Айгүл Иманбаева: Боянсам мүлде басқа адаммын, боянбасам мүлде басқа адам болып шыға келем!
Өмір оны еркелетті, тарлан тағдыр сынына салды, өнері биіктерге жетелеп, еңбекқорлығы халық алдындағы беделін арттырды. Отандық шоу-бизнестің босағасын келін болып аттап, өз орнын өнерден тапқан әнші, актриса әрі тележүргізуші Айгүл Иманбаева el.kz сайтының оқырмандары үшін арнайы сұхбат берді.
— Айгүл Серікқұлқызы, жанкүйерлеріңіз сізді актриса, әнші және тележүргізуші ретінде таниды. Осының ішінде, өзіңіздің жаныңызға қайсысы жақын?
— «Қайсысы жақын?» деген сұраққа бір сөзбен жауап беру мен үшін қиын. Ең бірінші, мен актрисамын. Әртүрлі бағдарламаға түсіп жатқаным актерліктің арқасы. Кезінде ұстаздарымыз: «Сендер дәл осы бөлімге түсіп, дәл осы бөлімде оқып жатқандарың үшін қуаныңдар. Өйткені осы жерден сендер үш бірдей мамандықты: дикторлық, әншілік және актерлік мамандықтарын игеріп шығасыңдар» деп айтатын. Шынымен, сол саланы тәмамдаған курстастарымның барлығы өнердің әр саласын алып жүр. Роза Қуанышқызы, Майра Ілиясова, Құдайберген Бекішев, Бейбіт Қорған, Қыдырәлі Болманов, Гүлбаушан Тергеубекова, Қарагөз Тергеубекова барлығымыздың ұстазымыз бір адам, барлығымыз сол өнер институтындағы Кәукен Кенжетаев, Есім Сегізбаев, Рахиля Машурова сынды ұстаздарымыздан білім алып шыққанбыз. Соның ішінде менің алғашқы қадамым театрдан басталғандықтан, мені ең алдымен актриса ретінде қабылдайды.
— Жанар Айжановамен бірге жүргізетін КТК арнасындағы «ТойBestStar» бағдарламасын біреулер жақсы қабылдаса, біреулер ұнатпай, сонысын әлеуметтік желілерде жазып жатады. Осы пікірлер сіз үшін қаншалықты маңызды?
— Мен де керегін тыңдап, қабылдап отырамын. Ия, мына жерінде көбірек жұмыс жасау керек екен, мына жерін өзгерту керек, ал мына жерін дұрыс жасаған екем деген сияқты. Сын түзелмей, мін түзелмейді. Сын айтылған жақсы, бірақ егер біз барлығын «инстаграм» арқылы өлшеп отыратын болсақ, біздің құрығанымыз. Шыны керек, ол жерде неше түрлі адамдар отырады ғой, тәрбиелісі де тәрбиесізі де. Дос та бар, дұшпан да бар. Сондықтан, барлық айтылған сынға дұрыс екен деп қарауға тағы болмайды. Өзіне керегін алып отыру қажет деп есептеймін. Ал, «ТойBestStar» бағдарламасына келетін болсақ, жалпы, «той» деген ол біздің халыққа жақын дүние. Шынымен де, «екі әйелдің басы қосылса, үшінші әйелдің соры» демекші, өзімізше шай ішіп отырып, әңгіме айтатынымыз бар. Егер біз тек мәдениетті, әдепті сөйлейтін болсақ, ол жасанды болып кетеді. Сондықтан, Жәкең екеуміз сол бір әйелге тән шынайылықты көрсеткіміз келеді. Бір жағынан ол осы жобаның продюссерінің, осы жобаның редакторының талабы. Біз бар болғаны орындаушымыз, сондай келісімшарт жасасқан болатынбыз. Бір жағынан, кейде қатты дүниелерді айтып қоятын шығармыз деп ойлаймын. Өткенде өнер адамдарының ішінде Жәкеңе ренжіп жатқан жағдайлар болды. Ол жерде редакторлар бар, ол жерде монтаж жасайтын адамдар болады, артығын қиып тастайтын деген сияқты. Барлық кінәні бізге төгудің қажеті жоқ. Мысалы, бірде маған: «Неге сіз Серік Ибрагимовтың басына кеспе (фунчозаны) құйдыңыз? Ол ас қой!» деп ренжіп жатты. Мен оны сол түсірілім барысында да айтқанмын «осыны жасамай-ақ қойсақ қайтеді» деп. «Жоқ, болмайды. Шоу осысымен де шоу» деп рұқсат етпеді, бір жағынан ол қолдан иленген кеспе емес, крахмал болатын. Алдында ешбір макияжсыз түскен суретімді «инстраграмға» салып едім, кәдімгідей шу болды. Жұрттар бір-бірімен қырылып-жойылып, ауыздарына келгенді маған айтып, әсіресе жас қыз-жігіттер. Сахналық образ деген басқа болады, ол жерде қаншама жарық болады, бетіңді көрсетпейді. Үш мың адамдық сахнада мықтап боянбасаң болмайды, ол жерде нүктедей болып тұрасың. Бұл сахна, ал өмірде мен сондай етіп боянып, сән артынан қуалап жүретін адамның қатарынан емеспін. Тып-тыныш, өзіммен-өзім болып жүргенді жақсы көрем. Кейде өзім де таңқалам, боянсам мүлде басқа адаммын, боянбасам мүлде басқа адам болып шыға келем. Өзге әріптестеріме, қыздарға қараймын, боянса да, боянбаса да сол бір кейіп. Өзіме келгенде екі түрлі адамды көрем, бәлкім ол менің актерлігіме де байланысты болар деп ойлаймын. Неге осындай өзгеріске ұшырайтынымды өзім де түсіндіре алмаймын. Сондықтан, таңқалып жатқан көрермендерімді түсінем. Сондай-ақ, бар нәрсені әлеуметтік желілермен өлшеуге болмайды. Мына өмірде дәлелдейтін адам өзін дәлелдеуі керек, көрсететін адам өзін көрсетуі керек, әрине талмас еңбектің арқасында.
— Еңбектің арқасында деп жатсыз, жеке шығармашылық жұмыстарыңызбен қатар театрыңыз да бар. Әйел адам ретінде мұндай сатыға көтерілудің сыры неде?
— Осы жасқа келгенге дейін жақсыны да, жаманды да, ащыны да, тұщыны да көрдім. Өмір болған соң, шындықты да, өтірікті де барлығын кездестіріп, басыңнан өткізе бересің. Осыларды тоқи алатын түйсігің болса, сараптайсың. Сүрінсең де, жығылып барып қайта тұрсаң да, оның бәрі сабақ. Сондықтан, мойымау керек.
— Білуімше, 29 қарашада Астанада жеке шығармашылық кешіңізді өткізгелі жатсыз. Көрермендеріңізді немен таңқалдырмақсыз?
— Ия, Астана қаласының әкімдігінің қолдауымен «Қазақстан» орталық концерт залында кешкі сағат жетіде барша көрермендерімді күтемін. Осыдан сегіз жыл бұрын Астанада есеп беру концертімді өткізген болатынмын. Сол аралықта, ауыл-аймақтарда, облыстарда концерттер берген болатынмын. Әрине, араға біраз жыл салып концерт беру қиын. Үлкен дайындықпен келе жатырмын, жанды дауыста өтетін болады. Басында эстрадалық-симфониялық оркестрмен, одан кейін вокалды-инструменталды ансамбльмен айтайық деп, әрі-бері продюссерім Баян Есентаевамен ақылдасқан болатынбыз. Ең соңында театрландырылған шоу арқылы жанды дауыста беруге шешім қабылдадық. Қойылымда жұмыс жасайтын, бишілер, режиссерлар барлығы Украинадан келеді. Сахнада Led экран арқылы, графикалық суреттеу арқылы менің өмірге келген кезімнен бастап, бүгінгі күніме дейінгі өмірім кино түрінде өрбиді. Концерттің ерекшелігі жүргізуші болмайды, әнші қонақ жоқ, бір-ақ адам ол опера жұлдызы Сүндет Байғожин. Екеуміз итальян тіліндегі әнді дуэт болып орындаймыз, тағы бір тосын сый бар, ұлым бірінші рет сахнаға шығып ән айтатын болады.
— Ұлыңыз туралы айттыңыз, енді сіздің балалық шағыңызға оралайықшы. Бала Айгүл қандай болды?
— Тентек. Мен қыз болып сызылып көрген жоқпын. Кешегі «инстаграмға» шыққан макияжсыз суретімді «ұл бала сияқтысыз» деп сынаған болатын. Ішімнен күлдім, «көрермен де көрген екен-ау» деп. Анам әлі күнге дейін: «Құдай-ау, осы қызымның қыз балаға тән қылығы жоқ, неге ұл болып тумадың екен сен» деп айтатыны бар. Бәлкім ол менің мына өмірде жалғыз жүріп, барлығына еңбектің арқасында, тырнақты қанатып отырып, тырмаланып жеткенімдігінен шығар. Мінез қатқыл, шынайылықты, қарапайымдылықты жақсы көрем. Бала кезімде тып-тыныш жатқан бұзауға мінем деп, құлап түсіп қолымды сындырып алғам. Одан қала берсе, өзімен-өзі сүйек мүжіп жатқан итке барып өрік лақтырам деп, енді өзіңіз ойлаңызшы, қандай ит өрік жейді, ет тұрғанда. Содан әлгі ит тамағын менен қызғанып, қолымды жұлып кеткен болатын. Одан көрші қызбен тып-тыныш ойнап отырып, тапшаннан құлап кеткен кездерім болған. Сол кезде мұрным үлкен тасқа соғып, әлі күнге дейін мұрнымның үстінде тыртық қалды. Енді сол қыздың ісі ме, олар үйде отырып тігінін тігіп, ойынын ойнап отырушы еді. Мен болсам, далаға шығып алып көрші балалармен ләңгі ойнаймын, сабан тасимын, көмір тасимын. Ауылда өстік қой, қораның қиын шығарам. Сөйтіп еркек баланың ісін жасап өстім. Өтірік айтпай-ақ қояйын, бала кезден аспазханаға кірмеген едім, әлі күнге дейін кухняға кірмеймін. Байқасаңыз, мен тамаққа қатысты бағдарламаларға түскен емеспін. Біріншіден солақаймын және қорқамын, екіншіден мен асүйде өте ебедейсіз қимылдаймын. Бәлкім өзіңіз айтып отырған іскерлікке осы бала кезден қалыптасқан қайсар мінез бен батылдық жеткізген шығар.
— Жаңа бір сөзіңізде жығылсаң да қайта тұру керек, мойымау керек дедіңіз. Өмірдің қиын тұстарында, өзіңізді қалай ұстайсыз?
— Мен жүрегіммен тылсым күштің, құдіреттің бар екенін сезінем. Мүмкін мен күндіз-түні «Алла жар болсын! Алла разы болсын! Құдайға шүкір!» деп көпшіліктің алдында айтпайтын шығармын, бірақ жүрегіммен Алла тағаланың назарында екенімді, Алла тағаланың күнде мені сынап, күнде мені қолдап, қанаттандырып отыратынын жүрегімнің ішінде сезем. Осы бір Алланың құдіреті мені көтеріп, абыройымды асқақтатып, алақанына салып тұр. Менің жүрегімде үлкен үрей бар. Мына күйбең тіршілікте байқасаңыз адамдар бір-біріне жылы сөз айтудан қалған, адамнан мейірімділік кете бастағандай. Тіпті сол әлеуметтік желілерге кірсеңіз де жақсы сөзден гөрі, жаман сөздер қаптап кеткен. Заманның азғаны ма, тозғаны ма. Жақында менің жақын құрбым ауырып қайтыс болды. Сол қызды емдетіп жүріп, күнде мешітке апарам, күнде ауруханасына апарам. Сол кезде жанталасып, өмір үшін күресіп жүрген құрбымды көргенде мен бір-ақ нәрсе түйдім. Құдай-ау, мына дүниенің барлығы бекер екен ғой, менің жинаған атағым да, дүнием де, мансабым да құр екенін жүрегіңмен сезіне бастайсың. Адамға бір-ақ нәрсе керек екен, ол сенің жүрегіңнің тазалығы ол сенің қарапайымдылығың, шынайылығың. О дүниеге сенің бірге көтеріп әкететін дүниең, ол сенің жүрегіңдегі иманың. Ендеше барынша қарапйым бол, қолыңнан келгенше жақсылық жаса, жақсы сөздер айт. Ернің әдемі болу үшін әдемі сөз айт, көзің әдемі болу үшін тек жақсы нәрселерді қара, жүрегің әдемі болу үшін шынайы бол, мейіріміңді бер басқаға. Сонда ғана сенің жалпы болмысың әдемі болады. Ал қалғанының барлығы ол Алланың берген сыйы, оны ешкім тартып алмайды. Қуатың болса, талмай еңбек ететін болсаң, талабың болса алынбайтын қамал жоқ.
— Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!
Сұхбаттасқан - Қаламқас НҰРМАҚОВА.