Айдана Еуропада қазақ тілін насихаттап жүр
Бүгінгі кейіпкеріміз шетелдіктерге қазақ тілін үйретіп жүрген Айдана Смағұл. Оның бойынан отанға деген сүйіспеншілік пен патриотизмді бірден байқайсыз. Қазіргі таңда Венгриядағы Лоранд Этвёш атындағы университетте «Тіл педагогикасы және қолданбалы ағылшын лингвистикасы» докторлық бағдарламасы бойынша білім алатын ол университетте қазақ тілі факультативінің ашылуына себепкер болды. Еуропада қазақ тілін насихаттап, таралуына өзіндік үлесін қосып жүрген қазақ қызымен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
– Өзіңіз туралы толығырақ айтып берсеңіз. Қай жерде дүниеге келдіңіз және қандай мектепте білім алдыңыз?
– Мен Қарағанды облысы Шет ауданы Жоғарғы Қайрақты өңірінде дүниеге келдім. Жасым 3-ке толған кезде отбасымызбен бірге Қарағанды қаласына көшіп кеттік. Қарағанды қаласындағы Нығмет Нұрмақов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының түлегімін. Мектебімізде қазақ, орыс, ағылшын тілдерін тереңдетіп оқытатын. Сол мектепте жүргенде ағылшын тіліне деген махаббатым оянып, өзімнің болашақ мамандығымды ағылшын тілімен байланыстыруды жөн санадым. ҰБТ-де ағылшын тілін таңдап, мектепті алтын белгіге аяқтадым. Соның арқасында өзім қалаған мамандыққа, өзім қалаған университетке грант жеңіп алдым.
– Жоғары білімді қайда, қалай алдыңыз?
– Менің таңдауым Алматы қаласындағы Сүлеймен Демирел атындағы қазақ-түрік университетіне түсті. Осы білім ордасында «Аударма ісі» мамандығы бойынша білім алдым. Оқып жүргенде қазақ және ағылшын тілдік сыңарда жұмыс істедім. Яғни, қазақ тілінен ағылшынға, ағылшыннан қазақ тіліне аудару тәжірибем бар. Сондай-ақ бұл университет қазақ-түрік университеті болғандықтан біз түрік тілінде оқыдық. Түрік тілінен аударма жасауға да машықтандық. Қазіргі таңда көптеген университетте академиялық ұтқырлық бағдарламасы бар. Мен де сондай бағдарламаға тапсырып, өз бағымды сынап көрдім. 2014 жылы «Мевлана» бағдарламасы бойынша грант жеңіп, бір семестрге Түркияға оқуға кеттім. Түркиядағы университеттің аты да Сүлеймен Демирел атындағы университет болды. Университет Антальяның қасындағы Испарта деген кішігірім студенттер қалашығында орналасқан. Түркиядағы ең үлкен білім ордалараның бірі болғандықтан әртүрлі қаладан студенттер оқуға келеді. Жарты жылдың ішінде түрік тілінен деңгейімді жақсарттым. Жатақханадағы түрік қыздар тек өз тілдерінде сөйлегендіктен менің түрікше үйреніп, сөйлеуіме тура келді.
– Жұмыс тәжірибеңізбен бөліссеңіз... Венгриядағы университетке қалай түстіңіз?
– Бакалаврды үздік аяқтаған соң, бірден магистратураға түспей, өзімді басқа сала мен жұмыста сынап көргім келді. Астана қаласынан жұмыс іздеп, Air Astana әуе компаниясына жұмысқа кірдім. Аталған компанияда жұмыс істеп жүрген кезімде мектептен бастап білім жолындағы ізденістерім зая кетпесін деп, магистратураға түсу жолдарын қарастыра бастадым. Сондай ізденіс барысында мен «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығынан мемлекетаралық білім гранттары туралы оқыдым. Ол грант Мажарстан мен Қазақстан арасында болған. Бұл мемлекетаралық грант Stipendium Hungaricum деп аталады. Бұл шәкіртақының шарттары мен талаптарын оқыған кезде мен үшін өте жақсы мүмкіндік екенін түсіндім. Себебі, аталмыш грант оқу ақысын, сондай-ақ айлық шәкіртақы және тұратын жер мен медициналық сақтандыруды қамтиды. Сондықтан, осы бағдарламаға қызығып, бірден құжаттарды тапсырдым. Көп күттірмей жақсы жауап алдым. Тапсырылған құжаттарды ең алдымен «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығы өзі қарастырады. Содан кейін қазақ студенттерінің арасында конкурс болып, тізімді Мажарстанға жібереді. Әркімнің мамандығы әртүрлі ғой, яғни әртүрлі университет пен мамандықтарға тапсырдық. Солайша Мажарстанға құжаттарымыз кеткенде дүниежүзілік конкурсқа түседі. Яғни, аталған шәкіртақы бағдарламасы бойынша 60 мемлекет болса, сонша елден іріктелген студенттердің арасында байқау болады. Құжаттарымыз таңдаған университет пен мамандық бойынша жіберіледі. Сол жердегі профессорлар сіз туралы оқып, мотивациялық хат, жетістіктердің бәрін қарап, олардың талаптарынан өтсеңіз, екінші турға сұхбаттасуға шақырады. Сұхбаттасу zoom арқылы өтіп, оқу жайлы, неліктен Мажарстан және университетті таңдауға қатысты сұрақтарын қояды. Бәрі аяқталған соң профессорлар құрамы жауабын Темпус деген ұйымға жібереді. Университет сізді қабылдап тұрса да, Темпус ұйымы грант бермей қалуы мүмкін. Яғни, соңғы жауап осы ұйымнан келеді. Көп күттірмей магистратураға қабылданғаным туралы хат келді. Осылай Мажарстанға 2017 жылы қыркүйекте келдім.
1634 жылы ашылған Мажарстандағы Лоранд Этвёш атындағы университетте екі жыл бойы магистратура оқыдым. Гуманитарлық білімдер факультетінде «Тіл философиясы» бағдарламасы бойынша білім алдым. Содан кейін Эрасмус бағдарламасымен басқа мемлекетте тағылымдамадан өтуге мүмкіндік туды. Польшаның Варшава қаласына барып, аудармашы-лингвист мамандығы бойынша жұмыс атқардым. Ол жерде мен онлайн қазақ тілі курстарына контент жазып, аудармамен айналыстым. Әртүрлі блог, мақалалар жазатынбыз. Қазақ тілінен бөлек, орыс тілі мен түрік тілдеріне де өз үлесімді қостым. Варшавада бір жыл жұмыс істеп, Мажарстанға қайттым.
Бұл жолы білім жолымның келесі деңгейі – докторантураға тапсыруға келдім. Докторантураға дәл магистратурадағы бағдарламамен түстім. Құжат тапсырудың барлық сатыларын білсем де, докторантураға түсудің өзіндік қиыншылықтары бар. Ең алдымен, супервайзер тауып, тақырып таңдау керек. Одан бөлек сол докторлық жұмысты қалай жазамын, мақсатым не, жоспардың бәрін толтыру керек. Супервайзер тауып, ол сіздің жұмыстарыңызды ұнатса, университет басшылығымен сөйлеседі. Университетке қабылдау туралы хат келген соң құжат жинау процесі басталады. Бірақ ол кезде «Болашақ» іріктеуді күшейткен болатын. Яғни, тапсырған құжаттарыңызға қарап, сізді қазақстандық сұхбатқа шақырады. Осы сұхбаттан өтсеңіз, Мажарстанға әлемдік конкурсқа жіберіледі. Осылайша, барлығы сәтті болып, 2020 жылы Лоранд Этвёш атындағы университетте докторантурадағы оқуым басталды. Гуманитарлық білімдер факультеті, Лингвистика докторлық мектебінде тіл педагогикасы және қолданбалы ағылшын лингвистикасы деген докторлық бағдарламада оқып жатырмын. Яғни, біз ол жерде шет тілін қалай үйрету керек? Яғни, біздің жазып жатқан докторлық жұмыстарымыз осы тақырыпты қамтиды.
– Шетелдіктер қазақ тілін меңгеруге деген қызығушылығы қалай? Осы туралы айтып берсеңіз...
– Осы бағдарламада оқып жүрген кезде маған бір ой келді. Шет тілін қалай оқыту керегін үйреніп жүргендіктен, бәлкім, осы университетте қазақ тілін үйретермін деген ой келді. Алдымен қазақ тілі оқытыла ма, жоқ па, бәрін іздестірдім. Өкінішке қарай, қазақ тілі болған жоқ. Түрік тілі мен өзбек тілі оқытылады екен. Содан кейін өзімнің ана тілім – қазақ тілін оқытуға қатысты бастамамды көтеріп, Түркітану бөліміне хат жаздым. Шет тілдерді үйрету бойынша зерттеу жүргізетінімді, мүмкіндік болса, факультетте қазақ тілін өткізуге сұраныс жібердім. Түркітану бөлімінің басшысы қуана-қуана келісетінін айтып, жауап жіберді. 2020-2021 жылдың көктемгі семестрінен бастап қазақ тілі курсын жарияладық. Мажарстан бойынша университеттерде қолданылатын Нептун деген платформаға қазақ тілін енгізді. Elementary kazakh for beginners деген курс аштық. Курсша ниверситет бойынша кез келген студент жазыла алатын болды. Яғни, бұл міндетті пән емес, таңдау пәні болды. Бірінші жылы 11 студент жиналды. Өз туған тілімді басқа елдегі шетелдіктерге үйрету мен үшін үлкен мәртебе болды. Докторантурада алған теориялық білімімді практикада қолдана алдым. Бұл бастапқы курс болғандықтан біз А1 деңгейінде сабақ өтеміз. Студенттердің көпшілігі түрік тілін білгендіктен қазақ тілін үйрену оңай болды. Сондай-ақ, олар мажар ұлтының өкілдері болғандықтан ол да көмек болды. Себебі, мажар және қазақ тілдерінің арасында ұқсастық бар. Көбінесе, грамматика мен тіл құрылымындағы ұқсастықтары арқылы тілді үйрену қиынға соқпады.
2021-2022 оқу жылында біз тағы да осы курсты жарияладық. 7 студент қазақ тілі пәнін таңдап алды. Өткен жылы өте жақсы көрсеткіш көрсеткен Máté István Poór есімді студентім болды. Ол осы Түркітану бөлімінде магистратурада оқиды. Яғни, бастапқы деңгейден қазақша еркін сөйлейтін дәрежеге жетті. Мен ол үшін өте қуаныштымын.
– Шетелдегі отандастарымыздың қазақ тілін үйренудегі құлшынысын қалай бағалайсыз?
– Содан кейін тағы бір айта кететін жайт ол – мажарлардың қазақтарға деген көзқарасы. Мен Түркияда оқып жүргенде түріктердің қазақтарға деген қарым-қатынасын байқаған болатынмын. Олар қазақтарды өз бауырларындай көреді, тура сондай жағдай мажарлардың да арасында қалыптасқан. Көп мажар қазақ дегенді естісе, өзінің бауырындай қарайды. Өздерінің түпкі тамырын қазақ жерімен байланыстыратындар бар. Одан бөлек Елшіліктің атқаратын қызметі жоғары деңгейде. Былтыр да, биыл да біз Қазақстан мен Мажарстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығын тойлап жатырмыз. Қазақстанды жақсы жағынан танытып жатыр. Одан бөлек бұл студенттердің арқасы. Жыл сайын Қазақстаннан қаншама студент келеді. Ең басында, бұл бағдарлама бойынша тек 40 студент білім алатын. Одан кейін оның саны 200-ге жетті. Қазіргі таңда 250 студент осы грантпен Мажарстанға келеді. Оқуға келген әрбір студент Қазақстанның айнасы деп айтсақ болады. Олар да өздерін білім деңгейі және тәрбиесін көрсеткен соң, мажарлар қазақтарды өте қатты сыйлайды.
Әр жаз сайын Лакителек қаласында мажар студенттері үшін тілдер лагері өтеді. Сол жазғы лагерге қазақ тілі де кірген. Ол жерде қазақ тілін Айша Мандоки деген апамыз үйретеді. Сондай-ақ Айша Мандоки өзіне қолғабыс ретінде өзінің студенті, қазіргі таңда өте танымал түркітанушы David Somfai Kara екеуі өткізіп жүрді. Одан кейін қазақ тілін университетте оқытып жүргенімді естіп, мені де осы лагерге шақырды. 2021 жылдың жазында Лакителекте мажар студенттерге қазақ тілін үйреттім. Содан кейін осылай қазақ тілін үйретіп жүргенімді естіп, басқа да шараларға шақыра бастады. Соның бірі «Отандастар» қоры ұйымдастырған шетелдегі қазақ диаспорасына арналған қазақ тілі жобасы. Осы жоба бойынша 2022 жылдың көктемінен бастап, екі ай қазақ тілі сабақтары өтті. Жазғы демалыстан соң қазіргі таңда тілдік курсты жалғастырып жатырмыз. Алғашында 15 адам жазылып, тұрақты түрде 10 студент қатысты. Бүгінгі таңда қазақ тілін оқуға қызығушылық танытқан студенттердің саны артты. 25 шақты адам қатысуға өтініш берді. Бұл өте үлкен жетістік деп ойлаймын. Яғни, шетелдегі қазақтар өз ана тілімізді ұмытпауы және қолдану үшін сабақтарға қатысып жүр.
Қазақ студенттермен бірнеше іс-шаралар ұйымдастырамыз. 20 қазан күні Будапештегі Корвинус университетінде жұмыс істейтін профессор Золтан Бузадыдың қатысуымен іс-шара өтті. Профессор Қазақстандағы университеттерге барып, бірнеше рет лекция оқыған. Қазақ студенттерінің басын қосып, бір-бірімен байланыстырсақ деген ниетпен осындай шара өткізуді жөн санадық. Бұдан бөлек қазіргі кезде студенттердің тілдік деңгейлері жақсарып, әңгіме оқып, қысқаметражды фильмдер көреді.
– Жобаларыңызға сәттілік тілейміз!