Әйелдер мен балаларға арналған түрмелер талапқа сай келмейді - Айман Омарова

Танымал құқық қорғаушы, адвокат және Ұлттық Құрылтай мүшесі Айман Омарова елімізде педофилия мәселесінің өзекті екенін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
"Азаматтық қоғам" атты ұлттық құрылтайдың жұмыс сессиясында сөйлеген Айман Омарова ер адамдарда 40 жастан асқаннан соң сексуалды патологияның дамитынын атап өтті. Бұл тұжырымға адвокат балаларға қатысты зорлық-зомбылық істерін зерттеген соң келген.
Көптеген ер адамдарда белгілі бір патологиялар пайда болады. Қазір олардың саны артып келеді, бірақ олар дәрігерге қаралмайды, емделмейді, сексопатологтың не екенін білмейді және бұл туралы айтудан ұялады. Сондықтан бұл мәселе жайлы ашық сөйлесіп, тиісті шешімдерді қабылдауымыз керек. Бұл ретте сексопатологтар, дәрігерлер, психологтар және, әрине, заңгерлер де белсенді атсалысуы тиіс, — деп атап өтті спикер.
Айман Омарова осы мәселені шешу арқылы қоғамда балаларға қарсы қылмыстардың санын азайтуға болатынын айтты.
Сонымен қатар, адвокат көтерген тағы бір маңызды мәселе – елдегі түрмелердің қылмыскерлерге толып жатқандығына тоқталды. Оның айтуынша, әйелдер мен балаларға арналған мекемелердегі жағдай стандарттарға сай келмейді.
Бізде алты мекеме бар, олардың екеуі 1937 жылы салынған, ал Алматы облысы Жауғашты ауылындағы жалғыз мекеме 100-ден астам адамға толып отыр. Ол жерде 50 адам ғана болуы керек еді, бірақ қазір бұл саннан асып кеткен. Әйелдер толық медициналық қызмет ала алмайды, себебі Денсаулық сақтау министрінің бұйрығында барлық қызмет түрлері қарастырылмаған. Мысалы, жақында ДЦП диагнозы бар баласы бар әйелді шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан бас тартқан жағдай болды. Олардың көпшілігі мүлікке қарсы қылмыстары үшін жазасын өтеп жатыр, яғни алаяқтық, ұрлық секілді істер. Тіпті оларды түрмеде ұстай отырып, ешқашан осы шығынды өтей алмайды. Оның үстіне олардың көбінің бес баласы бар, — деді Айман Омарова.
Адвокаттың айтуынша, амнистия бұл мәселенің шешімі бола алмайды, себебі бірнеше айдан кейін түрмелер қайтадан толуы мүмкін.
