Жаңалықтар

Қайрат Сатыбалдыұлының сыбайласына іздеу жарияланды

Қазақстан азаматы Эфенди Кемаль, 1983 жылы туған, бірқатар коммерциялық кәсіпорындардың құрылтайшысы және директоры анықталды.
Қайрат Сатыбалдыұлының сыбайласына іздеу жарияланды
25.09.2022 13:26 937

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерден жалтару, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыру (жылыстату) фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеуді жалғастырып жатыр, деп хабарлайды El.kz Антикорға сілтеме жасап.

«Тергеу барысында Қ. Сатыбалдыұлының аса сенімді адамы – Қазақстан азаматы Эфенди Кемаль, 1983 жылы туған, бірқатар коммерциялық кәсіпорындардың құрылтайшысы және директоры анықталды. Эфендидің қылмыстық рөлі кеден саласындағы мәселелерді шешу, қылмыстық жолмен алынған ақшаны және басқа да мүлікті заңдастыру (жылыстату) болды. Ол үшін оған Қ. Сатыбалдыұлы шоттан ақша алуға сенімхат берген. Мысалы, Эфендидің бір эпизоды бойынша ғана 2018 жылдың шілдесі мен тамыз айының 3 күн ішінде Қ. Сатыбалдыұлының жеке шотынан қолма-қол 37 млрд теңге және 62 млн АҚШ доллары алынған. Ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап Эфенди Қазақстаннан тыс жерлерде жасырынып, қылмыстық қудалау органына келуден жалтарып жүр. Оның құқыққа қарсы әрекеттері ҚР Қылмыстық кодексінің 218-бабының 3-бөлігі 3-тармағы бойынша сараланып, іздеу жарияланды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр», - делінген ресми хабарламада.

Еске салсақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және «Қазақтелеком» АҚ-ның қаражатын аса ірі көлемде ұрлау фактілері бойынша күдікті Қайрат Сатыбалдыұлын ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады.

20 қыркүйек күні Астана қаласында Қайрат Сатыбалдының ісіне қатысты сот отырысы басталатыны хабарланды.

Елорданың Байқоңыр аудандық №2 сотында өтіп жатқан процесс барысында прокурор күдікті Қайрат Сатыбалдыны алты жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға