Жаңалықтар

Айдаһар

Айдаһар – байырғы наным-сенім бойынша бірнеше басты, алып жыртқыш, адам баласына өлім әкелетін дүлей күш, жалмауыз.
25.08.2014 06:55 8789

Айдаһар

Айдаһар – байырғы наным-сенім бойынша бірнеше басты, алып жыртқыш, адам баласына өлім әкелетін дүлей күш, жалмауыз. А. – әлем халықтарының фольклорында жиі кездесетін кейіпкер. Әсіресе, батырдың айдаһармен соғысу сюжеті мол. В.Я. Пропптың анықтауынша, А. отырықшы-диқан, қалалық мәдениетте болған халықтарда қалыптасты. А. қазақ ертегілерінде қауымнан ауыр салық алып тұратын дүлей күш жалмауыз ретінде бейнеледі. Ол «борандатып, дауылдатып» келеді, алдын ала адамдардың дайындап қойған малын, кісісін тірідей жұтады. Әсіресе, қыздарды жалмайды, тіпті патшаның қызын жұтам деп, жұрттың үрейін ұшырады. Онымен шайқасуға бел буған батыр-аңшыны А. жұтқан кезде, ол қырық құлаш семсерін сертке ұстап ішіне кіріп, қақ жарады да, жұртты азат етеді, А.-ды өлтіргенінің белгісі ретінде жонынан таспа тіліп алады. Бұдан қазақтағы А.- дың стадиялық даму сатысына сай өзіндік ерекшелікке ие екенін байқаймыз. Қытай, Мысыр, Үндістандықтар тәрізді диқан халықтар А.-ды аузынан от шашқан, қанаты, төрт сирағы бар, жаңбыр жауғызып, кейде құрғақшылық жасап, елге апат төндіретін, найзағай ойнататын бейне.

Кейбір қазақ ертегілері мен хикаяларында әйел кейде А.- дың етіне жерік болады және ол тотемдік сенімнің қалдығы, ал А.-дың адамды жұтуы кәмелеттік сынақ салтының ізі екендігі фольклортану ғылымында анықталып отыр. Қазақтардың төл түсінігінде А. жыланның алып түрі ғана. Сан қатпарлы осы күрделі бейнені жан-жақты талдаған академик С.А.Қасқабасов: «Айдаһар түптеп келгенде ғаламат алып жылан» деп пайымдайды. Қазақ ертегілерінде А. «алып жылан» түрінде кей ертекте, халықаралық сюжеттерде кездесетіндей, сумен қатысты бейнеленеді. Мысалы, әйел бейнесінде құбылып жүріп, жігітке тұрмысқа шығады, шөлге шыдамсыз, түнде тұрып ап, үйдің шаңырағынан мойнын созып, өзеннен су ішкендігі айтылады («Айдаһар»). Кейде ысқырып, аспаннан жаңбыр жауғызады («Айдаһар қатын»). Шөлден қаталап жары- лып өлгенде күн бұзылып, жаңбыр жауып кетеді («Арғы мерген»). Әлбетте, бұл сарындар диқаншы, отырықшы халықтарда кездеседі. А.-ды жауын-шашын, су иесі деген ұғым қазақ этномәдениетіне сыртқы отырықшы жұрттардан ауысып орнықты. Көптеген халықта А.-ды ұшатын қанаты бар, аузынан от шашатын, сирағы бар мақұлық кейпінде елестетеді. Кейде ертек айтушылар жылан, А. деген атауларды қатар қолдана береді. А. төменгі өлілер әлемінің күзетшісі, жанды о дүниеге жеткізуші рух-ие. Ежелгі заманда осы тәрізді неше алуан құбыжықтарға малды, тіпті тірі адамды да құрбандыққа шалатын қатігез салттың талай түрі болғандығы көне мәдениет тарихынан белгілі.

Әдеб.: Куфтин Б.А. Календарь и первобытная астрономия киргиз- казахского народа // ЭО. 1916, №№3-4; Снесарев Г.П. К истории не- которых категорий теонимов у народов Средней Азии и Казахстана // Ономастика Средней Азии. Фрунзе, 1980; Қасқабасов С. Қазақтың халық прозасы. Алматы: Ғылым, 1984; Пропп В.Я. Исторические корни волшебной сказки. Л.: ЛГУ, 1986.

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға