Айбек Қуандық: «Қоғамға кері әсерін тигізетін ақпарат көп»
Айбек Қуандық, «Sabaq.kz» сайтының админстраторы, Екібастұз қаласы №25 қазақ кыздар гимназиясының оқытушысы
«Ақпараттық қауіпсіздік» биылғы Астана интернет форумының басты тақырыбы ретінде талқыға түсті. Тақырып өте өзекті, керек сәтте көтерілді деп еспетеймін. Бүгінгі таңда интернет кеңістігінде дәстүрлі БАҚ-қа қарағанда интернет ақпарат көбірек әрі жедел тарап жатыр. Себебі, заманның өзгеруі, техниканың дамуына байланысты кез-келген адам смартфон, мобильді құрылғы секілді өзге де ақпарат тарату құралдары арқылы ешқандай кедергісіз, «журналист» мамандығын игермей-ақ ақпарат тарату мүмкіндігіне ие болып отыр. Осы орайда, Қазақстанның интернет кеңісітігіне келіп жатқан ақпараттар ағымында қоғамға кері әсерін тигізетін ақпараттар көп кездеседі. Мәселен, ұстаз ретінде айтар болсам, көптеген оқушылар «Вконтакте» әлеуметтік желісінде отырады. Мысалы, «Фейсбук» әлеуметтік желісін ақыл-ойы толысқан, тұщымды пікір жаза алатындай интеллектуалдық орта қолданатын болса, «Вконтакте» желісін көбінесе мектеп жасындағы балалар мен жас буын көңіл-көтеру мақсатында қолданады.
Сол «Вконтакте»-де таралатын ақпараттарды бізде сүзгіден өткізбейді. Онда жастардың психологиясына, физиологиясына кері әсер ететін ақпарат көп. Мәселен, «18+», «Екеудің құпиясы», «Мен сенімен болғым келеді»т.б. секілді өзге де жастайынан баланы интимге тәрбиелейтін ақпарат көп тарап жатыр. 6-7 сынып оқушылары есеймей жатып, сондай топтарды еркін қарап, еркін оқиды. Ондай тәрбие алған баланың болашағы бұлыңғыр. Бұл үлкен мәселе.
Ата-ана, мектептегі мұғалім өзінің баласын немесе өзінің оқушысын қандай әлеуметтік желіде, қандай топтарда, қандай контентті, қандай топтар мен қауымдастықтарға тіркеліп, нені тыңдап, нені қарайтынын сараламайды. Бала түнде жатқаннан кейін көрпенің астына кіріп, смартфоннан түрлі топтарды қарап жатады. Ақпараттық қауіпсіздік деген осы. Бұл – қазақ халқы үшін өзекті проблема. Сол себепті бұл форумның тақырыбы өте өзекті деп есептеймін. Форумның спикерлері тарап жатқан ақпараттың жалғанын, қауіптісін, анықтаудың жолдарын үйретті. Дегенмен де, «Тәрбие – тал бесіктен» деген халық мақалын ескерсек, ең алдымен бала тәрбиесіне үйдегі ата-ана көңіл бөлу керек, қадағалау керек. Бала қандай ақпарат оқиды, ғаламторда қандай сайттарды пайдаланатынын қадағалап, тексеріп отырған жөн.
Пікірді жазып алған Тұмар АСЫЛ