Жаңалықтар

Әйгілі "Титаник" кемесінің жолаушысы жазған хат аукционда рекордтық бағаға сатылды

Әйгілі "Титаник" кемесінің жолаушысы жазған хат  аукционда рекордтық бағаға сатылды
Фото: bbc.com 27.04.2025 23:13 202

Әлемге әйгілі «Титаник» кемесінің жолаушысы жазған хат апаттан бірнеше күн бұрын жазылып, Ұлыбританиядағы аукционда рекордтық бағаға — 300 000 фунт стерлингке (шамамен 400 000 доллар) сатылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

ВВС-дің жазуынша, аукционды ұйымдастырған Henry Aldridge and Son компаниясы бұл хатты «пәруана» деп сипаттаған. 

Полковник Арчибальд Грейсидің хатын жексенбі күні Уилтширдегі Henry Aldridge and Son аукцион үйінде аты-жөні жарияланбаған сатып алушы иеленді. Хаттың бастапқы болжамды бағасы 60 000 фунт болса, түпкілікті бағасы бес есе жоғары болды.

Хаттың «пәруана» деп аталуының себебі — полковник Грейси танысына жолдаған жазбасында «осы керемет кемеге» баға бермес бұрын «сапарының соңын күту» керек екенін айтқан.

Хат 1912 жылдың 10 сәуірінде жазылған. Дәл сол күні Грейси Саутгемптон портынан «Титаникке» мінген. Бес күннен кейін кеме Солтүстік Атлантикада айсбергпен соқтығысып, суға батып кетті. Сол апатта шамамен 2200 жолаушы мен экипаж мүшесінің 1500-ден астамы қаза тапты. 

Бұл бірінші класты хат кемедегі C51 каютасынан жазылған. Ол 1912 жылдың 11 сәуірінде кеме Ирландияның Куинстаун портына тоқтағанда жолданған. Хатта 12 сәуірдегі Лондон поштасының мөрі бар.

Аукцион ұйымдастырушыларының айтуынша, бұл — «Титаник» бортында жазылған және қазіргі уақытқа дейін белгілі болған ең қымбат хат.

Полковник Грейсидің апат туралы естелігі тарихтағы ең танымал жазбалардың бірі болып саналады. Кейін ол «Титаниктің шындығы» атты кітап жазып, өз басынан өткен оқиғаларды баяндаған. Грейси кеме суға батқанда қалай тірі қалғанын — суық суда аударылып қалған құтқару қайығына жабысып аман қалғанын сипаттапты.

Оның айтуынша, алғаш қайыққа жеткен ер адамдардың жартысынан көбі кейіннен үсіп өлген немесе әлсіреп жан тапсырған. Полковник апаттан аман қалғанымен, суықтан және алған жарақаттардан денсаулығы қатты нашарлаған. 1912 жылдың 2 желтоқсанында жансақтау бөліміне түсіп, екі күннен кейін ауруы асқынып, қайтыс болды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға