Аймағамбетов МӘМС жүйесін жақсартудың ерекше әдісін ұсынды
Мәжілістегі «Үкімет сағаты» отырысында депутат Асхат Аймағамбетов МӘМС жүйесіне өзгеріс енгізуді ұсынды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Халықтың МӘМС-ке деген сенімі өте төмен. STADA Health Report 2024 есебінде Қазақстан денсаулық сақтау жүйесіне қанағаттанбау бойынша 2-орында тұр. Бұл халықтың МӘМС жүйесіне, жалпы жарна төлей отырып, оның не үшін қажет екенін түсінбейтінін анық көрсетеді. Осыған орай МӘМС жүйесіне кірмеген азаматтардың саны өсіп келе жатыр. МӘМС енгізу кезінде мұндай азаматтардың саны 3 млн болса, қазір 3,5 млн-ға жетті. Мұндай азаматтар дер кезінде медициналық көмек ала алмайды, скринингтен өте алмайды және басқа да медициналық қызметтерге қол жеткізе алмайды. Бұл азаматтар МӘМС жүйесінің артықшылығы мен тиімділігіне қызығушылық танытпайды. Сондықтан төлеушілердің жеке пайдасына бағытталған қосымша ынталандыру шарасы керек, - дейді депутат Аймағамбетов.
Осы орайда мәжілісмен МӘМС жүйесін жақсартудың ерекше амалын ұсынды. Ол жүйеге өзгеріс енгізу керек деп отыр.
Ұсынылған шешімдердің бірі қызметкердің жарнасының бір бөлігін жеке шотқа аудару арқылы жеке жинақтар қалыптастыру мүмкіндігін беру. Мысалы, бұл жарна сомасының 30-50 пайызын құрауы мүмкін. Бұл қаражат тек азаматтың өз қалауы бойынша емделуге, ерікті медициналық сақтандыру жүйесі арқылы немесе жинақ ретінде сақтау пайдаланылатын болады. Бұл дегеніміз ұжымдық сақтандыру жүйесінен ұжымдық жинақтық жүйеге көшу дегенді білдіреді. Азаматтар сонда өз жарналарының бір бөлігіне ие болып, оны жинап, басқарып, қажет болған жағдайда ерікті полис сатып алып, денсаулығын сақтандыра алады. Сонда ғана МӘМС-ке деген қызығушылық пен сенім артады. Бұл тәсіл 5 млн адамға әділетті болып, жүйеге жаңа серпін беретіні сөзсіз, - дейді депутат.
Айта кетейік, депутат МӘМС арқылы ақша жымқыру схемаларын әшкерелеген еді.