Әйел босанар кезде ер адамның серіктес болуы қаншалықты дұрыс? Мамандар жауап берді
Әйел босанар кезде ер азаматтың жәрдем көрсетуі – қазіргі қоғамның талқысында жүрген тақырыптың бірі. Біреулер бұл әрекетті отбасы үшін қажетті қолдау ретінде қабылдайды, енді бірі басқалар бұл жағдайды дұрыс емес деп санайды. Осы сұрақ төңірегінде әртүрлі көзқарастар қалыптасқанымен, бір нәрсе айқын – бұл мәселеге қатысты пікірталастар көп және әркімнің өз ойы бар. Осы ретте El.kz тілшісі мамандарды сөзге тартып, көзқарастарын білген еді.
Бұл тақырып төңірегінде жақында журналист Айнұр Асанберді бір сұхбатында «Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлындай ер адамдар қалмады» деп азаматтарды сынайтындарға жауап беріп, қазір перзентхананың жартысы ер адамдар, бұл өте жақсы тенденция екенін жеткізген еді. Журналист сондай-ақ қазіргі кезде ер адамның әйеліне жәрдемдескенінен қорқудың қажеті жоғын айтты.
Қалай болғанда да, бұл тақырып қоғамда қызу пікірталас тудырып отыр, өйткені ол тек ерлі-зайыптылардың жеке өміріне ғана емес, жалпы отбасылық қатынастар мен ер адамның отбасы алдындағы жауапкершілігіне қатысты жаңа көзқарастарды да көрсетеді.
Серіктестік босану екі жұптың махаббатын арттырады
Жоғары санатты акушер-гинеколог дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Шолпан Сармулдаеваның айтуынша, қазіргі таңда перзентханаларда серіктестік босану кеңінен таралуда екенін, бұл процесте әйелге жақын адамының қолдауы ерекше маңызды рөл атқаратынын айтты. «Мен өзім акушер-гинеколог дәрігер ретінде серіктестік босанудың маңыздылығын терең түсінемін. Өйткені бұл процесс жұпқа тыныштық пен сенімділік әкеліп, кейіннен бір-біріне деген махаббат пен құрметті арттырады, – дейді дәрігер.
Десе де, дәрігер серіктес босану процесіне толық дайын болып, әйелді сапалы қолдай алуы өте маңызды екенін айтады.
Бұл мақсатта босануға дайындық курстары ұйымдастырылып тұрады. Мұнда кәсіби мамандар босану процесінің қалай өтетінін және әйелді моральдық әрі физикалық тұрғыдан қалай қолдауға болатынын түсіндіреді. Босану кезінде ауырсыну болатынына байланысты, әйелдің айқайы мен ыңғайсыздықтары туындауы мүмкін. Бұл жағдай туысқандарға да психологиялық ауырлық тудыруы ықтимал. Әрине, ауруханаларда босану кезінде ауырсынуды жеңілдету үшін түрлі әдістер қолданылады, бірақ толықтай ауырсынуды жою мүмкін емес. Сондықтан серіктестің босану процесіне дұрыс әрі сабырлы реакциясы өте маңызды, – деді акушер-гинеколог дәрігер Шолпан Сармулдаева.
Дәрігердің сөзінше, серіктестер медициналық қызметкерге көмек көрсете білуі тиіс. Ал бұған дайын еместер акушер-гинекологтардың жұмысына кедергі жасап, дүрбелең мен күйзеліс туғызуы мүмкін екенін жеткізді.
Болашақта бірге босанған жұптар бір-біріне деген қамқорлықты, құрмет пен махаббатты терең сезінеді. Серіктестік босану ата-аналар үшін өте маңызды, бірақ ол үшін ана мен әкенің толық дайындығы қажет, – деді акушер-гинеколог дәрігер.
Ер азаматтың балаға деген ерекше сезімі пайда болады
Бұл ретте психолог маман Айнұр Дүйсен психология тұрғыдан алғанда, бұл мәселеде екі түрлі нұсқа барын, ер адамдардың босанатын залға кіруі маңызды екенін айтады.
Өйткені – аяғы ауыр әйелінің жанында бола отырып, оның қиындықтарын бірге бөлісе алады. Егер қарым-қатынас жақсы болса, олар бір-бірін түсініп, қолдау көрсетіп, араларындағы ауызбіршілік артады. Мұндай жағдайларда күйеу мен әйел арасында өзара түсіністік пен жылы қарым-қатынас пайда болады, бұл болашақта олардың байланысын нығайта түсуі мүмкін. Ер адамдар әйелдерін ана ретінде басқаша түсініп, оларға деген көзқарасы өзгереді. Осы өзгерістер нәтижесінде әкесі мен баласы арасында ерекше, терең байланыс орнайды. Серіктестік кезінде әкесі баланы алғаш рет өз қолына алып, оны сүйіп, кеудесіне жақындатады. Бұл сәттерде ер адамдардың балаға деген ерекше сезімдері пайда болып, әйеліне деген түсінігі де артады, – дейді психолог маман.
Бұл процес кезінде ер адамдардың көздері ашылып, әйелдеріне деген құрметі мен сүйіспеншілігі одан әрі нығая түседі деп отыр. Психолог Айнұр Дүйсен егер күйеуі мен әйелінің арасындағы қарым-қатынас дұрыс болмаса немесе әйел аяғы ауыр кезінде тоғыз ай бойы жалғыз болса, күйеуімен арасында түсініспеушілік пен ауызбіршілік болмаса, онда күйеуінің босанатын залға кіруі қажет емес деп санайды.
Көбінесе мұндай жағдайда қарым-қатынас қиын болуы мүмкін. Әйел ауырсынуы мен стрессті сезініп, эмоциялары күшейеді, кейде айғайлап, қиналып кетеді. Ал егер күйеуі мен әйелі арасында түсінбеушілік болса, бұл жағдай эмоционалды жағынан тағы да қиындата түседі. Егер әйел күйеуінен қолдау сезінбесе, оның күйеуіне деген көзқарасы да өзгеруі мүмкін, күйеуі үшін мұндай жағдайды түсіну қиын болады. Сондықтан күйеуі мен әйелінің арасындағы қарым-қатынас дұрыс болса да, әйел мен күйеуі алдын ала дайындалып, сөйлесіп, бір-біріне көмектесу үшін дайын болуы керек, – дейді психолог.
Маман күйеуі өз ниетімен, яғни «көмектесуге дайынмын» деген оймен келуі маңызды деп отыр. «Әйелге моральдық қолдау көрсетіп, оның көңіл-күйін түсініп, сабырлы болу керек. Күйеуінің залға кіруі үшін, әйел мен күйеуі алдын ала ашық сөйлесіп, бұл процесті бірге талқылауы қажет. Босану алдында олар бір-біріне моральдық қолдау көрсетіп, дайын болуға тырысуы керек. Күйеуі моральдық тұрғыда көмектессе, бұл әйелге оң әсер етеді. Сондықтан әңгімелесіп, түсіністік пен дайындық өте маңызды», – деді Айнұр Дүйсен.
Сондай-ақ маман қасында болу, қолдау көрсету, көмектесу бұл өте маңызды екенін айтады.
Енді 100% міндетті түрде серіктес болуы керек деп айта алмаймын. Мұндай жағдайда заң тұрғысынан да міндеттеу қажет емес деп ойлаймын. Меніңше, тек әр адамның өз еркі мен тілегіне байланысты болуы керек. Әркім өз қалауы бойынша қатыса алады. Яғни, тек қана бұл процесте қажетті қолдауды көрсете алатын адам кіруі тиіс, ал ондай мүмкіндік жоқ болса серіктес болып қажет емес деп санаймын, – дейді психолог Айнұр Дүйсен.
Бұл – ұлттық мәдениетімізге жат дүние
Тарих ғылымының докторы, профессор Аманжол Қалыш заман өте жылдам өзгеріп жатқанын, бұрын қазақтар киіз үйде тұрған кезде ер адамдар босану процесіне қатыспайтынын айтады.
Мұндай жағдайларда арнайы үлкен кісілер, апалар мен әжелер, яғни кіндік шешелер босандыратын. Ал қазір жағдай басқа. Заман өзгерген сайын отбасы мәселелері де басқа қырынан қарастырылады. Мен осы отбасы мен балалар тақырыбын зерттеп жүрмін, өмірге келгеннен бастап, олар осы жалған дүниеден озғанша қандай өзгерістер мен ғұрыптар болатынын бақылаймын. Ауылдық жерлерде мұндай жағдайлар әлі де кең таралмаған. Бірақ ауылда да кейде әйелдер дәрігер болмаса, амалсыздан босанып қалатын жағдайлар жиі кездеседі. Мұндай жағдайларда әйелдер көбінесе көмек алу үшін жолда немесе басқа жерлерде босанып қалады, – дейді профессор.
Аманжол Боранбайұлының сөзінше, бір досының әйелі екінші баласын дүниеге әкелерде, толғақ басталғанда шақырған жедел жәрдемі жетіп, дәрігерлер келгенше әйел күйеуінің көмегімен босанып қойғанын айтады.
Досым нәрестені өзі қабылдап алған. Содан бала өскесін екі жарым жасқа келгенде дәрігерлер сұрайды ғой «кім сендерді өмірге әкелген деп, сонда біздің анамыз тек ұл туатын» деп айтыпты. Айтқандай анасы төрт ұл, бір қыз босанған. Ал кейін олар жатақханада тұрды, әкесі босандырып алған бала үлкен қызметте Лондонда жұмыс істейді, – деді.
Сарапшы ал қазіргі жағдай бұл мүлде басқа деп отыр.
Біздің қоғамда ер адамның әйелінің босану процесіне қатысуы ұят саналатын кездер болған. Бірақ қазіргі заманда, біздің перзентханаларда барлық жағдай жасалған. Бұрын біз перзентіміздің ұл немесе қыз болатынын білмейтін едік, бұл тек Құдайдың қалауымен болатын нәрсе еді. Қазір көптеген адамдар балаға зар болып, әртүрлі сұрақтармен алаңдайды. Ал Европада, Америкада бұл мәселелер қалыпты болып табылады. Олар әйелдің қасында отырып, қолын ұстап, босандыруды көрсетеді. Ал біздің елде мұсылман, түркі халықтарына, оның ішінде қазақтарға жараспайды деп ойлаймын. Мен қазақтың дәстүрін жақсы білетін адам ретінде, ата-анасы мен аталарының арасында мұндай жағдайды көрген емеспін, – дейді Аманжол Қалыш.
Тарихшы: «Бізде ер адамдардың әйелінің босануына қатысуы — бұл таңғаларлық әрі ғажайып нәрсе. Әйелінің бірінші баласын басқа өмірге әкеліп жатқанын көру — өте ерекше, әрі өте ауыр жағдай. Оның қиналғанын, айғайлағанын ешкім түсінбейді, оны тек сол сәтте қатысып отырған адам ғана сезіне алады. Кейде босану процесі ұзаққа созылып, бір тәулік немесе одан да көп уақытқа созылуы мүмкін. Әйел шыдамсызданып, толғақтары қатты болады, ал еркек оны көріп, қандай күйде болатынын да елестету қиын» деп отыр.
Сол себепті біздің ауылдарда немесе қалаларымызда, әсіресе қалада тұрып жатқан қазақтар арасында мұндай жағдайлар өте сирек кездеседі. Мен өз туысқандарымның арасында мұндай нәрсе болғанын естімедім. Әрине, шетелде Америкада, Англияда немесе Еуропада оқып келген жас адамдар, біздің дәстүрімізді толық түсінбеуі де мүмкін. Біз қазақтар әдетте, батыстың үлгілерін тез қабылдаймыз, бірақ өзіміздің ұлттық дәстүрлерімізді сақтау мәселесінде көңіл бөлмейміз. Біздің көрші елдеріміз – қырғыздар, өзбектер, түркімендер, тәжіктер, сондай-ақ, Қытай, Моңғолия, Түркия, Ауғанстан сияқты елдер ешқашан да мұндай өзгерістерге бармайды. Сондықтан бұл біздің ұлттық мәдениетімізге жат дүние, – дейді Аманжол Қалыш.
Әйел қорқынышын жеңе алады
Психолог, гештальт-терапевт Артур Жұмашевтің сөзінше, ер адамның босану кезінде серіктес болу мәселесі, ең алдымен жұптың өзара қажеттіліктері, сенімі және шекараларына негізделген таңдау екенін айтады. Маман бұл әрекет «дұрыс» немесе «қате» емес, екі серіктестің ішкі сезімдеріне сәйкес келетін шешім екенін түсіну маңызды деп жеткізді.
Гештальт-терапия тұрғысынан алғанда, баланың дүниеге келу сәтінде көрсетілген қолдау жұптың арасындағы маңызды және біртұтас байланыс нүктесіне айналуы мүмкін. Босану кезінде әйел физикалық және эмоционалдық тұрғыдан қиын сәттерден өтеді және егер жанында оны қолдайтын сүйіспеншіл серігі болса, бұл оның уайымын төмендетуге, өзін қауіпсіз сезінуге көмектеседі. Ер адам үшін бұл процесс де маңызды тәжірибе болуы мүмкін. Ол сырттай бақылаушы болып қалмай, осы маңызды оқиғаның бір бөлігіне айналады. Бұл оған әйелді жақсырақ түсінуге, баламен алғашқы сәттерден байланыс орнатуға және әке ретіндегі рөлін тереңірек сезінуге көмектеседі, – дейді гештальт-терапевт Артур Жұмашев.
Десе де психолог жұптың жеке ерекшеліктерін ескеру маңызды. Егер ер адам осындай тәжірибеге ішкі түрде дайын болмаса немесе әйел өзін бұл сәтті жалғыз өткергенде ыңғайлы сезінетін болса, оны мәжбүрлеу тек зиян келтіруі мүмкін екенін айтады.
Сондай-ақ маман босану кезінде ер адамның болуы ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасын едәуір нығайта отырып, түсінік пен сенімділікті және жақындықты тереңдете алатынын жеткізді. Ер адам әйелінің қандай қиындықтарды басынан өткеріп жатқанын көріп, оның отбасы үшін қосқан үлесін тереңірек түсінеді деп санайды.
Екінші жағынан, егер ер адамның бұл процеске ішкі дайындығы болмаса, ол қатты күйзеліске ұшырап, кейбір жағдайларда оның әйелін қабылдауына немесе олардың жақын қарым-қатынастарына керіс әсер етуі мүмкін. Сондықтан қатысудың саналы және ерікті болуы маңызды. Психологиялық тұрғыдан алғанда, серіктестің босану кезінде болуы әйелге қауіпсіздік сезімін береді, алаңдаушылықты төмендетеді және эмоционалдық тұрақтылықты арттырады. Әйел өзін жалғыз емес екенін, жанында оны қолдап, көмек көрсететін, жігерлендіретін адам бар екенін сезінеді, – дейді психолог маман.
Сонымен қатар гештальт-терапевт ер адамның серіктес болуы әйелге босануға байланысты қорқынышпен күресуге айтарлықтай көмектесетінін, қасында қолдауға дайын сүйіспеншілікке толы адам болған кезде, ол оны жеңе алатындығын еске түсіреді және қиын сәтте қолын ұстайды, бұл әйелге күш береді деп отыр.
Босану бұл дәл осындай процесс, егер ер адам әйелге тірек бола алса, бұл оған қорқынышпен оңай күресуге көмектесіп қана қоймай, олардың эмоционалды байланысын нығайтады. Десе де, бұл жерде ерлі-зайыптылардың жеке басын ескеру маңызды. Кейбір әйелдер үшін серіктес болу, керісінше, егер ол жағдайды жеңу қиын деп санаса, қосымша стресс болуы мүмкін. Бұл жағдайда қолдаудың қай форматта ең пайдалы болатынын алдын-ала талқылау маңызды. Бәлкім тек бастапқы кезеңде болу, тыныс алу техникасына қатысу немесе бала туылғаннан кейін қолдау керек те шығар, – деді ол.
Маман перзентханада ер адамның болуы бұл ерлі-зайыптылардың жеке таңдауы екенін, көптеген ерлі-зайыптылар үшін бұл қарым-қатынасты нығайтатын және бірге ата-ана болу үшін берік негіз құратын маңызды қадам екенін айтады.