Жаңалықтар

Айна

Айна – дәстүрлі мәдениетті ғұрыптық, эстетикалық мәнге ие, кескінді шағылыстырып, суретін айнытпай көрсететін заттың бейнесін көрсететін шыны немесе металдан жасалған күнделікті тұрмыста қолданылатын бұйым.
25.08.2014 07:16 5595

Айна – дәстүрлі мәдениетті ғұрыптық, эстетикалық мәнге ие, кескінді шағылыстырып, суретін айнытпай көрсететін заттың бейнесін көрсететін шыны немесе металдан жасалған күнделікті тұрмыста қолданылатын бұйым.

 Айна

Атаудың түптөркіні парсы (ﺍﻳﻧﺎ – айна) тілінен енген және ертеден бері Орта Азия халықтарынан қазақ даласына сауда-саттықпен көп тараған. А. әң әуелі, әйелдердің сәндік тұтыныс бұйымы ретінде мәнге ие болды және оны арнайы жасалған айнақалтаға салды. Әсіресе, қолайна қазақ қыздары үшін әр кездегі серігі болған. Дөңгелек пішінді, үлкендігі қойдың бүйрегіндей бүйрек айнаны ұзын бұрымын тарау, бетіне опа-далап жағу, киімдерін жарасымды ету үшін, яғни кеңінен қолданған. Ертеде қазақтар ортасында А.-ның үлкен түрі кең тұтынылмаған. Себебі, адамның өз жүзін А.-да қарау үлкен күнә ғана емес, оның жанын азайтатын қауіпті зат деп есептелген. Сондықтан, адам өлімі болған кезде оның бетін матамен қымтап жауып қоятын болған. Сондай-ақ, найзағай жарқылдаған кезде Тәңірдің «қамшысынан» шарпылған оттан қашқан шайтан А.-ға немесе аттың тұяғына кіріп паналайды екен деген сенімге байланысты қымтап жабады. Қазақта тілі шықпаған жас сәбиді А.-ға қаратса, ұзақ уақыт бойы дұрыс сөйлей алмай, сақау, быдық болып қалады деп тыйым еткен. Ондай тыйымдар қатарында адам А.-ға көп қараса, ажарын, сұлулығын алып қояды деген де бар. Осындай тыйымдарға байланысты А. бетін жиі жауып қоюға тура келгендіктен оған арнайы айнажапқыш кестелеп дайындады.

Атағы алысқа жайылған күшті бақсылардың жындарын шақыруға көмекке келеді деген сеніммен зікір салғанда ойнайтын қобызының немесе домбырасының шанағына А. салып, оны көз деп атаған. Оны кейбір деректерге қарағанда, шытынатып шағып қоятын рәсім болды. Бақсылар А.-ны белдікке тағылатын қалтаға салып жүрген. А. –аспан әлемінің – көк тәңірінің символы. А. арқылы бақсы дүниеде болып жатқанның бәрін көре алады, болашақты болжайды, аурудың себебін ашады. А.-ға қарап бал ашу рәсімі түрікмен пархондарында да кездескен. Көргендердің айтуына қарағанда, Солтан пархон А.-ға қарап отырған кезде оның бет-әлпеті өзгеріп кетіп, көздеріне қан толып, аузынан көбік атыпты. Қобыздағы А. әдетте, бақсының желеп жебеуші жын-иелерімен арадағы қатынасын үстемелеп тұрады және басқа әлеммен байланысын арттырады.

 Айна

Айналы қобызбен зікір салған бақсы. ҚР МОМ қорынан (НКП 7386)

Қазақта түнде А.-ға қарамайды. Қараса ажары кетеді, өңі бұзылады, нұры таяды, дидары солады деп ырымдайды. Өйткені, адам баласы жарықта жүзіне нұр жинайды. Түнде А.-ға қараса, сол нұр адамның көзіне шағылысып, тайғанайды деп түсінеді. Халық тілінде кездесетін «айналы қыз» деген фразеологизм «жасауы дайын қыз» деген мағынаны білдіреді.

Әдеб.: Басилов В.Н., Ниязклычев К. Пережитки шаманизма у туркменов-чавдуров // Домусульманские верование и обряды в Средней Азии. М.:Наука, 1975.

 

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға