Жаңалықтар

Әйелін ұрған елшінің кеңесшісі 15 тәулікке қамалды

Әйелін ұрған елшінің кеңесшісі 15 тәулікке қамалды
Фото: Коллаж El.kz 29.06.2024 15:31 989

Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты БАӘ-дегі елшіліктің кеңесшісі М.-ға қатысты денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру фактісі бойынша істі (ӘҚБтК-нің 73-1-бабы) қарады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Астана қалалық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Соттың хабарлауынша, істің мән-жайлары бойынша М. жанжал барысында жұбайына қатысты күш қолданған.

Істі сот М. әкімшілік жауапкершілікке тартылған ӘҚБтК санкциясы шеңберінде қарады.

Сот отырысы барысында М. және оның адвокаты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен келіспей, оның кінәсі іс материалдарымен дәлелденбегенін көрсетті, сондай-ақ құқық бұзушылық жасалған орын ҚР юрисдикциясына жатпайтынын, одан бөлек М.-ның әрекеттері қылмыстық сот ісін жүргізу шеңберінде жеке тергеу жүргізіліп жатқан өзінің және оның жұбайының арасындағы отбасылық-тұрмыстық іс-әрекеттерге жататынын көрсетті, -  делінген ақпаратта.

ӘҚБтК-нің 73-1-бабының санкциясы ескерту түріндегі жазаны немесе 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алуды көздейді.

Сот қаулысымен М. ӘҚБтК-нің 73-1-бабы бойынша құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға