Жаңалықтар

Айбана

Айбана 1 – ұрлық істеген айыпкерге салынатын ең ауыр жаза, айып, ұрыға салынатын айыптың ең жоғары түрі.
25.08.2014 05:43 4913

Айбана 1 – ұрлық істеген айыпкерге салынатын ең ауыр жаза, айып, ұрыға салынатын айыптың ең жоғары түрі.

Айбана  

Қазақтардың әдеттік ғұрпында айып түрлері жасаған қылмысына қарай төленіп отырған, сондай-ақ, қазақтардың әдеттік құқықтарындағы мүліктік жауапкершілікті жіктеуге қатысты заң әдебиеттерінде құн және айып сияқты жауапкершілік пен жазалаудың негізгі екі тобынан бөлек, үшінші тобы «тоғыз» деп көрсетілген. А. өтеу үшін адамдар осы тоғыз айыбын еселеп төлеген. Яғни оны қазақтардың құқықтық жүйесіндегі орнына және рөліне қарай мүліктік жауапкершіліктің жеке тобына жатқызуға болады. Осыған қарамастан, жалпы қалыптасқан көзқарасқа сай, тоғызды айыптың бір түріне жатқызған. ХVІ ғ. соңында қазақ мемлекетінің саяси құрылымында, басқару жүйесінде болған үлкен реформалар барысында дүниеге келген, ұлттық мүддеге үйлесетін жаңаша заңдар ережесі – әйгілі «Жеті Жарғы» тұсында ұрлығы әшкереленсе төлейтін айыбы «айбана» деп аталған. А. бойынша біреудің түйесін ұрлағаны үшін бір адамды «тұтқын» береді, жылқы ұрлағаны үшін түйе төлеуді міндеттеген. А.Левшиннің 1820 жылы Кіші жүз қазақтарынан жазып алған мәліметтері бойынша ұрлық жасаған адам ұрланған малды (мүлікті) үш тоғыз көлемде қайтаратын болған. Бұл жаза А. деп аталған. Яғни қылмыскер ұрлаған мал-мүлкіне қоса қасқа тоғыз, орта тоғыз, аяқ тоғыз деп аталатын үш тоғыз айыптың бірін төлейтін. Егер мал ұрласа түйе ұрлығы үшін онымен қоса бір құл, жылқы ұрласа онымен қоса бір түйе, қой ұрласа онымен қоса бір жылқы қайтаратын. Жүз түйе 300 жылқыға, 1000 қойға тең болған. Күрделі институционалдық құрылым ретінде айып мөлшері мен тапшылығына қарай бірнеше түрлерге бөлінеді. Айыптың ең жоғарғы түрі А.-ның мағынасы төмендегідей: «сойыл айбанасы» сойылға немесе таяққа жыққаны үшін төленетін ақы, «пышақ айбанасы» – қылмысқа арнайы қару ретінде пышақты пайдалағаны үшін төленетін ақы болып табылады. Орыс деректері бойынша егер ұры ұрлық істеп жатқан жерінде ұсталып, өзімен бірге қару-жарағы немесе қарапайым сойылы не таяғы болса, бір сойыл айбана төленіп, аты тартылып алынады. Айыптың кең тараған түрлерінің бірі «тоғыз» деп аталады. Оның бірнеше түрлері бар. Сондай-ақ айыптың «ат-тон», «ат-шапан», яғни ат және шапан, «ат-түйе» – ат және түйе, «ат-тай» – ат және тай, «мойнына қосақ-құйрығына тіркеу», «азусыз ат, жиексіз тон», «астарсыз шапан» сияқты түрлері қолданылды.

Әдеб.: Баллюзек Л.Ф. Народные обычаи имеющие, а отчасти и ныне имеющие, в малой киргизской орде силу закона // ЗООИРГО. Вып.ІІ. Казань, 1871; Қазақстан тарихы. ІІ том. Алматы: Атамұра, 1998; Айтқұлова Н. Қазақтардың әдет құқығы жүйесіндегі айып институты // Қазақтың Ата Заңдары. 2-том. Алматы: Жеті жарғы, 2004.

Айбана 2 – күйеу жігіттің қалыңдығына ұрын барғанда атасының үйіне апарып беретін сый кәдесі. Ә.Диваевтың жазуынша Сыр қазақтарының неке ғұрпында бұл кәде орнына көбіне бір түйе жүрген.

Әдеб.: Диваев А. Несколько слов о свадебном ритуале киргизов Сыр- Дарьинской области. Казань, 1900.

 

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға