Жаңалықтар

Айбек Оралбайдың Париждегі басты қарсыластары кімдер

Айбек Оралбайдың Париждегі басты қарсыластары кімдер
Фото: olympic.kz 08.07.2024 23:17 732

Боксшы Айбек Оралбай Париж Олимпиадасында 92 келі салмақ дәрежесінде сынға түседі. Жасөспірімдер  арасындағы Олимпиада чемпионына тағы бір Олимп шыңын бағындыру оңай болмасы анық. Боксшының басты қарсыластары туралы Olympic.kz материалынан оқыңыздар, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сурет: olympic.kz

Бұл салмақтың басты фавориті – кубалық Хулио Сесар Ла Крус.  Әуесқой бокста кубалық боксшыға бағынбаған биік қалған жоқ. Оның еншісінде  әлем чемпионатының бес алтыны бар. Ал Ла Крустың ең үлкен жеңісі – 2016 және 2020 жылғы Олимпиада ойындарының чемпиондық  атағы. Бұл бәсекеде де жанкүйер назары Хулиоға ауары анық.

Сурет: olympic.kz

Кубалық боксшының жеңілетін кезі сирек. Соңғы рет ол өткен жылы ғана өзбекстандық Лазизбек Муллажановтен ұтылды. 25 жастағы боксшы әлемдік аренада былтырдан бері танымал. Ол әлем чемпионатының қола жүлдегері. 2022 жылы Азия чемпионатында топ жарған. Лазизбек жиі салмақ ауыстырады. 92 келіден жоғары салмақта Муллажанов Олимпиада чемпионы Баходир Жалоловты да, біздің Қамшыбек Қоңқабаевты да жеңді.  

Сурет: olympic.kz

Испания атынан сынға  түсетін кубалық призер Энмануэль Рейес те көпшілікті таң қалдыруы мүмкін. Ол өзін базасы мықты боксшы ретінде көрсетті. Ал қазақ жанкүйеріне Рейес Токио Олимпиадасында танылды. Ол 2020 жылғы Олимпиадада қазақстандық Василий Левитті мерзімінен бұрын жеңген еді. Ширек финалда ол Хулио Сесар Ла Крустан ұпай айырмашылығы бойынша ұтылды. 

Сурет: olympic.kz

Сонымен қатар, италиялық Азиз Аббес Мухийдин де бар. Оралбай онымен 2023 жылғы әлем чемпионатында кездесіп, жеңіске жеткен. Азиздің еншісінде әлем чемпионатының екі  күмісі бар. Сондай-ақ, ол Еуропа ойындары мен Еуропа чемпионатында топ жарған. 

Бразилиялық Кено Мачадо да 92 келіге бейімделіп кетті. Ол ұзақ уақыт бойы жеңілдеу салмақта сынға түскен. 2021 жылғы  әлем чемпионатында 86 келі салмақ дәрежесінде күміс жүлдегер атанды. Енді ол Оралбайдың салмағында бақ сынап көрмек. Мачадо Муллажанов пен қазақстандықтар Бек Нұрмағамбет және Айбек Оралбайдан да басым түскен.

Сурет: olympic.kz

Тағы кімді атап өтуге болады? Әзербайжан намысын қорғайтын кубалық Лорен Берто Альфонсо Домингес. Токио Олимпиадасында қола жүлдегер атанды. Одан бөлек, әлем чемпионатының алтын және күміс жүлдегері. 

Тәжікстандық Давлат Болтаев та қауіп төндіруі мүмкін. Бұл боксшы аса танымал болмаса да, соңғы Азия ойындарында жеңіске жетті. Осы екпінмен ол Олимпиада ойындарында да алысқа баруы мүмкін. 

Қай боксшыны айтсақ да, бұл дивизионның бәсекеге қабілетті болары анық. Десе де, тұғыр биігіне ілігу мүмкіндігі де зор. Бастысы, қарсыластың ауыр соққысынан қашу керек. Бұл салмақта бәрі де мерзімінен бұрын шешілуі мүмкін. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға