Айды бағындырған алғашқы адам!
Американың болашақ астронавты Нил Армстронг 1930 жылдың 5 тамызында Огаой штатының Вапаконета қаласында дүниеге келген. 1947 жылы Вапаконета қаласындағы орта мектепті тәмәмдаған. Жоғарғы сыныптарда оқыған кезінде WFS авиамектебінде дайындықтан өтті.
1947 жылы Пердью Университетіне оқуға түсті. Сол жерде авиациялық техника саласындағы зерттеулерін бастады. 1949 жылы Нил оқуын тоқтатып АҚШ әскери-теңіз күштерінде Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. 1950 жылы Нил Армстронг АҚШ әскери-теңіз флотының ұшқышы ретінде Кореяға аттанды.
Армстронг 1950-1952 жылдары Корея соғысына қатысты. «Әуедегі операция үшін» және «Алтын жұлдыз» медальдарының иесі атанды. 1952 жылы Пердью Университетіне қайта оралып, бұл оқу ордасын 1955 жылы ойдағыдай аяқтап шықты. 1955 — 1962 жылдары Эдвардс авиабазасы мен АҚШ Аэронавтика және ғарыш кеңістігін зерттеу жөніндегі басқармада (НАСА) сынаушы ұшқыш болды.
1958 жылдың маусымында Американың Әскери әуе күштерінің командованиесі іске асырып келген MISS (Man In Space Soonest) бағдарламасы аясында дайындық үшін астронавт ретінде таңдалды.
1962 жылы НАСА орталығындағы астронавттар құрамына қабылданды. 1966 жылдың 16-17 наурызында Gemini 8 кемесінің командирі ретінде Нил Армстронг ғарышқа өзінің тұңғыш сапарын жасады. Нил ғарышта 10 сағат 41 минут 26секунд болды.
1969 жылдың 16 маусымында Apollo-11 кемесінің командирі ретінде тарихта қалған өзінің ғарышқа екінші сапарына аттанды. 1969 жылдың 20 шілдесінде Нил Армстронг миллиондаған телекөрермендердің көз алдында тарихтағы тұңғыш адам ретінде Айға аяқ басты. Сол сәтте Нил Армстронг былай деген еді: «Адамның осы кішігірім қадамы, бүкіл адамзат үшін үлкен секіріс». Армстронг ғарыш кемесінің сыртында 2 сағат 21 минут болды.
1969 жылдың 24 шілдесінде Жерге оралды. Армстронгтың сапары 8 тәулік 3 сағат 18 минут 35 секундке созылды.
1969-1971 жылдары Айға сапарынан кейін Армстронг НАСА-ның аэронавтика бөлімінде басшының орынбасары қызметін атқарды.
1970 жылы Оңтүстік Калифорния Университетінің аэроғарыш техникасы ғылымдарының магистрі дәрежесін алды. 1971 – 1979 жылдар аралығында Цинцинати Университетінде механика профессоры болып жұмыс істеді.
1974 жылдың тамызында Армстронг НАСА-дан кетіп жеке бизнесімен айналыса бастады. 1980‑1982 жылдары Огайо штатының Ливан қаласындағы Cardwell International, Ltd компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы. 1982-1992 жылдар аралығында Вирджиния штатының, Шарлотсвилл қаласындағы Computing Technologies for Aviation, Inc. Компаниясының төрағасы.
2000 жылы EDO Corp компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланды. 2005 жылы НАСА-ның Консультативтік кеңесінің мүшесі болды.
2012 жылдың 25 тамызында, Айға ең бірінші аяқ басқан адам, америкалық астронавт Нил Армстронг дүниеден өтті.