Жаңалықтар

«Айына 1 миллион теңге табамыз деп келдік». Англияға кеткен жұмысшылар қанша айлық алып жүр

«Айына 1 миллион теңге табамыз деп келдік». Англияға кеткен жұмысшылар қанша айлық алып жүр
Фото: Коллаж El.kz 12.08.2024 17:30 14043

Соңғы жылдары Еуропа елдеріне жұмысқа баратын қаракөздеріміздің саны көбейген. Бірден байып кетпесе де, қомақты қаржы табу үшін шекара асатын отандастарымыздың қатары артып барады. Әсіресе, Англияға, Оңтүстік Кореяға жұмыс іздеп кеткен қазақ азаматтарын жиі көріп жүрміз. Бүгінде шетелде 200 мыңға жуық қазақстандық заңды түрде жұмыс істеп жатыр. Осы ретте  El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі «Тұманды Альбионда» жұмыс істеп жүрген азаматтарымызды әңгімеге тартып, ол жақтағы жағдайды сұрап көрді.

Келесі жылы Англияға тағы барамыз

Англияда жұмыс істеп елге оралған кейіпкеріміздің бірі – 23 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны Аружан Жолдас. Ол тұманды Альбионға жұмысқа баруға шешімді 2023 жылдың шілде айында қабылдаған екен.

«Айына 1 миллион теңге табамыз деп келдік». Англияға кеткен жұмысшылар қанша айлық алып жүр

кейіпкердің жеке мұрағатынан

Қазақстанда акушер болып жұмыс істедім. Өз мамандығыммен 5-6 ай көлемінде еңбек еттім. Сол кездегі айлығым 100-120 мың болды. Бір ай сол жалақыны күтіп өмір сүресің. Одан тамағың, жол ақың, ары-бері жүргенде су ішетінің бар. Бұл айлық Қазақстанда ештеңеге жетпейді. Отбасылы адамдар бала-шағасын балабақшаға береді. Өзің киінесің, той-томалағың бар. Баратын жерің, ішетін тамағыңа да жетпейді. Одан кейін бұл жұмыстан шығып кетіп, кафеде істедім, – дейді Аружан.  

Аружанның сөзінше, кафедегі жұмысында ол күніне 10 мың теңге алып жүрсе де ештеңесіне жеткізе алмаған. Оның үстіне бастықтар тарапынан қорқыту да болғанын жасырмады.

Олар «сүйт, бүйт» деп нұқып сөйлейді. Бұл маған ұнамады. Сонымен одан да шығып кетіп, мектепке кондитер болып кірдім. Осы жерде істеп жүріп Англияға баруға құжат тапсырдым. 2023 жылдың шілде айының 16-сында  тегін сайт арқылы өтінім бердім. Бір ай болғанда маған шақырту келді. Ешкімге ешқандай ақша бермей-ақ өзің тегін сайт арқылы өтінім беруге болады. Енді виза, билет, анау-мынау шығындарға бір адамға 700 мың теңге кетеді, – дейді ол.

Осылайша бір айдан кейін Англияға жұмысқа тұруға шақырту келгеннен кейін Аружан жолдасы екеуі буынып-түйініп дайын отырады. Құжаттарын жинап, ол жақтағылармен келісімшартқа отырам дегенше қаңтар айы да келіп жеткенін айтады.

2024 жылдың қаңтар айының 17-сі күні жолдасым екеуіміз Англияға кеттік. Шешім қабылдау бізге оңай болды. Қаңтар айында барып, арада бес ай өткен соң Қазақстанға қайтып оралдық. Англиядағы жұмыстың артықшылығы ешкім саған тиіспейді. Уақытында жұмысқа барып, жұмыс бітті дегенде қайтып отырасың. Арасында әр үш сағат сайын үзіліс береді. Одан кейін ол жақтағы тапқан табысың барлығына жетеді, – дейді.

Кейіпкердің сөзінше, Англияда тапқан табыс пен азық-түліктің бағасы бір-біріне сәйкес келеді. Тіпті табысыңнан қарағанда азық-түліктің бағасы төмен деп отыр.

Кафелерге барсаң да, қыдырсаң да ақша барлығына жетеді. Ал Қазақстанда бір-біріне жеткізе алмайсың. Тапқан табысыңның бәрі сол ішіп-жеуге кетеді. Барлығы дерлік қымбат, киім-кешек, азық-түлік, бір жерге барсаң да, балаларды балабақшаға берсең де бағасы қымбат. Мектепте оқитын балаларға әр маусымына киім аласың. Яғни, тапқан табысың мен кететін шығын бір-біріне сай емес, – дейді Аружан Жолдас.

Аружан қазақтардың көбісінің шетелге кетуінің себебі ақша жетпегендіктен деп отыр. Өзі де сол жағдайды бастан өткергесін де көзі жеткен.

Англиядағы бір күндік табысымызға сағатына 6500 мың теңге төленіп отырды. Сонда бір күнде 10 сағат жұмыс істесең, 65 мың теңге қолыңда бар деген сөз. Егер бір айда 1 миллион тапсаң, шығындарыңмен бірге есептегенде 700-800 мың теңге қолыңда қалады, – дейді Англияға аттанған қазақ қызы.

Англияға кетуге түрткі болған бұл қаржының жетіспеушілігі, жалақының аздығы мәселесі екенін айтты. Әрі тиктоктан қайта-қайта шыға бергесін, осы елді зерттеп көруге бел буыпты.

Негізі алғашында жолдасым екеуіміз Корея мемлекетін зерттедік. Сүйтіп оған өтінім тастап, құжат тапсырып көрген едік, алайда өте алмадық. Осыдан кейін Англияға қажет құжаттың бәрін тапсырып, қабылдағасын барып жұмыс істеп келдік, – дейді Аружан Жолдас.

Қазақстан азаматтарының шетелге барып жұмыс істеуінің белең алуына әртүрлі себеп бар. Бірақ соның бастысы бұл еліміздегі күнкөріс деңгейінің төмендігі екенін айтады.

Қазақстан азаматтарының Англияға, басқа да Еуропа мемлекеттеріне барып жұмыс істеуі – қаржының жетіспеуі. Бәрінің басында несиесі бар. Одан кейін бала-шағаны киіндіру қажет болады, тамағың, несиеге алған көлігің бар. Соны төлеу керек деген сияқты мәселе бар деп ойлаймын. Кредит алады, оны жаба алмайсың. Осыдан кейін шетел аспағанда қайтеді?!, – дейді.

Қазақстан азаматтарына ол жаққа ешқандай қысым жоқ екенін айтады. Тек қазақтар ғана емес, қырғыздар, тәжіктер, украин, болгар, румын сияқты барлық ұлт өкілдері барып жұмыс істеп жатқанын тілге тиек етті.

Солардың барлығы бір жерге жиналып, егіс алаңында, одан кейін пакхауста жұмыс істейді. Пакхаус деген тапсырыс қабылдайтын үлкен қойма болып табылады. Сондай-ақ жылыжайдан да жұмыс береді. Біз барған уақытта қыс айы болатын. Алғашында алаңда гүл тергізді, ол жерде белгілі бір норма бар. Соны орындағанда сонша айлық аласың. Мұны екі апта істеп, одан соң пакхаусқа ауысып кеттік, – дейді.

Аружанның сөзінше, егіс алаңындағы жұмысқа қарағанда қойманың ішіндегі шаруа жеңіл дейді. Өйткені ауыр зат көтермейсің. Ең алғаш Англияға топ етіп түсе қалғанда алаңдағы жұмыс оларға қиынға түскен көрінеді.

«Айына 1 миллион теңге табамыз деп келдік». Англияға кеткен жұмысшылар қанша айлық алып жүр

кейіпкердің жеке мұрағатынан 

Жаңбыр, бұршақ жауаса да, күн шығып, жел тұрса да үстіңнің бәрі жаңбырға малмандай болсаң да  берілген жұмысты соңына дейін істеу қажет болады. Өйткені әр сағат, әр минутыңа олар ақша төлейді. Егер қатты жауарап, ауырып бара жатсаң сұрануға болады. Сол уақытқа дейін істеген сағатың есептеліп, әріқарайғы сағатың саналмай қалады, – дейді.

Қиындықтары осы болғанын айтады. Тіпті еңкейіп-шалқайғанның өзінде аяқ-қолдары ауыратын кездері болатынын жасырмады.

Осылайша басында екі-үш аптадай бізде осындай қиындықтар болды. Қойманың ішінде алаңда жинаған заттар сұрыпталады және оны дүкенге жіберуге дайындайды. Арасында екінші фермаға да ауысып істеген кезіміз болды. Бес-алты ай уақыт осылай өте шықты, – дейді ол.

Ал Англияға барып үйренісу қиынға соқпайтынын тілге тиек етті. Тек жұмыстың ауырлығы болмаса, келесі жылы тағы барып жұмыс істеуге ниет етіп отыр.

Көп ақша табу үшін келдік

Айгерім Орынбаева да Англияға маусымдық жұмысқа аттанғандардың бірі. Бұл мемлекетте жұмыс істеп жатқанына екі жылдай болып қалыпты. Ал Қазақстанда акушер ісі мамандығы бойынша роддомда жұмыс істегенін атап өтті.

«Айына 1 миллион теңге табамыз деп келдік». Англияға кеткен жұмысшылар қанша айлық алып жүр

кейіпкердің жеке мұрағатынан 

Акушер ісі мамандығы бойынша роддомда жұмыс істедім. Сол кездегі еңбек табысым 230 мың болды. Англияга ең алғаш 2023 жылы бардық. Осы жылы екінші мәрте келіп отырмыз. Англияға келуге түріткі болған мәселе біріншіден жолдасымның қалау болды және ақша көп табатын болғасын осындай шешімге келдік. Алғашында бірден үйренісіп кете алмадық. Тіл білмегесін жат ел қорқынышты болды. Бірақ уақыт өте үйренісіп кеттік, – дейді Айгерім Орынбаева.

Айгерім шетелге барып, жұмыс істеймін деген ой болмағанын айтады.

Бұл мемлекетке таныс арқылы немесе біреуге ақша беріп өткеннен кейін келмедік. Осы елге келіп, жұмыс істеп, ақша тапқымыз келді. Жолдасымның шешімі бойынша жұмыс істейміз деп шештік. Ал менің ойымда шет мемлекетке шығып, жұмыс істеймін деген арман болмаған. Бәрі аяқастынан болды, – дейді ол.

Бір күндік айлықтары бастықтардың берген жұмысына қарай берілетінін айтты.

«Айына 1 миллион теңге табамыз деп келдік». Англияға кеткен жұмысшылар қанша айлық алып жүр

кейіпкердің жеке мұрағатынан

Келісімшарт бойынша бізге сағатына 11,54 (фунт), яғни теңгемен 6 мың төлейді. Бірақ неғұрлым көбірек істесек, соғырлым көп береді. Адамдары өте сабырлы, өздерін сыпайы ұстайды. Өзіңді иммигрант ретінде сезінбейсің. Тіл білсең, тіпті күшті. Жалпы мұнда тапқан табыстың 10 пайызы азық-түлікке кетеді, – деді Англиядағы қазақ қызы Айгерім.

Қазір қазақстандықтардың көбі Англияға маусымдық жұмысқа кетіп жатқанын байқаймыз. Мұның басты себебі еліміздегі табыс көзінің аздығы және өмір сүру сапасының күннен күнге төмендеуінен екенін айтады.

⁠Сол себепті сырт елге жұмыс істеуге кетіп жатыр деп ойлаймын. Бұл менің жеке ойым. Англияға 6 ай жұмыс істеуге келдік. Бірақ Қазақстаныма ештеңе жетпейді. Басқа елде жұмыс істесем де, өз елімді шет елмен алмастыра алмаймын. Мұнда тек табыс табу үшін келдік, – деді Айгерім Орынбаева. 

Маусымдық жұмыстарға шақырмаймын

Халықаралық қаржы компаниясында жұмыс істейтін Асқар Сағитжан қазіргі таңда Лондонда тұрады. Ол Еуропаға барғысы келетін азаматтарға туристік бағытта қызмет көрсетіп қана қоймай, Лондонға келіп жұмыс істеуге ниеті бар адамдарға виза алып беру, үй табу, жұмысқа орналасуға көмектесетінін айтады.

«Ағылшын тілі көп жерде міндетті емес, десе де ағылшын білген адамға біраз жерде көп жалақы ала алатындай мүмкіндік бар. Бізден виза алып, Еуропаның әр жеріне жұмысқа орналасып жатқандардың біразы қоймада, зауытта, фабрикада істейді. Мәселен Польшада істейтіндердің айлық табысы кем дегенде 400-600 мың теңге аралығында», – дейді Асқар Сағитжан.

Сондай-ақ ол Англияда маусымдық жұмыстарды ұсынбайтынын және бұған адамдарды шақырмайтынын айтады.

«Айына 1 миллион теңге табамыз деп келдік». Англияға кеткен жұмысшылар қанша айлық алып жүр

кейіпкердің жеке мұрағатынан 

Біз маусымдық жұмыстарға азаматтарды шақырмаймыз. Оған өздері белгілі бір сайт арқылы өтінім тастап бара алады. Ал біз бұл мемлекеттерге тур және оқу визалары арқылы баруына көмектесеміз. Ол жақта айлық деген жоқ. Аптасына немесе 2 аптада бір рет алып отырады. Істеген сағатына, ісіне, нормасына төленеді. Орташа 2000£, – дейді ол.

Асқар Сағитжанның сөзінше, шетелде жұмыс істеудің артықшылығы ақшасы дұрыс, жұмыс жағдайы жақсы, орта өзгереді, тіл үйреніп, ел көреді. Бір сөзбен айтқанда, адам секілді өмір сүресің деп отыр.

Ал қиыншылығы – адамның ол өз ойы. Дұрыс ойлана білсең, түк қиын емес. Елде жақсы еңбекақымен жұмыс жоқ, жағдай жасалмаған, несие, қарыз көп. Түпкілікті Қазақстаннан Лондонға көшіп келмедім. Арасында келіп-кетіп жүремін. Негізгі қызметіміз тек қана Англияға байланып қалмаған, – дейді Лондонда тұратын қазақ жігіті Асқар Сағитжан.

Құрылыс компанияларда жалақы 500 миллионға дейін барады

«Шетелге барып, толағай табысқа кенелесің» деп айласына құрық бойламайтын алаяқтар талай адамдарды сан соқтырып жатыр. Ал кәсіпкер Жансерік Шерін 2022 жылдан бері шетелдік компаниялармен келісімшарт жасасып, жұмыс істеуге ниеті бар еліміздегі азаматтарды Еуропаға заңды түрде жұмысқа орналасуға көмектесіп жүргенін айтады.

Бір туристік фирмада заңгер ретінде жұмыс істедім. Сонда байқағаным, қазақтың ұл-қыздары анда ақша жоғалттық, мұнда алдандық деп жиі келетін. Сол кезден бастап заңсыз Кореяға немесе басқа мемлекетке бармаңдар деп айта бастадым. Заңды түрде жұмысқа орналасуға Ұлыбританияға біраз адамды жібердім, – дейді.

Кейіпкеріміздің айтуынша, Англияда үкіметтің тендерін ұтқан, үш компания бар. Солармен келісімшарт жасап, отандастарымыздың біразын жұмысқа тұрғыздық деп отыр.

Жұмысқа орналасар кезде оларға анкетаны дұрыс толтыруға және сұхбаттасу кезінде не айту керегін түсіндіреміз. Одан өткен адамдар 47 күннің ішінде сырт елге фермаларға жұмысқа кетіп отырды. Бұдан басқа құрылыс компаниялар бар. Онда істейтіндердің табысы 500 миллионның арасында болады. Ал зауыт, фабрикада істейтін қарапайым жұмыскерлер 40 сағатқа 350-450 мың теңгенің көлемінде алады, – дейді.

Ал тәжірибе жинап алған жұмысшылар әріқарай 6 күндік, 14 сағаттық жұмысқа 250 мыңға дейін істей алатынын айтады.

Сонда қарапайым жұмыстың өзінің табысы 600-800 мыңға дейін барады. Жататын орнына орташа 50 мың, ал тамағына 70 мың кетеді. Біз Польша, Словакия, Польша арқылы Чехияға жұмысшыларды жібергенбіз. Кетіп жатқан азаматтардың орташа жасы 21-ден 55 жасқа дейін. Әртүрлі жұмыс, жалақыны істей алатынына қарай жас шамасына байланысты алады, – дейді Жансерік Шерін.

Бір жылдың ішінде мыңға жуық адамның жұмысқа орналасқанын тілге тиек етті.

Бізге 50-ден кейін жүгінетін адамдар да бар. Мәселен 65-тегі егде жастағы ағамыз жеміс-жидек жинауға жұмысқа тұрды. Мен жеке кәсіпкер болғандықтан, салығымды төлеп заңды түрде өз жұмысымды істеп отырмын. Шетелдегі адамдармен келісіміңіз болса, ондағы жұмыскерлерді қадағалап отырсаң болды. Бұл адамдарды да қадағалау оңай емес. Олардың сол елге барып, қайта аман-есен келуін бақылайтын көмекшім бар, – дейді жеке кәсіпкер.

Маусымдық жұмысқа аттанғандардың алды осы желтоқсан айында елге келе бастайтынын айтады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға