Жаңалықтар

Айгүл Шілдебайқызы: Ұлттық құндылық – тәрбиенің негізі

Айгүл Шілдебайқызы: Ұлттық құндылық – тәрбиенің негізі
Фото: Жеке мұрағаттан 22.01.2025 14:00 186

Әр халықтың рухани байлығы, мәдениеті мен әдебиеті, өнері, ғылымы және жеткен жетістіктері сол ұлттың ерекше құндылықтарын айқындайды. Ұлттық құндылықтар – қоғамның рухани тірегі және жас ұрпақтың адамгершілік қасиеттері мен азаматтық болмысын қалыптастырудың маңызды негізі. «Ұлттық құндылықтарды бойына сіңірмеген ұрпақ халқына пайдалы азамат бола алмайды» деп Мұстафа Шоқай атамыз бекерге айтпаса керек.

Бала тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтардың рөлі мен оны насихаттаудың маңыздылығы туралы педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Айгүл Шілдебайқызы Стыбаева өз ойларымен бөлісті.

Айгүл Шілдебайқызының айтуынша, ұлттық тәрбие отбасында қалыптасады. Ата-ана баласына құндылықтарды тек сөзбен емес, күнделікті іс-әрекеттерімен көрсетуі тиіс. Әрбір ата-ана өзінің өмір салты, ұстанымы арқылы ұлттық тәрбиенің үлгісін көрсетуі қажет.

Қазіргі саяси-экономикалық өзгерістер, тәуелсіздігіміздің нығаюы қоғамға жаңа міндеттер жүктеп отыр. Жас ұрпақты тәрбиелеу барысында патриотизм мен ұлттық құндылықтарды негізгі орынға қою қажет. Ұлттық мәдениетімізді, тілімізді, салт-дәстүрімізді жаңғырту арқылы жастардың бойына рухани байлықты сіңіре аламыз. Бұл – ел болашағының жарқын болуының басты кепілі, – деді профессор.

Оның айтуынша, ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие жас ұрпақты рухани бай, тәрбиелі және білімді азамат етіп қалыптастырудың кепілі болып табылады.

Ұлттық құндылықтарды балаға жастайынан үйрету үшін ең тиімді тәсілдердің бірі – ұлттық ойындар мен шығармашылықты қолдану. Мұхтар Әуезовтың пікіріне сүйенсек, ойын – тек көңіл көтеру құралы ғана емес, сонымен қатар, бала тәрбиесінің маңызды элементі. «Ұлттық ойындар баланың танымдық қабілетін арттырып қана қоймай, оның бойындағы батылдық, батырлық, намысшылдық, ізеттілік сияқты қасиеттерді оятады, – деп атап өтті профессор.

Сонымен қатар, балабақша мен мектептегі оқу-тәрбие жұмыстарының мазмұнын ұлттық құндылықтарға бейімдеу маңызды. Мысалы, ұлттық ертегілер оқу, салт-дәстүрге байланысты шығармашылық тапсырмалар орындау арқылы балалардың қызығушылығы мен білім деңгейін арттыруға болады.

Профессордың айтуынша, жаһандану кезеңінде ұлттық тәрбиеге басымдық беру – қоғамның басты міндеті. Әлемдік құндылықтарды меңгеру маңызды болғанымен, өз ұлтыңның ерекшелігін, дәстүрі мен мәдениетін ұмытпау қажет.

Ұлттық тәрбие – халықтың ғасырлар бойы жинаған рухани қазынасы мен тәжірибесінің жиынтығы. Ол ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан тарихи және мәдени мұралардың негізінде қалыптасады. Сондықтан баланың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, ана тілін құрметтеуге баулу, ата салт-дәстүрлерін үйрету арқылы патриоттық сананы қалыптастыру – маңызды үдеріс. Бұл – еліміздің болашағы үшін қажетті қадам, – деді спикер.

Ұлттық тәрбие баланың дүниеге келген сәтінен бастап, үлкен азамат болғанға дейінгі өмірін қамтиды. Халқымыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары баланың рухани байлығын дамытуға тікелей ықпал етеді.

Мектепке дейінгі тәрбие саласында ұлттық ерекшеліктерімізге негізделген әдіс-тәсілдерді қолдану өте маңызды. Бесік жырымен басталатын тәрбиелік мәні терең дүниелер баланың сана-сезіміне әсер етіп, оның тұлға болып қалыптасуына ықпал етеді, – деді Айгүл Шілдебайқызы.

Одан бөлек, балабақша мен мектептегі тәрбие жұмыстары ұлттық құндылықтар негізінде құрылуы керек. Мысалы, баланы қонақжайлылыққа, үлкендерді құрметтеуге, өз Отанын сүюге баулитын салт-дәстүрлерді оқу-тәрбие жұмыстарына енгізу қажет.

Айгүл Шілдебайқызының айтуынша, отбасы – баланың алғашқы мектебі.

Ата-ана өз іс-әрекеті арқылы балаға үлгі болуы тиіс. Бала ата-анасының күнделікті өмірдегі әрекеттерін, қарым-қатынасын бақылай отырып, ұлттық құндылықтарды қабылдайды, – деді профессор.

Ұлттық тәрбиені отбасында сіңіру үшін ата-аналар баламен бірге ұлттық ойындар ойнап, әдеби шығармалар оқып, салт-дәстүрлерді бірге атқаруы қажет. Бұл баланың ұлттық болмысын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

Мектеп – ұлттық тәрбие берудің негізгі ортасы. Ол баланың бойына үлкенге құрмет, кішіге ізет жасау сияқты қасиеттерді сіңіруі керек, – дейді Айгүл Шілдебайқызы.

Сонымен қатар, мектептерде ұлттық мәдениетті насихаттау шараларын жүйелі түрде ұйымдастыру қажет. Мысалы, ұлттық мерекелерді атап өту, ұлттық ойындар жарысын өткізу, қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын дәріптейтін іс-шаралар балалардың ұлттық сана-сезімін нығайтуға көмектеседі.

Ұлттық құндылықтар баланың рухани-адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етеді. «Баланың бойында махаббат, қамқорлық, мейірімділік, жанашырлық сияқты отбасылық құндылықтарды қалыптастыру арқылы біз оны жауапты және саналы азамат етіп тәрбиелей аламыз, – деді профессор.

Сондай-ақ, ұлттық мәдени құндылықтар баланың эстетикалық талғамын, шығармашылық қабілеттерін және патриоттық сезімдерін дамытуға әсер етеді. Бұл – жас ұрпақты тұлға ретінде қалыптастырудың басты негізі.

Айгүл Шілдебайқызының пікірінше, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің басты мақсаты – тәрбиелі, білімді, өз ұлтының мақтанышы бола алатын азаматтарды тәрбиелеу.

Ұлттық тәрбие – болашақтың кепілі. Сондықтан оған ерекше көңіл бөлу – әрқайсымыздың басты міндетіміз, – деп түйіндеді ол.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға