Айрылыс қазан
Айрылыс қазан / айрылыс ас – ұзақ уақыт қоныстас, ауылдас болған елдің, жұрттың басқа мекенге қоныс аударардың алдында ел-жұртты, ауыл-аймақты шақырып үлестіретін ғұрыптық ас.
Ұзақ жылдар бойы тату-тәтті, аралас-құралас ғұмыр кешкен екі елдің белгілі бір тарихи себептермен, әртүрлі оқиғалармен байланысты бір-бірінен айырылысып, ірге аударғаны жөнінде деректер қазақтың байырғы жырларында кездесіп отырады. «Қозы-Көрпеш– Баян-сұлу» жырында Қарабайдың елі:
Балталы, бағаналы ел аман бол!
Бақалы, балдырғанды көл аман бол! – деп елмен, жер-сумен жылап қоштасады. Қоштасудың арты үлкен асқа ұласады. Алтын Орданың ыдырауына байланысты ағайынды қазақ пен ноғай елінің айырылысуы әйгілі «қазақ-ноғай айырылған» күйі мен жырын тудырған деседі:
Жылау да жылау мына күй,
Жылаған зарлы мынау күй,
Қазақ-ноғай айырылды,
Қазақ сыртқа қайырылды.
Қара Қыпшақ Қобыланды
Қара орнынан айырылды.
Қазақ даласындағы ең үлкен трагедиялық тарихи сюжеттердің бірегейі осы оқиға айырылыс қазан ғұрпымен аяқталады. Осындай деректерге қарағанда, айрылыс қазан осы қазақ ру-тайпаларындағы көне заманнан келе жатқан салт деуге болады. Жетіаталық рулық-қауымдық құрылымның демографиялық мөлшері шектен асып, жайылым жерлер таршылық еткен жағдайда келесі ру-қауым бөлініп шығу рәсімінің белді элементтерінің бірі айрылыс қазан болды. Осы құрылыптас басқа да үрдістерде айырылыс ас / айырылыс табақ / айырылыс көжеге шақыру ғұрпы болған. Көpшi қонғанда«ерулік» бepiп, қыстай немесе жаздай бipгe отырған, сыйласқан отбасылар қоныс аударып бөлінген жағдайда арнап берілетін ас «көже» деп шартты түрде сыпайы аталатыны болмаса, әрдайым сый табақтар тартылады. Аталған ғұрыптық асқа қатысушылар бip-бipiнe ризашылығын білдipiп, «ұрыспай айрылған, ұялмай қосылар» деп тағы да аман-сау қосылуға өзара тілек білдіріседi. Көршi болған үйлер мен ағайын-туыс мал қамымен қоныс аударып, жайлау өзгертiп көшетiн болған кезде ет асылып, барлығы сол қазаннан ас ішедi. Көшетін үй иелері әрбiр үйден дәм татады. Бұл – семантикалық мәнді рәсім. Өйткені, қазан береке-бiрлiктiң, «дәм-тұзы жарасқандықтың» символы, ал, бір қазаннан ас ішу береке-бірлікті, татулықты тілеуді бейнелейді. Соңғыткездеттүрлітжағдайғатбайланыстытбір ауылда отырған қауымнан бір үй көшіп кетер алдында «айырылысу көжесін» немесе «ажырасаяқ» жасап, оған сол жерде қалып бара жатқан туған-туысқандарын, дос-жарандарын шақыру рәсімі қалыптасты. Оны аталмыш ғұрыптың семантикалық контаминациялық түрленісі деуге болады.
Әдеб.: Уәлиев Н. Сөз мәдениеті. Алматы: Мектеп, 1984; Шаханова Н. Мир традиционной культуры казахов. Алматы: Казахстан, 1998; Нұрсан Әлімбайдың қолжазбасынан.
«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»