Жаңалықтар

ҚазҰТУ түлегінің сайты ­– ­­әлем назарында

Александра Элбакян ашқан қарақшы сайттың мыңдаған ғалымға пайдасы тиді
15.02.2016 12:10 3697

Ғылыми жұмыстардың қолжетімсіздігі – ғылым әлеміндегі ең басты проблемалардың бірі. Олардың қымбат екені соншалық, бір еңбек үшін 30 доллар да төлеуге болады. Бірақ, соған қарамастан, зерттеушілер кейде ондаған, тіпті жүздеген  материалға дейін оқуға міндеттелетіні өтірік емес қой. Осыны әділетсіздік деп санаған Александра Элбакян есімді Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ түлегі «Sci-Hub» деген сайт ашты. Одан кез келген жұмысты тегін жүктеп алуға болады. Сайттың атағы алыс кеткені  соншалық, тіпті оны «Elsevier» ғылыми журналы сотқа беріп үлгерді.

ҚазҰТУ түлегінің сайты ­– ­­әлем назарында

Таяуда 15 мың ғалым «ғылыми жұмыстарды тым қымбат бағаға сататын «Elsevier» журналына қарсы бойкот жариялайық» деп үндеу жариялады. Бұл баспаның табысы миллиард доллардан асса да, ғалымдар өз жарияланымдары үшін соқыр тиын да алмайды екен. Өздері қызмет ететін университет журналға жазылмағандықтан, жазған еңбектеріне қолы жетпей жүргендер де көп. Ал, «Cognition» журналы материалды көпшілікке қолжетімді түрде жариялауы үшін ғалымдар оған 2 мың доллардан аса қаржы төлеуі тиіс. Ал, белді журналдарда мақала жарияламайынша, ғылым әлемінде өсу де еш мүмкін емес. Осындай тығырықтан шығу үшін ғылыми қызметкерлер ғаламторда өздерінде бар мәліметтермен бөлісетін ортақ форумдар құрыпты. Мәселен, «твиттерде» дәл осы мақсатта #icanhazpdf хештегі қолданылады.

ҚазҰТУ түлегінің сайты ­– ­­әлем назарында

Қазақ ұлттық техникалық университетінде оқыған Александра Элбакянға сайт ашу идеясы өзіне қажетті қымбат мақалаларды сатып ала алмаған кезде келген екен. Александраның 2011 жылы ашылған сайтынан іздеген дүниеңіз «LibGen» (бұл да қарақшы сайт) базасында бар-жоғы тексеріледі. Одан табылмаған жағдайда алгоритм керекті баспа не журналдың пэйволын «айналып өтеді». Оның кілтін мәлімет базасына қосылған университет қызметкерлері береді. Әр жолы алғаш рет ізделген мақала бірден «LibGen» жүйесіне қосылады. Мақала екінші рет сұралғанда «Sci-Hub» оны сол базадан алуы тиіс.

2015 жылдың қарашасында Нью-Йорк соты екі сайттың да доменін тартып алуға шешім қабылдады. Ал, «Elsevier» баспасы сотқа «Sci-Hub» сайтынан адамдар күніне мыңдаған еңбекті тегін жүктеп алатынын айтып, шағымданды. Сондай-ақ, журнал ұжымы аталған сайттың кесірінен миллиардтаған доллар шығынға батқанын да айтып отыр. Бірақ, америкалық сот алдында ешкім жауап бермейтіні айтпаса да түсінікті: «Sci-Hub» және «LibGen» серверлері Ресей мен Нидерланды елдерінде орналасқан. Ал, сайт қазір басқа доменге көшті. 

Александра Элбакян ақпаратты тарату еркіндігін қолдайды. Өзінің америкалық сотқа жазған хатында ол «Elsevier» журналын «ғалымдарды қанайды» деп сынаған.

«Егер қарақшылықтың мазмұнына үңілер болсақ, бұл ­– ақпараттың көшірілуі. Ол да біреудің жоғалған заты  келесі бір адамда пайда болатыны сияқты нәрсе. Буддада «мыңдаған шыраққа от бергеннен жалғыз шырақтың ғұмыры қысқармайды. Бақытыңды бөліссең, ол ортайып қалмайды» делінген. Осы тұста «ақпаратты көшіргеннен ол азайып қалмайды» деген сөзді қосуға болады. Керісінше, ол көбейеді» дейді сайт авторы.


Аударған Жансая Төлеген 

Деректер medusa.io сайтынан алынды

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға