Жаңалықтар

Айдарбек Сапаров тұқым шаруашылығын дамыту жөніндегі шаралар туралы айтты

Айдарбек Сапаров тұқым шаруашылығын дамыту жөніндегі шаралар туралы айтты
Фото: Ауыл шаруашылығы министрі 23.03.2024 21:31 565

Таразда ТМҰ мүше мемлекеттердің ауыл шаруашылығы министрлерінің отырысы аясында агро бизнес форум және тұқым шаруашылығы бойынша конгресс өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Форумның негізгі тақырыбы тұқым шаруашылығын дамыту ісінде мемлекеттердің ынтымақтастығын арттыру болды. Іс-шарада Айдарбек Сапаров құттықтау сөз сөйледі, форум жұмысына сәттілік тіледі.

Ауыл шаруашылығы министрі атап өткендей, тұқымның өнімділікке әсер ету деңгейі 40% -ға жетеді, сондықтан саланы дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2024-2028 жылдарға арналған Қазақстанның ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясы мен тұқым шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар жобасы әзірленді. Атап айтқанда, жоспар заңнамалық және нормативтік базаны жетілдіруді, сондай-ақ селекция және тұқым шаруашылығы субъектілерінің материалдық-техникалық базасын жаңартуды көздейді.

Заңнамамен жұмыс істеу бөлігінде, мысалы, «Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы» Заңға оны «Өсімдіктердің жаңа сорттарын қорғау» жөніндегі халықаралық конвенцияға сәйкес келтіру мақсатында өзгерістер енгізіледі. «Тұқым шаруашылығы туралы» Заңға да бірқатар толықырулар жасалмақ.

Мемлекет тарапынан саланы қолдау үшін бірегей және элиталық тұқымдарды сатып алуды субсидиялау, селекциялық-тұқым шаруашылығы техникасы мен тұқым тазарту жабдықтарын сатып алуға көмек көрсету сияқты құралдар көзделген.

Министр 2023 жылы өтемақы үлесі 25% - дан 50% - ға дейін өскенін еске салды. Сонымен қатар, қазақстандық өндірістің ғана емес, шетелден сатып алынған тұқымдар да субсидияланады. Осылайша, 2023 жылға қарай тұқымға бюджеттік субсидиялар көлемі 16,5 млрд теңгеге жетті, бұл сортты жаңартуға оң әсерін тигізді. Мәселен, өткен жылы элиталық тұқымдардың үлесі 5,2% - дан 7,1% - ға дейін өсті.

Қазақстан тұқым шаруашылығын дамыту мәселелері бойынша жемісті ынтымақтастыққа мүдделі. Бұл диалог алаңы бизнеске, ҮЕҰ-ға, инвесторларға байланыс орнатуға және АӨК-де бизнес жүргізу үшін жаңа трендтер мен перспективаларды талқылауға мүмкіндік береді деп үміттенемін, - деп қорытындылады сөзін Айдарбек Сапаров.

Айта кетейік, 8-ші тұқым конгресін ECOSA қауымдастығы мен TSÜAB ұйымдастырды. Конгресс алғаш рет Түркия аумағынан тыс жерде өткізілді және шараға 75 компания қатысты. ECOSA - бұл тұқым өндірушілердің мүдделерін қорғаумен, ауыл шаруашылығын қолдаумен және жаңа технологияларды дамытумен айналысатын коммерциялық емес ұйым. Олардың мақсаты - Экономикалық ынтымақтастық ұйымы елдері арасында тұқым саудасын дамыту.

TSÜAB (Түркия өнеркәсіпшілері мен тұқым өндірушілерінің бірлестігі) Түркияның ірі кәсіби бірлестіктерінің бірі болып саналады. Ұйым тұқымның жаңа сорттарын селекциялаумен, өсірумен және тіркеумен айналысады; тұқымдық өнімді орау, өңдеу және ішкі және сыртқы нарықтарда жылжыту арқылы жүзеге асырылады. Жалпы тұқым шаруашылығы Түркияда 1920 жылдардан бері белсенді дамып келеді.

Іс-шарада қазақстандық тараптан сондай-ақ ҰҒБО Басқарма Төрағасының орынбасары Дамир Қалдыбаев сөз сөйледі. Ол орталықтың отандық селекция мен тұқым шаруашылығын дамыту мақсатында жүргізген зерттеулері туралы айтып берді. Атап айтқанда, бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін мемлекет жаңа сорттарды масштабтауға, маркетингке, агроөнеркәсіптік кешен мен сервисті қамтамасыз етуге ерекше назар аударуы қажет екенін атап өтті.

Дамир Қалдыбаевтың айтуынша, тұқым шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын іске асыру сортты құру процесін 10-15 жылдан 5-8 жылға дейін жеделдетуге, селекцияның тиімділігі мен дәлдігін арттыруға алып келеді.

Дәмір Қалдыбаев Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҒБО-ны вертикалды интеграцияланған агротехнологиялық хабқа айналдыруды тапсырғанын еске салды. Тапсырманы орындау аясында ҰҒБО командасы Бараев атындағы ҒӨО басшылығымен Қазақстанның 7 өңірінен 11 еншілес ұйымды тарта отырып, QAZAQ TUQYM консорциумын құруды ұсынды. Консорциумның негізгі мақсаттарының бірі - Қазақстанның әртүрлі табиғи-климаттық жағдайларында отандық ғалымдар жасаған сорттарды сынақтан өткізу және іріктеу.

Қабылданған шаралар сынақтардың екi-үш жылы iшiнде республиканың қандай да бiр аймағы үшiн неғұрлым қолайлы сорттар мен будандарды iрiктеуге мүмкiндiк бередi. Сынақтармен қатар осы сорттардың маркетингі бойынша жұмыс жүргізілетін болады. Нәтижесінде кепілдендірілген өнім алу үшін қатаң сақталуы қажет сорттарды пайдалану бойынша ұсынымдар әзірленетін болады. Бұл Қазақстанның тұқым шаруашылығы саласын жаңа, анағұрлым жоғары деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға