Айуан
Айуан 1 – тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттардың ту сыртынан ішке кіретін кіреберіс тұсына жапсарластырып, жан-жағы ашық дәліз тәрізді етіп жасалған қосалқы бөлігі, ғимараттарға, құрылыстарға жапсарластыра тұрғызылған бастырманың бір түрі. Құрылымы бір немесе бірнеше қатар етіп тізілген бірнеше діңгектермен тірелінген төбе жабыннан тұрады. Дүниежүзі құрылыс мәдениетінде кең тараған құрылыстың әр халықта өзінше атаулары кездеседі: үнді халқы (олардан британдықтарға, сонан соң жалпы европа тілдеріне енген) веранда, француздар терраса, галерея, аркада, короннада, италияндықтар лоджия деп аталатын жапсарлас құрылымның түрі деуге болады. Әдетте, А.-ның таралу аймағы – қазақ жерінің оңтүстік өңірлері. Негізгі үлгілерінің бірі үйдің кіреберіс қасбетіне жапсарластырылған «пеш-айуан» немесе алдыңғы А. деп аталады.
Бастырма түрінде салынған (галерея) айуанның сыртқы көрінісі. Суретші Ж.Шәйкен
Ауа алмасуды қамтамасыз ететін айуан түрінің көрінісі мен жобасы. Суретші Ж.Шәйкен
Ол күннің ыстығынан жасырыну, шаң-тозаң, желді дауылдан ықтасынды пана міндетін атқарады (Оңтүстік жақта кіре беріс ауыз үй деп те аталады). Оңтүстік өлкеде үйдің баққа қарай ұласқан жағына да жапсарластырып А. салады. Ол әлбетте, көбіне төбесі жабық етіп жасалады және сыртқа қарай еңкіш етіп орнатылады. Сондай-ақ, төртбұрыш пішінді болады, кемінде бір екі «қабырғасы» ашық қалдырылады немесе жұқа, жеңіл материалмен қоршалады. А.-ның төбесі ағаш бағаналарға сүйенген жайпақ жапқышты немесе имек арқалықпен қоршалады.
Кейбір ыстық және жел болмайтын жерде бірі биік, екіншісі аласа етіп екі А. тұрғызылады. Олардың ауа тазарту (аэрация) табиғи желдеткіш ауаны үйірілтіп немесе сәл «желдетіп» ауладағы ауаны тазартады, сол арқылы ғимаратты (үйді) салқындату қызметін атқарады. Мұндай желдету, ауаны тазарту қызметі оңтүстік өңірдегі діни ғибадаттарға арналған ғимараттарда (айталық, Шаян мешіт-медресесі, Қарақожа мешіті және т.б.) кездеседі.
Сондай-ақ, А.-ға ұқсас етіп, бірақ, тұрақты баспанаға тіркестірмей де үй салынады. Оны атқаратын функция- сына байланысты бастырма деп атайды (толығырақ қ. Бастырма).
Айуан 2 – қабір құдығының жергілікті тілдегі атауы – камерасы, қабір шұңқыры. Құдық немесе А. бір құлаштай терең, ұзындығы адам бойындай етіп қазылады да, оның бір жақ бүйірінен, көбіне батыс жағынан қуыстап, лақат шығарылады.
Әдеб.: Маргулан А., Басенов Т., Мендикулов М. Архитектура Казах- стана. Алма-Ата: Қазмембаспасы, 1959; Ондасынов Н. Парсыша-қазақша түсіндірме сөздік. Алматы: Қазақстан, 1974; Акишев К.А., Байпаков К.М., Ерзакович Л.Б. Жилище позднесредневекового Отрара (ХVI-ХVIII вв.) // Жилище народов Средней Азии и Казахстана. М.: Наука, 1982; Жилина А.Н. Традиционные поселение и жилище узбеков Южного Казахстана // Жилище народов Средней Азии и Казахстана. М.: Наука, 1982; Пугаченкова Г.А. Зодчество архитектуры Средней Азии и Ирана. Ташкент: Изд. им. Гафур Гуляма, 1976; Булатов М.С. Геометрическая гармонизация в архитектуре Средней Азии ІХ-XV вв. М., 1988; Джанибеков У. Эхо... По следом легенды о золотой домбре. Алма-Ата: Өнер, 1990.
Айуан 3 – жан-жануарлардың жалпы атауы. Ақыл-ой иесі адамзатқа антиномиялық байланысты қолданылатын ұғым (толығырақ қ. Хайуан).
ҚР МОМ – материалдарынан; ОМЭЭ – материалдарынан.
«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»