ҚазҰУ-да "Сұңқар" кубогының жеңімпазы анықталды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Сұңқар» студенттер кәсіподағы ұйымдастыруымен КВН ойындары чемпионатының финалы өтті. Жоғары деңгейде өткен сайыс, кіл мықтыларды анықтады. Шараның мақсаты тек әзілді алға тарту ғана емес, сонымен қатар жастардың өміріндегі басты шындықтарды, студенттік өмірдің ащы шындығын әзілмен әдемі жеткізу еді. Финалдық ойынның тақырыбы "Smart-ізгілік қалашығы" болды.
"Күле білу - өмір, күлкі болу - өлім, күлдіре білу - өнер" деген. Әрдайым күліп жүру әсіресе жастар үшін қажетті. Жастардың әзіл сайысы бойынша сынға түсуі дәстүрге айналды. Студенттік өмірдің қуанышы мен қиындығы, жалпы қала жастарының бүгінгі жағдайы әзіл ретінде жеткізілді.
Ақтық мәреде филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінен «Таң қалмаңыз» құрамасы, журналистика факультетінен «Біздің құрама», Заң факультетінен «Мәке, Бәке, Шәке», саясаттану факультетінен «Әлем.кз» және физика – техникалық факультетінен «ФизФак» командалары қатысып, өнерлерін көрсетті.
Қызу тартысқа толы өткен финалдық жарыста үшінші орынды филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің «Таң қалмаңыз» командасы еншілесе, екінші орынды физика – техникалық факультетінен шыққан «ФизТех» командасы қанжығасына байлады. Ал, бас жүлде журналистика факультетінің «Біздің құрама» командасы иеленіп, "Сұңқар"студенттер кәсіподағы" қоғамдық бірлестігінің 150 000 теңге ақшалай сыйлығына ие болды. Жарыс жеңімпаздарын университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлы құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Жеңімпаздарды анықтаған әділ – қазылар алқасының құрамында Сидней олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибрайымов, тележурналист Нартай Аралбайұлы, ҚазҰУ қалашығының директоры Әбдіқаһар Әнуарұлы, «Керемет» СҚКО директоры Сайра Мұхтарханқызы және Арман Халбеков, Мейрамхан Шалқыбеков, Нұрлан Әбдіқадыров пен Айдана Сыдықовалар болды.
Жарыс соңы марапаттаулар мен құттықтауларға ұласты. Әділ – қазылар алқасының мүшесі, «Сұңқар» студенттер кәсіподағының төрағасы Айдана Дәуренқызы : "Сұңқар" кубогының" биылғы маусымы күз мезгілінен бері өз жалғасын тауып келеді және әр жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп отырады. Біздің командалар бүгін өте жоғары дәрежедегі дайындықпен келгендерін көрсете білді. Бүгінгі заман өзіне сенімді, арманын жүзеге асыра білетін жастардың заманы десек оны бүгін біздің командалар тағы бір дәлелдеді»,- деп қорытындылады.
Гүлжанат БЕЛАСАР,
Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ (фото)