Жаңалықтар

Қайыңды – «Әруақтар көлі»

Қазақстанның табиғи көрікті жерлері 
Қайыңды – «Әруақтар көлі»
26.10.2020 17:32 13129

Су астындағы орманның кереметін көріп пе едіңіз?! Айнадай жарқыраған көл бетінен оның астындағы жасыл желекті әдемі әлемге көз салуға болады, ол су бетіне шапағын төккен күн сәулесімен тіпті де сұлу көрінеді. Ал су ішінен көкке қол созған тіп-тік қайың ағаштары қиял-ертегілердегі дуалдарды көз алдына еріксіз алып келеді. Бұл жерді халық шын мәнінде ертегілер әлемі дейді. Және су астындағы орманды  сиқыр ғажайыптарымен байланыстырады. Қазақстанның тұнба табиғатының тамашаларын білгіңіз келсе, «El.kz»-ті оқыңыз.

Қайыңды – «Әруақтар көлі»

Қайыңды – Қазақстан аумағындағы ең жас көл болып саналады. Оның жер бетінде пайда болғанына бар болғаны бір ғасырдан астам ғана уақыт болған.   

Оның қалыптасуына осыдан 100 жыл бұрын болған сел көшкіні себеп болды. Көпшілікті таң қалдырып, таңдай қақтырған көл Алматы облысының аумағында жатыр. Алматыдан шығыс бағытында 280 шақырым қашықтықта орналасқан. Оның жағалауы қарағайлы және қалың жасыл жапырақты орманмен көмкерілген. Күнгей Алатау тауын жағалап, Көлсай шатқалын бөктерлеп жайылып жатыр.

Сырттан көз салғанда, су ішінен он бес метрге дейін көтерілгендей болып көрінетін Тянь-Шань шыршаларының діңгектеріне қарап, суға бір емес, бірнеше алып кемелер батып кеткендей көрініске куә боласың.

Өкінішке орай, судың бүгінгі деңгейі сел тасқынының салдарынан төмендеп кетті, мамандар оның деңгейінің 2010 жылдан бастап он метрге дейін төмендегенін айтады. Бұл көл әсемдігіне сән қоса түсті. Қайыңды көлі қазақстандықтардың өздері де демалатын, өзгеге де мақтана көрсететін көрікті жерлерінің қатарында.

Осыдан бір ғасыр уақыт бұрын тау ұшынан жылжыған сел тасқынының салдарынан шатқалда табиғи бөгет пайда болады. Кейін бұл жерде Қайыңды өзенінен нәр алған көл қалыптасады. Қайыңды өзені көлге биіктігі 20 метр жартасты бойлап құяды. Сыртынан қарағанда, ағаштардың аппақ діңгектері суға батып бара жатқан кемелердің бағаналарын еске түсіреді. Бір қызығы, судың түсі әруақытта түрлі түске боялып отырады. Зерттеушілер мұны осыдан жүз жыл бұрын суда болған минералдардың әсерлесуімен байланыстырады. Алайда, көл маңайына таяп келгенде, оның түссіз мөлдіреп жатқанын көресіз. Айнадай мөлдірлігі соншалық, тіпті су астында еркін жүзген балықтарды да көріп, тамашалауға болады.  Алайда, су температурасында тау суына тән салқындық бар. Бірақ, оның денені тітіркендірген суықтығына қарамастан, мұнда су астына сүңгуге қызығушылық білдірген әуесқойлар  өте көп.

Бұл жердің сұлулығын сөзбен айтып жеткізу әсте де мүмкін емес. Сананы сиқырлар мұндай сұлулықты көзбен көрген абзал.

Шын мәнінде Тянь-Шань тауының Қазақстан аумағына еніп тұрған сілемдерінің бауырында ірілі-ұсақты өзен-көлдер толып жатыр. Ал Қайыңды сол қаптаған өзен-көлдердің ішіндегі ең бір сиқырға толы мекен болып саналады. Мұны зерттеушілер бірінші кезекте оның жастығымен байланыстырады. Көлдің жер бетінде пайда болу уақыты 1911 жылға сәйкес келеді. Осы жылдары бұл аймақта қатты жер сілкінісі болған-мыс.

Ел ішінде мұны «әруақтар көлі» деп те атайды. Қазақтың қай жерінің болмасын, тарихы аңыз әңгімелермен тамырласып жатыр емес пе?!

Ал бұл жердің «әруақтар көлі» деп аталуының себебі, су ішінен он бес метрге дейін көтеріліп өсіп тұрған шырша діңгектерімен байланысты. Халық оның кемелердің бағаналарына ұқсастығына қарап, әруақтар кемелерінің алып қорымына телиді екен.

Онымен қоса, су астынан қылтиған қарағай ағаштарының бұтақтарының бастары су астынан қазір ғана шыға келіп, лап қоятындай жауынгерлердің найза ұстаған қалың қолын елестетеді.

Қайыңды – «Әруақтар көлі»

Көл іші ғана емес, оның жағалауы да қайың мен қарағай ағаштарына ерекше бай болып келеді. Оның Қайыңды аталуының да себебі – осында.

Сонымен, Көлсай шатқалының табанындағы Қайыңды көлі теңіз деңгейінен 1867 метр биіктікте орналасқан. Ұзындығы 600 метрді, ал ені 300 метрді құрайды. Зерттеушілердің айтуынша, көлдің тереңдігіне құрық бойламайды, ол кей жерлерде 30-40 метрге дейін жетеді.

Көлсай маңы дәруменді жеміс-жидектерге де бай. Мұнда тек жеміс-жидектердің 70-тен астам түрі өседі екен. Оның ішінде шырғанақ, таңқурай, бүлдірген, қарақат, итмұрын, қой қарақаты, рауғаш жемістерін атауға болады. Сондай-ақ, денсаулыққа пайдалы сусын дайындауға пайдаланылатын қалақай, қымыздық, шайқурай сынды өсімдіктерді де осы жерден көптеп кездестіруге болады. Ал тау етегінде өсетін шетен, долана, итмұрын, тобылғы, қарақаттың емдік қасиеттерін оқырмандар айтпаса да білетін болар.

Бұл аймақта жалпы саны елуге тарта дәрілік шөптердің түрі кездеседі. Сөз кезегі келгенде, айта кету керек, бұл дәрілік шөптердің бірқатары бүгінде отандық фармацевтика саласында сәтті қолданылуда.

Қайыңды жағалауларынан табиғат қорғаушылары жоғалып барады деп дабыл қағып, Қазақстанның Қызыл кітабына енгізген күнгей бозы, жылтыр жанаргүл, Семенов айдаршөбі, жирен ақбас қурай, сабақсыз лейоспара, күмбел саршатыры секілді сирек кездесетін өсімдіктердің он екіден астам түрін кездестіруге болады.

Қайыңды көлінің бай табиғаты мұнда аң-құстардың түр-түрінің еркін мекендеуіне мүмкіндік береді.

Қолда бар ресми деректердің дегеніне сенсек, Қайыңды көлінің қалың жапырақты орманын аң-құстардың 197 түрі өзінің мекеніне, жайылымына айналдырған. Олардың ішінде еліміздің Қызыл кітабына енген сүтқоректілердің алты түрі, ал құстардың он үш түрі кездеседі. Тянь-Шаньның әйгілі алып қоңыр аюы мен арқарын, тау сусарын, қар ілібісін, түркістан сілеусінін кездестіруге болады. Ал құстардан қара дегелек, бақалтақ, қыран, бүркіт, құмай, үкі, жүнбалақ байғыз, жапалақ, шымшық секілді қанаттылар көл орманының тұрақты мекендеушілері болып табылады.

Бұл жердің табиғаты адам жанына жайлылық қана сыйлап қоймайды, сондай-ақ, көл суының дертке дауа болар құпиясы да бар. Жергілікті халық тіпті бала көтере алмай жүрген әйелдер Қайыңды суына шомылып, Тәңірден тілесе, сұрағаны орындалады деседі. Халықтың бұл жерді жер жәннатына, Тянь-Шаньның інжу-маржанына теңеуі де сондықтан.

Қайыңдының сұлу табиғатына, құпиялы жұмбағына қанығу үшін оны жаяу аралауға кеңес беріледі.

Көкке қол созған мұнаралы таулардың ортасында еркелей шалқыған айдын көлге тау биіктігіндегі еріген мұздықтардан жүйткіп аққан, адуыны бас бермеген арқыраған тау өзенінің екпіні аңғарға келгенде, көлге қосылып, екпіні басылып, сабыр тапқандай болады.

Бұл жер қазақстандықтардың ғана аңсарын аударып қоймайды. «Әруақтар көлін» көзбен көру үшін шетелден келетін туристердің де қарасы қалың.  Мұнда арнайы келіп, демалушылардың арасында Франция, Чехия, Индия, АҚШ, Қытай, Германия, Малайзия, Бельгия, Польша, Австралия, Түркия, Испания, Корея, Канада, Литва, Жапония, Швейцария, Израиль, Голландия, Италия, Мексика, Иран, Финляндия, Африка елдерінен келетіндер көп.

Сонымен, Қайыңды көлі 1911 жылдың қаңтар айында пайда болды. 1911 жылы Алматы қаласын дүр сілкіндірген өте қатты жер сілкінісі кезінде  Қайыңды шатқалында тектоникалық қозғалыс орын алады.  Бір сөзбен айтқанда осы шатқалды бойлай аққан Қайыңды өзенінде бір уақытта үлкен бөгет пайда болады. Су шатқалдың бір бөлігін орманымен басып, кейін бұл бөгет орнында сұлулығы көз сүріндірген керемет өзен пайда болады.  Ал 1980 жылдары оның сел көшкінінің салдарынан деңгейінің төмендеуі байқалады. 2007 жылдың ақпан айында Қайыңды өзенінің аумағында ұлттық парк құру туралы жарлық шықты.

Қайыңды көлі жағалай тау-таспен биік жартастардың қоршауында жатыр.

Қайыңды – «Әруақтар көлі»

Шынтуайтында, Қайыңды өзені Алматы қаласынан алыс емес маңда орналасқан. Сондықтан, оған жету аса қиындық туғыза қоймасы анық. Қиындығы – тау шатқалдарын жаяу жүріп өтіп, оған төте жолмен жету әсте де мүмкін емес. Сондықтан, көлге айналма жолмен баруға тура келеді. Жалпы діттеген жеріңізге жету уақыты шамамен 5-7 сағат уақытыңызды алады.

Қайыңдыға жайма-шуақ күндері жолға шығуға кеңес беріледі. Себебі, жауынды-шашынды күндері шатқалдың өзіне көлікпен жету қиындық тудырады.

Көпшілік Қайыңды мен оған көршілес жатқан Көлсай өзендерін «кіші Швейцария» деп те атайды.

Көл астындағы шыршалардың қылқанды жапырақтарының суға шіріп кетпей, қаз-қалпында сақталуын, зерттеушілер тіпті жаздың ыстық күндері де өз салқындығын сақтайтын су температурасының төмендігімен байланыстырады. Су жаз күндері бар болғаны +6 градусқа дейін ғана жылиды екен.

Сүңгуірлер мұнда Қазақстаннан ғана емес, әдейі ат арытып шетелдерден де келеді. Алайда, көлге түсуге барлық әуесқойларға рұқсат беріле бермейді. Оның тереңдігін бойлап сүңгу үшін сүңгуірдің арнайы сертификаты болуы керек, сондай-ақ, ол топпен және инструктордың бақылауымен ғана суасты әлеміне жол тарта алады. Су астында бейнетүсірілім жасауға да әбден болады. Өзіңнің қауіпсіздік жабдықтарын болған жағдайда, инструкторсыз жүзуге де рұқсат етіледі. Бір қызығы, Қайыңды өзенінде тіршілік ететін балықтар өте сирек. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға