Жаңалықтар

Аймағамбетов паллиативтік көмекке бөлінетін тариф көлемін қайта қарауды ұсынды

Аймағамбетов паллиативтік көмекке бөлінетін тариф көлемін қайта қарауды ұсынды
Фото: ©El.kz 28.10.2024 11:32 415

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов аурумен күресіп жатқан мыңдаған қазақстандық көмекке мұқтаж екенін айтып, мәселе көтерді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Соңғы күндеріңізде ауырсынудан арылып, лайықты күтім алудың орнына жалғыз қалып, жан азабын кешіп жатқаныңызды елестетіңізші. Өкінішке қарай, бұл – паллиативтік көмекке мұқтаж мыңдаған қазақстандықтардың бүгінгі шындығы.

Әрбір адам өмірден азапсыз, абыроймен өтуге құқылы. Паллиативтік көмек дәл осы құқықты әрбір қажет етушіге қамтамасыз ету үшін керек.

Қазақстанда 100 мыңнан астам адам, оның ішінде онкологиялық аурулардың соңғы сатысындағы науқастар, инсульттен кейінгі адамдар және жазылмайтын аурулары бар балалар осындай көмекке мұқтаж, - дейді мәжілісмен.

Сөте тұра бұл салада көптеген мәселе бар. Аймағамбетов хоспистердің жетіспеушілігі, ауырсынуды басатын дәрілерге қолжетімділіктің шектеулілігі, білікті мамандардың тапшылығы әлі күнге дейін өзекті екенін айтады.

Оның үстіне, паллиативтік көмекке арналған ағымдағы бюджеттегі тарифтер тым төмен, бұл шынайы қажеттіліктерді толық қамтуға жеткіліксіз. Осындай қиындықтарға қарамастан, келесі жылдың бюджет жобасында паллиативтік көмекті қаржыландыруды қысқарту ұсынысын көргенде, бұл шешімнің қаншалықты әділетсіз екенін түсіндік.

Біз, керісінше, қаржыландыруды 4 млрд-қа дейін ұлғайтуға күш салдық, өйткені әрбір адам өмірінің соңғы күндерін азапсыз, құрметпен және тыныштықпен өткізуге лайық. Бұл тек денсаулық сақтау мәселесі емес – бұл адамгершілік мәселесі, - деген ол.

Осы орайда депутат паллиативтік көмекке бөлінетін тариф көлемін шұғыл түрде қайта қарау қажет деп санайды.

Денсаулық сақтау министрлігіне рахмет, бұл бастамамызды қолдап отыр, бұл бағытта біраз жоспарлары да бар, сондықтан алдағы уақытта бірлесіп осы маңызды мәселені шешеміз деп сенеміз, - деп қосты Аймағамбетов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға