Жаңалықтар

Қайым Мұхамедхановтың туғанына – 105 жыл

Қайым Мұхамедхановтың туғанына – 105 жыл
Фото: © El.kz 24.11.2021 15:50 5718

Биыл ғалым, абайтануды ғылыми негіздеуші, шәкәрімтанудың негізін қалаушы, текстолог, Семейде Абай мұражайын ұйымдастырушы, ұстаз, ақын, жазушы, драматург, әдеби аудармашы, қоғам қайраткері Қайым Мұхамедхановтың туғанына – 105 жыл толып отыр. Осы бір айтулы датаға орай ғалым ағамыз туралы естеліктермен бөліскенді жөн санадық.

Қайым Мұхамедхановтың туғанына – 105 жыл

 

Қайым Мұхамедханов – Қазақ ССР Гимнінің авторы, КСРО Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының, Жазушылар одағы сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Халықаралық Абай академиясының (Лондон) Алтын медалінің иегері, профессор, КСРО және Қазақстан халық ағарту ісінің үздігі, Семей, Аягөз қаласының, Жаңасемей, Абай аудандарының Құрметті азаматы, 1000-нан аса ғылыми еңбектің авторы.

 

Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әзілхан Нұршайықов атамыз студент кезінде Қайым Мұхамедханов бабамыздың шапағатын көрген, батасын алған жандардың бірі. Әзілхан ағамыз 2005 жылы 16 наурызда жазған «Қайым аға туралы екі ауыз сөз» атты естелігі мен жазушы Кәмен Оразалиннің 1986 жылы 17 қаңтарда «Семей таңы» газетіне шыққан «Ұстаз өркені» атты жазбасын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 

Қайым аға туралы екі ауыз сөз

 

Мен 1940 жылы Семейдің Н.К.Крупская атындағы педагогикалық институтының тіл және әдебиет факультетіне қабылдандым. Институт директоры Санников деген кісі болатын. Мен сол кісінің қабылдау бөлмесінде отырғанмын. Мәселе мынадай еді: сол жылы Семей қазақ педучилиіцесінің екінші курсын бітіргенмін. Алдағы оқу жылында училищеміз Аягөзге көшірілетін болды. Мен Семейге Алматыдан келген едім. Семейден Аягөзге барғым келмеді. Сондықтан мені «бірінші курсқа емтихан тапсыруға рұқсат етіңіз» деген арыз жазып, институт директорына келдім. Рұқсат етсе, емтихан тапсырып қалайын, рұқсат етпесе, Алматыға қайтадан кетейін деп ойладым. «Мәселем қалай шешілер екен?», - деп іштей мазасызданып отыр едім. Қабылдау бөлмесінің есігі ашылып, аржақтан орта бойлы, аққұба жігіт келіп кірді.

Қайым Мұхамедхановтың туғанына – 105 жыл

 

Қара шашын оң жағына қарай жыға қайырған. Үстінде косоворотка (украинша ақ көйлегі) бар, жүзі жылы кісі. Қабылдауда жалғыз мен ғана отырғанмын. Ішіндегі кісі шыққаннан кейін кабинетіне кірмекпін.

 

Аққұба кісі хатшымен сәлемдескеннен кейін, маған қарай бұрылды.

 

– Не шаруамен келіп едің, қалқам? - деп сұрады.

 

Мен жайымды айтып, қолымдағы өтінішімді көрсеттім.

 

– Қай факультетке түсейін деп едің? - деді содан соң

 

– Тіл-әдебиет факультетіне.

 

– Өлең жазатын ба едің?

 

– Ептеп.

 

– Фамилияң кім?

 

– Нұршайықов.

 

– Атың?

 

– Әзілхан.

 

– Ой, сен «Екпінді» газетінде өлеңдерің шығып жүретін ақын жігіт болдың ғой?

 

– Азын-аулақ өлеңім басылған еді.

 

– Сенің онда шыққан бар өлеңдеріңді оқығанмын.

 

Разымын. Мен осы институтта қазақ әдебиетінен сабақ беретін ассистентпін. Фамилиям Мұхамедханов. Алматыны қайтесің? Онда сенсіз де ақындар көп. Семейге де ақын керек. Сен осында қал.

 

Осылай деп ол қолымдағы арызымды алды.

 

– Институт қабылдаса қалар едім, - дедім мен.

 

Осы кезде кабинет есігі ашылып, іштегі адам шықты.

 

Қайым Мұхамедханович, кіріңіз, - деді хатшы қыз

 

орнынан көтеріліп.

 

– Мен мына жігітпен бірге кіремін, - деп аққұба ағай

 

мені қолтығымнан алып, кабинет есігіне қарай аяңдады.

 

Директор ұзын бойлы сары кісі екен. Қайым ағамен де, менімен де қол беріп амандасты.

 

– Құлағым Сізде, Қайым Мұхамедханович, - деді содан соң.

 

Қайым аға әңгімені алдымен менің шаруамнан бастады. Училишцемен бірге Аягөзге барғым келмейтінін айтты.

 

– Өлеңдері облыстық газетте жиі шығады. Ақын жігіт. Түптің түбінде Семейдің атын шығаратын ақындарымыздың бірі осы жігіт болады. Осы жігіттің біздің факультетке емтихан тапсыруына рұқсат етуіңізді сұраймын, - деді.

 

Директор өтініш қағазыма қолын созды.

 

–Бұл жігіт болашақта Сізбен біздің де атымызды ұмытпайтын болады ғой онда? - деді директор, қолымдағы қағазды алып тұрып, күле сөйлеп.

 

Жақсы шәкірт, ұстаздарын ешқашан ұмытпайды, Григорий Александрович, - деді Қайым аға мені қолпаштап.

 

Директор: «1-курсқа емтихан тапсыруға рұқсат етілсін» деп, өтінішіме бұрыштама жазып, «Г.Санников» деп қолын қойды. Сөйтіп, мен емтихан тапсырып, институттың бірінші курсына қабылдандым.

 

Институт аудиторияларының табалдырығын аттадым. Қуанышымда шек жоқ. Ұстаздар оқыған лекцияларды зер сала тыңдаймын. Тыңдап қана қоймай, тиянақтап, конспектілеп отырамын. Бір курста оқитын отыз шақты бала бір-бірімізбен танысып, күн сайын жақындаса түсудеміз. Бұрыннан таныстар бір партаға жайғасып та алған. Маған ең артқы партадан орын тиді. Қасымда тұңғиықтау қара торы жігіт бар. Көп сөйлеспейді.

 

Бір күні қазақ әдебиетінен лекция болды. Лекторымыз Қайым ағай екен. Оң жағына қарай қайырып, маңдайына түсіре түскен шашын анда-санда сипап қойып, байыпты қалыппен лекция оқып отыр. Жасы 24-25 шамасында. Уыздай жас жігіт. Бірақ, сөзі салмақты, ойы орнықты. Қағазға қарамайды. Анда-санда алдына қойған қол сағатына көз салып қояды.

 

Лекциясын аяқтай берген кезде артжақта отырған маған ұстаз ағаның көзі түсті. «Таныдым» дегендей, басын изеді де, лекциясын жалғастыра берді. Бір кезде сөзін тоқтатып, маған үн қатты.

 

– Әзілхан, сен түскен екенсің ғой? Сен институтқа қабылданды ма, қабылданбады ма деп алаңдап жүр едім, - деді.

 

– Түстім аға, - дедім, орнымнан атып тұрып.

 

– Түскенің жақсы болған. Қасыңда отырған жігітпен таныстың ба?

 

– Танысып жатырмыз, аға, - дедім.

 

– Таныссаңдар – ол менің Мәукен деген туған інім. Сен рухани інімсің ғой. Екеуіңнің бірге отырғандарың жөн болған, жұптарыңды жэзбаңдар, - деді ұстаз орнынан тұрып.

 

Мәукен Мұхамедханов екеуіміз тату дос болдық. Институтта жұп жазбайтынбыз. Сабақ біткеннен кейін мен оны Ертіс жағасына шығарып салатынмын. Ол моторкаға мініп, Жаңа Семей жақтағы үйіне кететін. Мен Достоевский 124-тегі институт жатақханасына қайтатынмын.

 

Келесі жылы Ұлы Отан соғысы басталды. Мәукен екеуіміз бірімізден соң біріміз майданға аттандық. Әдіріс білмегендіктен соғыс кезінде хат алыса алмадық. Соғыстан кейін Қайым ағамен бір жолыққанда Мәукенді сұрадым.

 

– Мәукен досың хабарсыз кетті ғой, қалқам, - деп Қайым күрсіне жауап берді.

 

Мен 1941 жылы Алматыда жасақталған 100-қазақ атқыштар бригадасының жауынгері болдым. Артиллерист едім. Артиллерист (зеңбірек командирі) күйімде соғысты аяқтадым.

 

Майданнан 1945 жылдың аяғында қайттым. Әскери эшелон Алматыға келгенде пойыздан түсіп қалдым, өйткен себебім: әкем де, әкемнің інісі - ағайым да Ұлы Отан соғысында опат болған. Шешем соғыс кезінде елде қайтыс болған. Елде ешкімім жоқ еді.

 

Қалтамда бес жыл бойы көзімнің қарашығындай сақтап жүрген бір қымбат қағазым – анықтамам бар еді. Онда менің Семей пединститутының бірінші курсын бітіргенім айтылып, «институт директоры Г.Санников» деп жазылып, қол қойылған болатын.

 

Алматыда пойыздан түскеннен кейін сол анықтаманы С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетіне көрсеттім. Бірден филология факультетінің екінші курсына қабылдандым. Қайым аға мен Санниковты сонда бір есіме алдым. «Жақсыдан – шарапат» деген осы екен-ау! - дедім.

 

1946 жылы жазғы демалыс кезінде Семейге келіп, облыстық «Екпінді» газетіне уақытша қызметке қабылдандым. Маған жауапты хатшының орынбасары деген лауазым берілді.

 

Бір күні мен отырған кабинетке бір таныс адам кіріп келе жатты. Баяғы аққұбаөнді, шашын оң жағына қарай жыға қайырған жылы жүзді кісі. Қайым аға екенін бірден танып, орнымнан атып тұрдым. Екеуіміз құшақтасып көрістік. Қолындағы папкасын үстел үстіне қойып, аға әңгімесін бастады.

 

– Мен сенің майданнан «Екпіндіге» жіберген барлық шығармаңның бірде-бірін көзімнен таса қалдырғаным жоқ. Бәрін бір папкаға салып, жинақтай бердім. Сенің аман келуіңді тіледім. Әрине, аман келеді деп сендім. Сондықтан да сенің «Екпінді» газетінде басылған бар өлең, очерктеріңді бірін қалдырмастан бір папкаға салып, тығып қойдым. Ішінде: «Қазақ өлеңі», «Семейліктер Отан үшін күресуде» деген қызықты прозалық шығармаларың да бар. Сенің соғыстан аман келгеніңді біліп, осы редакцияда қызмет істеп жүргеніңді естіп, құшақтап бетіңнен сүйейін деп әдейі келдім, айналайын. Мына папкада сенің соғыстан жазған шығармаларың тегіс бар. Өзіңе тарту ретінде әкелдім, - деді де, папкасын маған ұсынды.

 

Ішін ашып қарасам: бар шығармамның інетінде «Әзілханға» деп Қайым ағаның қолымен арабша жазылып белгі соғылыпты.

 

Мен ұстазыма рахмет айттым. Одан кейін өзінің інісі, менің досым Мәукенді сұрадым. Қайым аға жоғарыдағыдай жауап берді.

 

Университет бітіргеннен кейін мен Семейге бара алғаным жоқ. Алматыда қызметте қалдым. Қайым аға өзінің туған Семейінде жүріп жатты.

 

1996 жылдың басында Қайым аға 80 жасқа толды. Соның қарсаңында мен ол кісімен Жазушылар одағында кездестім. Өзінің 80 жасқатолуына байланысты Семейде өтетін тойға шақыру билетін үлестіруге келген екен. Маған да бір билет берді. Мен оны оқып отырып:

 

– Қайым аға, неге бірде-бір мемлекеттік наградаңыз жоқ? - деп сұрадым.

 

– Ой, қарағым-ай, айдалып-байланып жүрген кісіге үкімет награда беруші ме еді? - деді ол қолын бір сілтеп.

 

Ағаның бұл жауабы мені ойға батырды.

 

– 2003 жылы күзде Семей қаласындағы бұрынғы мен оқыған Абай атындағы педучилиішценің, қазіргі Әуезов атындағы педагогикалық колледждің 100 жылдығы болды. Оның тойына бұрынғы студенттердің бірі мен де шақырылдым.

 

Қайым Мұхамедхановтың туғанына – 105 жыл

Қалада салтанатты жиналыс өткен күннің ертеңінде мен Абай ауданына бұрылып, Абай мен Шәкәрім басына барып қайттым. Қос ақ күмбездің ішіне кезек кіріп, екі ұлы ақынға тауап еттім. Одан кейін Жүрекадыр ауылына барып, атақты Шәкер ақынның мазарын көріп, топырағын сипап қайттым.

 

Абай ауданынан оралған күннің ертеңінде сәлем беруге ұстазым Қайым ағаның үйіне бардым. Аға аяғын мертіктіріп алып, төсекте жатыр екен. Екеуіміз құшақтасып көрістік. Бірсыпыра әңгімелестік. Содан кейін мен рұқсат сұрап, аэропортқа барып, Алматыға аттанып кеттім.

 

Онда ұстазым тың еді. Бұл ұстазым екеуіміздің соңғы кездесуіміз деп ойлағаным жоқ.

 

«Ұстаз аға 2004 жылы 8-маусымда өмірден өтті. Бұл қаралы хабарды мен «Қазақ әдебиеті» газеті редакциясының қызметкерінен естідім. Ол газеттің шыққалы жатқан нөмірінде Қайым аға туралы қазанама берілетінің айтып, менің қоштасу сөз жазып беруімді сұрады.

 

Ардақты ұстазымның өліміне қабырғам қайысып отырып, мынадай қоштасу сөз жаздым:

 

Қош, менің қымбатты ұстазым!

 

Кәкең менің ұлағатты ұстазым еді. 1941 жылы Семей институтында оқып жүрген кезімде Кәкең бізге қазақ әдебиетінен дәріс оқыды. Мені зерек шәкіртімнің бірі деп бағалады. Сол институтта Кәкеңнің туған інісі Мәукен екеуіміз қол ұстасып, майданға аттандық. Менің майданнан жіберген «Кесет» деген поэмамның Семей облыстық «Екпінді» газетінде шыққан бір данасын өз архивінде 4 жыл бойы сақтап, соғыстан келгеннен кейін өзіме берген еді.

 

Кәкең Абайтану ғылымының ең білгірі болды. Бүкіл ғұмырын абайтану ғылымын өркендетуге жұмсады. Абай шығармаларының текстологиясы туралы тамаша зерттеу еңбегін жазды. Одан басқа артына «Абайдың ақын шәкірттері» деген төрттомдық қымбат қазына қалдырды. «Абай» энциклопедиясын шығаруға аямай атсалысты.

 

Кәкең ұлы Мұхтар Әуезовтің ең жақын досы болды. «Абай жолы» эпопеясына байланысты көп деректі Мұхаң Кәкеңнен – Қайым Мұхамедханұлынан алды. Былтыр Семейге барғанымда сүйікті ұстазымның үйіне кіріп, сәлем берген едім. Ұстазымның жүзін көріп, қолын ұстап, құшақтасып, қуанып қайтқан едім. Енді бүгін ол кісі туралы қайғылы хабар естіп, қайғырып отырмын.

 

Енді не айтайын, не дейін, топырағың торқа болсын, жан аға, ардақты ұстаз! Атыңыз өшпесін, еңбегіңіз ел қазынасы ретінде халыққа мәңгілік қызмет ете берсін!

Естелік авторы

Әзілхан Нұршайықов

 

Ұстаз өркені

 

1986 жылдың қыркүйегінде қазақ педтехникумының бірінші курсына түстім. Сол жылы Жаңасемейдегі жеті- жылдық қазақ мектебін бітіргенмін. Мектеп жанында жатақханасы болғандықтан ауылдан оқу іздеп келген жастардың көбі-ақ мұндай басы-арқасы кең жерге орналасуға тырысатын. Жатақханада жатып оқуға дағдыланған маған қазақтың педтехникумында оқу алғашқы күннен-ақ ауыр тиді. Осындай дел-салдықпен жүрген кезімде «Семейдің өзінен орта мектеп ашылды» деген жақсы лақап ду етіп тарай бастады. Жатақханасының да барлығын білдім. Көп ұзамай мектептің бала қабылдап жатқанын да естідім. Менің іздегенім де сондай оқу орны болатын. Қазақ педтехникумынан шығып, ол кездегі №11 қазақ орта мектебінің 8-класына келіп орналастым.

Қайым Мұхамедхановтың туғанына – 105 жыл

 

Жатақханадан да орын берді. Қазіргі Совет жөне Комсомол көшелерінің бұрышында тұрған үш қабат сары ала үй оқитын мектебіміз, әрі жатын орнымыз болды.

 

Кластағы оқушылар Ақсу ауданы мен Үшарал, Павлодар, Өскемен, Қарқаралыдан келгендер еді. Оқушылардың жас шамасы 16 мен 18-дің арасы. Солайша Семей өңірінің ортасында ашылған орта мектептің 26 баласының бірі болып, сабаққа кірістім.

 

Алғашқы күндерде қазақ әдебиетінен бір татар әйелі берін жүрген еді. Қазан айының орта шенінде:

 

– Бүгін сендерге басқа мұғалім береді, - деген мектептегі оқу ісі меңгерушісінің хабарламасын естідік. Ол жылдар Семейде институт бітірген адамдар некен-саяқ. Арнаулы мамандығы жоқ адамдар да сабақ бере беретін кез. Мұғалімдердің жиі ауысатыны бізді таңдандыра қоймайды. Әйтеуір, сағат бос өтпесе екен дейтін бәрімізде де ниет бар. Білімге ынтызарлық қай-қайсымызды болса да, қолымызға сирек түсетін кітаптарға үңілтетін уақыт, қазақша оқу құралдары жоқ. Үнемі конспект жазумен боламыз. Бірен-саран кездесетін кітаптар – өлең мен әңгімелер жинағы қолдан қолға зыр жүгіретін еді.

 

Үшінші сабақ қазақ әдебиеті болатын. Қоңырау соғылысымен жаңадан келетін оқытушыны тосып, орын-орнымызға жайғастық.

 

«Үнсіздікпен қанша уақыт өткенін білмеймін, есік ашыла берген кезде-ақ сатыр-сұтыр орнымыздан тұрып үлгердік. Сол қолына класс журналымен бірге бүктемелі портфель ұстаған орта бойлы келген жылы жүздіақ сары жігіт келіп кірді. Байсалды ажарына орай жүрісі де салмақты, жайлап басып кеп мұғалімдер отырып жүрген үстелдің жанына кеп тоқтады.

 

– Амансыңдар ма?

 

Біз мұндайлық жылы шырайлы кездесуге үйренбегендіктен бәріміз ілгерінді кейінді жапырласа үн қаттық. Осыдан соң ғана ол қолындағыларын үстел үстіне қойып, бәрімізге түс тоқтата класс бөлмесін көзімен сүзіп шықты.

 

Біз оның әрбір қозғалысын мүлт жібермей бағып, қадала қарап қалғанбыз. Әдетте кейбір оқытушылардың мұндайлық жүздесуден қысылып тұратындары да кездесуші еді. Бірақ бұл жолғы кездесуіміз олай болған жоқ. Оқытушымыз жиырмадан жаңа ғана асқан жас жігіт екен. Өзін өкшелеп қалған оқушылар алдында бойын кең, байсалды ұстап, ажары салиқалы адаммен кездескенімізді паш еткендей таңдана да, таңырқай да, сүйсіне де қарауымызды әлі тоқтата алғамыз жоқ. Қара шашын милықты келген маңдайының екі шекесіне бөліп тарапты.

 

Кластағы оқушыларды тегіс шолып болғаннан кейін ғана:

 

– Шын атым Ғабдұлқайым, әкем аты - Мұхамедхан,- деп өзін таныстырды. Осыдан кейін ғана орнына отырып, журналдағы тізім бойынша әрбір оқушының қай жерден кеп, қайдан оқығанымен таныса бастады. Әлден соң, кезек маған жетіп:

 

– Шыңғыстау ауданынанмын, - дедім. Осы бір сөзді естісімен ол маған барлай қарап алыш:

 

– Абай ауылынан болдың ғой, - деді.

 

Ол кезде Абайды феодализмнің ақыны санап, оның өлеңдерін айтпақ түгіл данышпан атамыздың атын атауға да қорқатынбыз.

 

Жаңа келген мұғалімнің аузынан мұндай сөз естимін деп ойламаған менің маңдайымнан тер бұрқ ете қалды.

 

Күтпеген жерден тосын қойылған сұрақ оқушылардың назарын енді маған аударып, қысылғандықтан тынысым біткендей боп, жауап беруге батылдығым жетпей қалды. Менің үнсіздігім оқушыларды да әлде қандай бір белгісіз жайдан хабардар еткендей болса керек.

 

Ол жылдар қазақ әдебиетінің бағдарламасы дегенмен біз таныс емеспіз. Мұғалімнің күнделікті сабақта айтқанымен ғана шектелетінбіз. Қазақтың ақын-жазушыларымен бірге А.С.Пушкин, Н.В.Гоголь, М.Ю.Лермонтов шығармаларын да оқитын едік.

 

Қайым Мұхамедхановтың туғанына – 105 жыл

Әлі есімде, сол алғашқы сабағында ол А.С.Пушкиннің «Дубронскийі» туралы әңгіме қозғады. Повестің қысқаша мазмұнын айтып шықты да, ұлы орыс ақыны А.С.Пушкиннің Дубровекий бейнесі арқылы өмірге көзқарасын сөз ете келіп, оны қазақ халқының тарихымен байланыстырып кетті. А.С.Пушкинді қазақ халқының Абай арқылы ерте білгенін сөз ете келіп, «Евгений Онегин» романына ойысты. Абай аударған А.С.Пушкин өлеңдеріне тоқталып, М.Ю.Лермонтов пен И.А.Крыловқа да соқты. Жап-жас жігіттің сөйлеу мәнері қайран қалдырды. Әлі бізге мағлұм емес көп жайлар түсінікті де орамды мағыналар тауып, көл-көсір әңгіме қозғалып, ойыңды алысқа мега ете берді. Жас шамаларымыз ересек болғандықтан ба, жоқ әлде әңгіменің қызғылықтылығы ма, әйтеуір сабақ үстінде мүлгіген тыныштық қана тұнып тұрды. Абай туралы алғаш рет көл-көсір әңгімені осы сабақ үстінде естумен болдық.

 

Бір кезде мұғалім маған бұрылып:

 

– Сенің Абайға жақындастығың қандай, руыңды айтты? - деді.

 

Орнымнан қалай атып тұрғанымды да білмеймін, сасқалақтап:

 

– Құндызды деген жерденмін, - дегенімде ол:

 

– Туысың алыс болмады ғой онда, - деп қалды.

 

Алғашқыдан әрмен қысылдым. Бірақ мұғалімнің өзі Абай жайлы бір сағат сөйлеген соң, бір себептен іштей қуанышты да едім. Қоңырау соғылды да, ол есен-саулық тілеген ишарат жасап, кластан шығып кетті. Осы кезде ғана біз бір-бірімізді енді көргендей күлімдесе қарасып, таңырқай да, таңдана да бас шайқастық. Басқа мұғалімдердің сабағында жиі болып жүрген қыбыр-сыбыр бұл сағатта сезілген де жоқ. Тынысты тарта әңгімеге құлақ түрген біздер енді-енді сөзге келдік.

 

Үзіліске шықпадық. Клас болып жаңағана айтылған әңгімелерді қайта жалғастырдық та, гу-гу сөз ұлғая түсті. Әскер қатарына шақырылып жүрген ақсулық Таңатов дейтін жігіт әзіл-шынын араластырып маған:

 

– Сен өзің ата-тегіңді жасырып жүрекенсің-ау,- деді.

 

Қазіргі педагогика институтының үйінде сол жылы мұғалімдер дайындайтын курс жұмыс істей бастады да, соның негізінде екі жылдық мұғалімдер институты ашылған-ды. Қайым алғашқы кезде бізге сабақ беруге келіскенмен кейін осы институтқа түскен ол өзінің уақытын сябақ беріп, ақша табудан гөрі білім алуға жұмсағысы келгенін білдік. Жата-жастана Мұхамедхановтың Семей интеллигентінің ортасында атағы шығыңқырап қалған ақын екенін де ести бастадым.

 

Осыдан кейін-ақ Қайыммен таныс болып, жақын жүру, пікірлесу мені қызықтыра берді. Ара-тұра «Екпінді» газетінің редакциясында өтетін әдебиет кештерінде кездесе жүріп, ендігі жерде білісуіміз аға мен іні арасындағы байланысқа қарай ауыса бастады.

 

1937-1938 және 1939-1940 оқу жылдарында Қайым бізге сабақ бере жүріп, әдебиетке бейім жастарды бауырына тартып, ұстаздық жолмен де, ағалық жөнімен де көпті үйретті.

 

1938 жылдың қысында мұғалімдер институтының шақыруымен әдебиет факультетіне лекция оқу үшін жазушы Сәбит Мұқанов пен сыншы Есмағамбет Ысмайыловтар келіп, Семейде бір-бір айдан болып қайтқан-ды.

 

Біздің мектептегі кездесуде «Майбұлақтан-Мәскеуге» дейтін Жамбылға арналған поэмасын оқыған Сәбит Мұқанов:

 

– Орталарыңда Қайым Мұхамедхановтай өресі биік ұстаздарың бар екен. Тек оның шәкірті бола біліңдер, - деді бізге. Асырып айтқандығым емес, мен әде- биетке құмарлықты Қайым Мұхамедхановтың мектепте берген сабақтарының әсерінен алдым.

 

Қайым мүғалімнің сабағы болатын сағатты біз асыға күтетінбіз. Оның басты себебі, сабақ көлемінде ғана қалып қоймай, тынысы кең тақырып оқиғаларының байлығымен өзіне тартып отыратын. Тоғызыншы және оныншы кластарда біз оған, ол бізге әбден бауыр басып алыстық. Қайым басқа мұғалімдердей күнде сабақ сұрай бермейтін. Ол да біздің білімге ұмтылысымызды біліп, үнемі соны пікірге қарай сабағын бейімдеуге тырысатын. Оқу құралымыз болмаса да Қайымның сабағын класс болып тек «жақсы», «өте жақсыға» ғана үлгеретінбіз.

 

Оқытушының кең тынысты сабағы біздің өз бетімізбен әзірлік жасап, ізденуімізге де бағыт беретін. Баршаға мәлім, 1937 жылдан кейін Абайды танудың жаңа дәуірі басталды да, Қайымның сабақтарында Абай басты тұлға, алтын діңгек есебінде уағыздалды. Бір орайы келгенде ең алғашқы сабағында Абайды не себептен көбірек айтып, А.С.Пушкинмен байланыстыра сөйлегенін сұрағанымызда:

 

– Ол менің өз түсінігім ғой, - деп қана сараң жауап қайтарды.

 

Сол отызыншы жылдардың өзінде-ақ Қайым Семей өңірінде қазақ әдебиетін жетік білетін бірден бір адам болып көзге түсті. Тек қазақ әдебиетінің ғана білгірі емес, орыс әдебиетін де жақсы білетін озық ойлы қазақ интеллигентінің бірі болып, білімнің биік тұғырына көтерілді. Семейге келген Всеволод Ивановтан бастап, барлық орыс жазушылары да онымен кездеспей қойған жоқ. Татар, башқұрт, әзербайжан сияқты халықтар әдебиетінің таңдаулы өкілдерінің шығармаларынан да кең мағлұматты біз Қайымнан алдық. Мұхтар Әуезовтей ұлы жазушымен оның достығы бізге ерекше әсер етті.

 

Біз бағдарлама бойынша өтетін Советтік Қазақстанның ақын-жазушыларымен Қайымның тікелей араластығы оның сабағының ерекше мәнді болып өтуіне ықпал жасамай қойған емес. Тіпті мектепте жүргеннің өзінде-ақ Қайымша сөз сөйлеуге, мәдениетті жүріп-тұруға тырысқандарымыз аз болған жоқ. Бәріміз де әдебиетші-ұстаз, әрі ақын болуға ұмтылып бағыстық. Қайым басқаратын әдебиет үйірмесіне жиналғандарға отыратын орын жетпейтін. Кейде басқа техникумдардағы қазақ жігіттері де қатысушы еді.

 

1942 жылдың күзінде соғыстан ауыр жарақаттанып елге оралғанымда Қайым пединститутта сабақ береді екен. Менің институтқа түсуіме көмек жасады да, өзінің әдебиеттен оқитын лекцияларын үзбей тыңдауға кеңес етті. Екі балдақпен жүрген соң көп жағдайларда сабақ босататынмын. Сол кездерде ол менің өзіме уақытын бөліп, жекелеп лекция оқып та жүрді.

 

Қайым Мұхамедхановтың лекциясын институт аудиториясында тыңдаған кезімде мектептегі дәріс алған жылдарым да ойыма оралмай қойған емес. Ол қазақтың ауыз әдебиеті мен Абайтану ғылымының аса жетік маманы болып танылды. Таңдаулы саналатын ғалымдар да Қайыммен есептесетін. Оның лекциясын тыңдаған кезіңде өзіңді бір биік тұғырға көтерілгендей сезінесің. Қайым студенттердің қойған сұрақтарын келер күнге қалдыратын ұстаз емес, ол-кез келген жерде, кез келген сұраққа мүдірмей, дәлме-дәл жауап беретін энциклопедиялық зор білім иесі. Соғыс жылдарында көшірумен келген Харьков университетінің көптеген ғалымдары мен профессорлары пединститутта лекция оқып, Қайыммен бірге жұмыс істеді. Сонда солардың қай-қайсысы болсын оның ұстаздық, ғалымдық еңбегіне тәнті болушы еді. Профессор Нечаев бірде студенттер алдында:

 

– Мұхамедханов жолдас Семейдегі қазақ интеллигенттерінің жұлдызы, - деп әділ баға бергенін естідім. Мұхтар Әуезовке ұстаз болған Игнат Яковлевич Малаховқа орыс әдебиетінен менің де емтихан тапсыруыма тура келген еді.

 

Бірде ол да Мұхамедханов туралы:

 

– Орыс әдебиетінен түсінбейтін сұрағың болса, жауап береді. Екі тілді бірдей меңгерген маман адам, - деп жылы лебіз білдіргенін ұмытқан жоқпын. Мен Алматыға барған сайын Мұхтар ағаның Семейдегілерден сұрайтын бірінші адамы Қайым болушы еді.

 

– Ол ұстаздарға да ұстаздық етіп жүрген ойлы азамат, - деп сан рет еске алғанының куәсі болдым.

 

Мен өзім көрген Қайымның ұстаздық жолындағы бір ерекшелігі – оның күнделікті ізденімпаздығы. Бүгінгі лекциясына осы тақырыпта жасайтын басқа лекцияларының ұқсастығын көрген емеспін. Әрқатпан да тың деректер мен мағлұматтар жиі ұшырасып отырады.

 

Қайымның ұстаздық жолындағы тағы бір ерекшелігі оның кішіпейілділігі мен қарапайымдылығы. Денсаулығыма байланысты институттың мемлекеттік емтиханын күзгі бітірушілермен бірге тапсыруыма тура келді.

 

Жататын орнымның қолайсыздығын көрген ол мені екі ай бойы үйінде сақтап, институтты бітіріп шығуыма қамқорлық жасады. Оның ұстаздық еткен жылдарында мұндай деректер аз ұшыраспағанын жақсы білемін.

 

Талай ұстаздардың алдын көрген шығармын. Бірақ солардың бірде-бірі Қайым Мұхамедхановтай ыстық әсер еткен жоқ.

 

Семейдің пединституты республикамыздағы байырғы оқу орындарының бірі екенін ескерсек, Ертіс өңірінің Ұстаз атаулысы Қайымға бір соқпай өтпеген болар. Ол – өзінің жерлес ұлы ұстаздарының қара шаңырағында табан аудармай ұлан-ғайыр еңбек еткен ұстаз.

Кәмен Оразалин

«Семей таңы» газеті

1986 жыл 17 қаңтар 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға