Жаңалықтар

Айбекке тек құрмет!

Айбек Нұғымаров – Павлодар қаласында қазақ күресінен тұңғыш рет өткен "Әлем Барысы" халықаралық турнирінің финалына шығып, ақтық белдесуде кубалық Брайсон Видалға жеңіліп қалды.
27.10.2014 11:54 8434

Айбек Нұғымаров – Павлодар қаласында қазақ күресінен тұңғыш рет өткен "Әлем Барысы" халықаралық турнирінің финалына шығып, ақтық белдесуде кубалық Брайсон Видалға жеңіліп қалды.

Айбекке тек құрмет!

«Әлем барысы» халықаралық турнирінің салтанатты ашылу рәсімінде Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының Орынбасары Бағлан Майлыбаев  «Әлем барысына» қатысушыларға сәттілік тілеп, Елбасының атынан құттықтау хатты оқыды.

"Әлем Барысына" әлемнің бес құрлығынан өз елінің ең үздік 34 балуаны келді. Кілем иесі ретінде еліміздің намысын төрт балуан қорғауы тиіс болатын. "Әлем Барысына" қатысатын алты балуанның ішінен төртеуін таңдап алды. Олардың екеуі әр жылдары  "Қазақстан Барысы" деген атақты жеңіп алған. Нақтырақ айтатын болса, олар – Бейбіт Ыстыбаев (2012 жылғы "Қазақстан Барысы"), Айбек Нұғымаров (2013 жылғы "Қазақстан Барысы"), Асыл Барменов (2014 жылғы "Қазақстан Барысының" күміс жүлдегері) және Руслан Әбдіразақов (2014 жылғы "Қазақстан Барысының" қола жүлдегері).

 Айбекке тек құрмет!

Айбек Нұғымаров "Әлем Барысына" үлкен дайындықпен келген балуандардың бірі. Тіпті, жарыс басталардан бір күн бұрын Асыл Барменов екеуі ұзақ тер төгіп, кілемнен қонақ үйге кеш оралды. "Ертеңгі жарысқа дайындығың қалай?" деген сұрағымызға "Уақыт көрсетер, әзірге ештеңе дей алмаймын!" деп төтесінен жауап қатты. Бапкері Серік Қоржыкенов пен белгілі балуан Шалқар Жоламанов жарыстан бір күн ерте кеп, Айбекке ақыл-кеңесін айтып, әдіс-тәсілдерінен бөлек сорпа ішуін талап етті. Шалқар Жоламановтан осы жәйлі сұрағанымызда "Сорпа адамға күш береді, қосымша нәр. Кезінде балуандар ет жеп, сорпа ішкен. Оның құрамы өте құнарлы болады" деген жауап алдық. Сондай-ақ, дайындық үстінде Шалқар Жоламанов Айбекке "Ешқандай самбо, дзюдо әдістеріне барма, бұл қазақ күресі. Ертеден қалыптасқан әдістерді қолдан. Олар қысқа жеңді жейдемен күресіп үйренбеген. Бір қырыңмен тұрып ап, тепе-теңдік сақта" деді. Ертесіне Айбек дәл осы кеңеске құлақ түріп, тәжірибелі балуанның айтқанын толықтай жүзеге асырды.

 Айбекке тек құрмет!

Жарыс күні Айбек Нұғымаров алғашқы белдесуінде даниялық Томас Йоханссоннан басым түсті. Даниялық балуан бабында тұрған спортшылардың бірі еді.  

Айбекке тек құрмет!

Ширек финалға шығу үшін 1/8 финалда Эстония балуанымен белдесті. Айбектің қарсыласы өте мықты болды, бірақ жеңіс қазақ балуанының пайдасына шешілді. Эстон балуаны – 2002 жылы 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдесіп, Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері атанған. Дзюдодан Еуропа чемпионатында төрт мәрте қола жүлде алған (2005, 2006, 2007 және 2011 ж.ж.). 100 келіден жоғары салмақ дәрежесі бойынша 2009 жылы Еуропа чемпионы атанған;
Эстонияның әлі күнге дейін ауыр салмақтағы ең үздік спортшысы. Сондықтан Айбек үшін оңай белдесу болмады.

Айбекке тек құрмет! 

Ширек финалда Айбектің қарсыласы моңғол балуаны еді. Моңғол балуаны Алтангэрэл Давааням үшін қазақ күресі өте таныс. Белбеу күресiнен әлем чемпионы, қазақ күресiнен Азия чемпионы, Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы халықаралық жарыстың 2 дүркін чемпионы, Үндiстанда өткен қазақ күресiнен өткен Әлем кубогының жеңімпазы. Міне, Айбек үшін қиын болғаны да сондықтан. Айбек Нұғымаров пен Давааням Алтангерел соңына дейін күресті. Соңғы минутта ғана Айбек қарсыласын жауырынын жерге тигізіп жартылай финалға жолдама алды. 

Айбекке тек құрмет!

Жартылай финалда Айбектің қарсыласы ресейлік Максим Ширяев болатын. 2014 жылы "Мәскеу Барысы" атанған Максим үшін қазақ күресі таңсық емес. Самбодан 2014 жылғы Ресей чемпионы екендігін де естеріңізге салайық. Айбек пен Максим арасындағы белдесу тең өтті. Айбек Нұғымаров тек ұпай айырмашылығымен финалға өтті.

 Айбекке тек құрмет!

Финалда Айбектің қарсыласы Куба балуаны болды. "Әлем Барысына" қатысқандардың арасында Олимпиада медалі бар спортшы (Бейжің-2008, дзюдо) Оскар Рене Видал Брайсон ғана. Брайсон Видал финалға дейін екі бірдей қазақ балуанын жарыс жолынан тайдырды. Ширек финалда асыл Барменовты, жартылай финалда Бейбіт Ыстыбаевты жеңді. Финалда да Айбек Нұғымаровтан айқын басым түсті.

 

Айбек Нұғымаровтың жетістігін айта кетсек:

2014 жылғы "Әлем Барысының" күміс жүлдегері;

2013 жылғы "Қазақстан Барысы" турнирінің жеңімпазы.

Бапкері: Серік Қоржыкенов.

1987 жылы туылған, 27 жаста.

Салмағы: 138 келі.

Бойы: 189 см.

 

Әзірлеген – Жандос БАЙДІЛДА,

Астана – Павлодар – Астана.

Фотолардың авторы – Жеңіс Ысқабай.

Жарысқа қатысушылар мен "Әлем Барысы" турнирінің толық суреттерін көргіңіз келсе мына сілтемелер бойынша өтіңіз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға