Жаңалықтар

«Айғай салғым келеді»: белгілі ұстаз мектептердегі ащы шындықты айтты

«Айғай салғым келеді»: белгілі ұстаз мектептердегі ащы шындықты айтты
Фото: facebook.com/aiatzhan 27.02.2025 11:35 569

Белгілі ұстаз, Qazbilim жобасының авторы Аятжан Ахметжан оқушылар арасында әлімжеттік неге көбейіп бара жатқанын айтты. Мұның бәрі адамдардың бір-біріне сыйластық, құрмет таныту секілді қасиеттерден арылып бара жатқаны себеп деп отыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бір журналист қарындасым хабарласып, «Семейдегі оқушылар арасындағы әлімжеттікті көрдіңіз бе? Бұл тоқтай ма? Себеп не дейді?». «Мен ол жерден басқа күтпедім, себебі қала әкімі мен білім бөлімінің басшысы мұғалімге әлімжеттік жасап, ол шыршадан ұшып кетіп жараланды, көрдіңіздер ме? Дәл сондайлар тоқтағанда ғана оқушылар арасындағы әлімжеттік те тоқтауы мүмкін», - деймін.

Ауырлау шығар. Бірақ агрессия агрессияны тудырады. Әкімшіліктің мұғалімге агрессиясы мұғалімнің оқушыға агрессиясын тудырады. Мұғалімнің оқушыға агрессиясы, ата-ананың балаға агрессиясы балалардың жүрегін қатайтады. Бір-біріне агрессиясын тудырады, - дейді ол.

Ахметжан үйінде балаларының көзінше қалай болсын солай сөйлейтін ата-ана да бұған кінәлі дегенді алға тартады.

Үйінде әкесі, шешесі боқтап сөйлейтін, баласының көзінше әкеден, шешеден түсіп, ауыз бармайтын боқтықты айтып отыра беретін отбасының баласы үшін боқтық сөз норма. Боқтық сөз норма бала үшін төбелес те, әлімжеттік те норма. Себебі балапан ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі, - деді Аятжан.

Сонымен қатар мұндай оқиғалар Семейде ғана емес, барлық өңірде бар, тек олар тасада қалып жатыр дегенді айтады.

Семейдегі жағдай жағаны ұстатып, қоғамды дүр сілкіндірді. Тіпті оқушы емес, кәдімгі қылмыскерлер арасында да ондай қатыгездік болмас. Бірақ бұл ашыққа шыққаны, желіге тарағаны. Өкінішке, шықпағаны қанша? – дейді ол.

Ал мұндай жайттың көбеюіне жамандықтың жарнамасы көптігі себеп деп отыр.

Қоғамда қатыгездік көп. Өтірік көп, алаяқтық көп. Жемқорлық, ұрлық-қарлық, сыбайластық. Отбасындағы әңгіме де, адамдар ортасындағы әңгіме де осы. Өнегелі әңгіме, үлгі алар оқиға тым аз, аздың өзінің нәсихаты жоқ. Ал жамандықтың жарнамасы көп, дақпырты қалың, шуы қатты.

Ал өнегені қалай көрсетеміз? «Тіпті қазір әдебиет те, кино да, өнер де адам тәрбиелеуге ұмтылмауы керек. Оның миссиясы – анау-мынау» дейтіндер көбейді. Енді кім, не тәрбиелейді бұл ұрпақты? Ал тәрбиенің ошағы отбасы мен мектептегі тәрбиені айтсақ, көзді біраз сығымдауға, ашынып аһ ұруға тура келеді.

Қоғамдағы әр адам – өскінді тәрбиелеуші! Не істейміз, оқушының үш жұрты (отбасы, мектеп, қоғам)? Ұлттық құндылық, ұлттық тәрбие жүйеден ұлттық мектеп керек! Айғай салғым келеді! – деп күйінеді ол.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға