Әйелін аяусыз пышақтап өлтірген ер адамға сот үкім кесті
Алматы қаласында бұрынғы әйелін 18 жерінен пышақтап өлтірген ер адам жазасын толық өтейтін болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Сот Талғат Нұртаевты 11 жылға бас бостандығынан айырған еді. Алайда, оның адвокаты әйелін қасақана емес, абайсызда өлтіріп алды деп апелляциялық шағым түсірген еді. Бірақ судья бұл уәж негізсіз деп, үкімді өзеріссіз қалдырды.
Еске салайық, заңгер Айман Асановамен Талғат Нұртаев 2019 жылы шаңырақ көтерген. Үш жыл ғана некеде тұрып, екеуі ажырасып кетеді. Ортақ мүлікті бөлу мәселесіне келгенде кикілжің одан бетер ушыға түскен. Талғат Нұртаев бұрынғы әйелін дәл үйінің алдынан ұстап алып, аяусыз пышақ сұққан. Алған жарақатынан Айман Асанова ауруханада қайтыс болды.
Сот басында қылмыс ашу үстінде жасалды деп, Т.Нұртаевты бір жарым жылға ғана бас бостандығынан айырған еді. Алайда, бұл шешім қоғамда үлкен дау туғызды. Ақыры қаскөй экс-әйелін қасақана өлтіргені дәлелденіп, бір жарым жыл жазасы 11 жылға ұзартылды.