиет тарихы мен теориясы салаларындағы зерттеу еңбектерінде белгілі бір дәрежеде өсіп, ұлттық ғылымның тууына негіз болды. 2) Қ. ә. ғ-ның туу кезеңі (1900 – 40) 20 ғ-дың басында ғұмырнамалық зерттеулердің көбеюі, ұлттық әдебиеттің тарихы мен теориясы мәселелерінің нақты сөз бола бастауы, библиогр. бағытта алғашқы қадамдардың жасалуы Қ. ә. ғ-ның пайда болғандығын көрсетті. Әдеби мұраны ғыл. игерудегі барлық талап-тілек пен әдіс-тәсілді меңгеруге дейінгі ғыл.-зерттеушілік ой-пікір 20 ғ-дың басынан бастап әдебиет тарихы мен теориясын зерттеуде, әдеби сынды тудыруда ғыл. және эстет. биіктіктерге ұмтылды. 20 ғ-дың 20-жылдары “Әдеби мұра керек пе, жоқ па?” деген мәселеде пролеткультшылдық нигилизмге қарсы күресе отырып, әдеби мұраны игеруде “бірыңғай ағым теориясының” оң бағытын пайдаланды, оны жинау, жариялау, ғыл. тұрғыда бағалау, заман талабына сай пайдалану, шығарм. үйрену секілді өзекті мәселелерді шеше алды. Ал 30-жылдары “тұрпайы социологизм” теориясының ықпалында бола тұра, фольклор мен қазақ әдебиетінің сан ғасырлық даму жолын тарихи тұрғыдан тану, зерттеу және кезеңдерге бөлу секілді келелі мәселелерге батыл бара білді. Сонымен қатар, осы уақыт аралығы Қ. ә. ғ. үшін ғыл. зерттеу әдіснамасын меңгеру, идеялық, шығарм. принциптерді игеру кезеңі болды. Қ. ә. ғ-ның туу кезеңі тап келген бұл мезгіл республика тарихындағы өте ірі оқиғалар мен орны толмас қателіктерге толы кезең еді. Халық ағарту ісінің жолға қойылуы, мәдениет орындары мен зерттеу ин-ттарының ашылуы, баспасөздің өркен жаюы, т.б. әдеби-мәдени іс-шаралар әдеби мұраны игеруге қолайлы жағдай туғызғанымен, ұлт саясатының бұрмалануы, жеке басқа табынушылық, маркстік-лениндік әдіснаманың тапшылдық, партиялық талаптары оған кері әсер етті. “Ұлтшыл-алашшылдарға” қарсы күрес пен 37-жыл зұлматы Қ. ә. ғ-ның ізашарларын, тәжірибелі әдебиетші ғалымдарды қуғын-сүргінге ұшыратты, ғыл. жұмыспен еркін шұғылдануға мүмкіндік бермеді. Осындай қиыншылықтарға қарамастан, Қ. ә. ғ. 1900 – 40 ж. аралығында өзінің туу кезеңін аяқтады. 3) Қ. ә. ғ-ның қалыптасу кезеңі (1941 – 70). Қ. ә. ғ. бұл тұста қазақ әдебиеті тарихын кезеңдеуде, жеке ақын-жазушылар шығармалары моногр. тұрғыда зерттеуде, фольклортану мен әдебиет теориясының мәселелерінде көңіл аудараралық соны қадамдар жасады. 50-жылдардың орта кезінен басталған жаңа бетбұрыс жеке басқа табынушылықтың зардаптары мен бұрмалаушылықтарды түзете бастағанымен, Қ. ә. ғ-ның ұлттық мақсат-мүддеге сай ізденістер жасауына мүмкіндіктер бермеді. Маркстік-лениндік әдіснаманың әдебиеттің таптығы, халықтығы, партиялылығы қағидалары, ұлттық нигилизмнің өріс алуы ғыл.-зерттеушілік ой-пікірдің адымын аштырмады. 4) Қ. ә. ғ-ның даму кезеңі (1970 жылдан бастап). Қ. ә. ғ-ның қалыптасу кезеңіндегі қиын-қыстау жолындағы талқыдан өткен, әдеби-тарихи, әдеби-теориялық, сыншылдық-эстет. ой-пікірді өркендетуде білімі мен біліктілігі, ғыл. сауаттылығы мен табандылығы жоғары әдебиетші, сыншы ғалымдар шоғыры пайда болды. Олар өздерінің туып, қалыптасу кезеңін толық аяқтап, 1970 жылдан бастап даму кезеңіне қадам басқан Қ. ә. ғ-ның алдына заман тартқан күрделі де көкейтесті мәселелерді шешуге жұмыла кірісті. 1970 – 80 ж. ғыл.-зерттеу жұмыстары маркстік-лениндік әдіснама ықпалында болса да ұлттық әдебиетті тарихи, теор. тұрғыдан тексеру жұмыстарында табысты қадамдар жасала бастады. Әдебиеттің тарихи бағыттары мен жекелеген жанр түрлерінің қазақ әдебиетінде өсіп-өркендеу жолдары моногр. тұрғыда жан-жақты сөз болып, теориялық мәнде нақтылы ғыл. тұжырымдар жасалынды. Әдебиет жанрлары, тегі мен түрлері: поэзия, проза, драматургия, роман, повесть, әңгіме, трагедия, комедия, юмор мен сатира арнайы зерттеу нысанасына айналды. 1990 жылдан бастап, тәуелсіздік пен еркіндік жағдайында кеңестік кезеңде кеткен қателіктер мен “ақтаңдақтар” қайта қарастырылып, жаңаша бажайлау жұмыстары жүргізілді. 21 ғ-ға қарай Қ. ә. ғ. қазақ әдебиетінің өткеніне шынайы баға бере алатын, бүгінгісіне әлемдік әдебиеттанумен салыстыра отырып, саралай алатын ғылым саласына айналды. Қысқаша айтқанда, Қ. ә. ғ. өзі пайда болғанға дейінгі тарихи алғышарттар кезеңінен бастап бүгінгі күнге дейінгі аралықта, негізінен мынадай нәтижелерге қол жеткізді: бүкіл түркі халықтарына ортақ ежелгі дәуірдегі әдеби мұраны игеруден басталған сыншылдық-эстет., әдеби-тарихилық, әдеби-теориялық сипаттағы ізденістер ұлттық ғыл.-зерттеушілік ой-пікір дәрежесіне дейін көтерілді; әдеби мұраның өте мол қоры жинақталды; қазақ фольклортану ғылымы жеке сала болып оңаша отау тікті, оның жазба әдебиетпен байланысы жан-жақты зерттеліп, түйінді тұжырымдар жасалды; қазан төңкерісіне дейінгі және одан кейінгі әдебиет тарихының көрнекті өкілдерінің өмірі мен шығарм. мұрасы ғыл. тексеріліп, моногр. тұрғыда тұтас және толық қарастырылды. Әдебиетті теориялық тұрғыда зерттеу алға басты, бүкіл-әлемдік теориялық ұғым-түсініктерді ұлттық сипатта меңгерумен қатар, жеке жанр түрлерінің туып-өркендеу жолдары жан-жақты сөз болды; қазақ әдебиетінің сыны жеке жанр ретінде қалыптасты, көркемдік дамудағы жетекшілік рөлі артты, эстет. өрелі биіктерге көтерілді, әдебиеттанудың жеке пәні ретінде кескін-келбетін анықтады; әдеби мұраны игеру мәселесіне сай ғыл.-зерттеу әдіснамасы, теориясы, тарихилық принципі біршама дұрыс шешілді; қазақ әдебиеті мектептер мен жоғары оқу орындарына жеке пән ретінде оқытылып, тұрақты оқу құралдарымен қамтамасыз етілді; ғыл.-зерттеушілік ой-пікір кеңес дәуіріндегі әдебиетті теориялық, әдістемелік тұрғыдан тексеруде, сыншылдық тұрғыда бағалауда бүкіл әлемге таныта алатындай дәрежеге көтерілді; кеңестік идеология мен маркстік-лениндік ілім әсерінен түрлі бұрмалаушылықтарға барған теріс тұжырымдарын түзетіп, тарихи тұрғыда әділ, ұлтттық сипатта дұрыс, ғыл. бағытта терең зерттей алуына жол ашты; қ. Әдебиеттану; Әдебиет тарихы; Әдебиет теориясы; Әдебиет сыны; Библиография; Қазақ фольклортану ғылымы.

Әдеб.: Жұмалиев Қ., Қазақ эпосы мен әдебиет тарихының мәселелері, А., 1958; Әдеби мұра және оны зерттеу, А., 1961; Кенжебаев Б., Ертедегі қазақ әдебиеті, А., 1967; Бердібаев Р., Қазақ совет әдебиетінің қалыптасуы, А., 1970; Қазақ фольклористикасының тарихы, А., 1988; Кәкішев Т., Қазақ әдебиеті сынының тарихы, А., 1994; Смағұлов Ж., Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы, А., 1999.

Ж. Смағұлов

"Қазақ энциклопедиясы"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға