Жаңалықтар

Әйтеке би ауданында зардап шеккендердің барлығы үйлі болды

Әйтеке би ауданында зардап шеккендердің барлығы үйлі болды
Фото: gov.kz 16.08.2024 22:03 635

Салынған 26 тұрғын үйдің кілтін табыстау рәсімі аудан орталығы – Темірбек Жүргенов ауылында өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жергілікті тұрғындардың қуанышына аудан әкімі Дәулетияр Тоғызбаев, Bi Group компаниясы мен мердігер компаниялардың өкілдері ортақтасты. 

Аудан басшысы құттықтау сөзінде жерлестеріне түсіністік танытқандары үшін, сондай-ақ, мердігер компанияларға аз уақытта сапалы нәтиже көрсеткені үшін алғысын жеткізді. 

Өз кезегінде мердігерлер мен Bi Group компаниясы атынан әйтекебилік жаңа қоныс иелеріне тұрмыстық техникалар сыйлыққа берілді.

Тұрғындар өз кезегінде құрылыстың уақытылы және сапалы аяқталғаны үшін ризашылығын білдірді. 

Ауданда 150-ге жуық арыз түсіп, комиссияның техникалық бақылауы нәтижесінде, 64 жөндеу жұмыстарына тиісті қаражаты бөлінді. 51 үй тұруға жарамсыз деп танылды. 

Соның ішінде, 25 отбасы Б.Өтемұратов қорының қолдауымен екінші нарықтағы үйді алуға ынта білдіріп, осыдан 2 ай бұрын баспаналы болса, қалған 26 тұрғын жаңа үй салуды таңдаған еді. Тұрғын үй құрылысына 751,4 млн. теңге жұмсалды. 

ҚР ӨҚМ Ахуалдық орталығының мәліметінше, Ақтөбе облысында салынып жатқан 502 жеке тұрғын үйдің 144-інде құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді.  Сонымен қатар, зардап шеккен отбасыларға екінші нарықтан 495 үй сатып алынды, 3047 үйде жөндеу жұмыстары аяқталды. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға