Жаңалықтар

«Айбалта-2022» оқу-жаттығуы қорытындыланды

Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі мәлімдеді
«Айбалта-2022» оқу-жаттығуы қорытындыланды
Фото: gov.kz 03.11.2022 18:23 1860

Қорғаныс ведомствасының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов кеңес өткізіп, онда осы жылдың тамыз-қазан айларында өткен «Айбалта-2022» стратегиялық оқу-жаттығуының негізгі қорытындылары қаралды, деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі мәлімдеді.

«Айбалта-2022» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуы Қарулы Күштер Бас штабының бірыңғай жоспары бойынша еліміздің бүкіл өңірінде өтті. Бірінші кезеңде жоспарлар нақтыланып, күштік құрылымдардың орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылы ұйымдастырылды, запастағы әскери қызметшілер шақырылып, жұмылдыру оқу-жаттығулары өткізілді.

Екінші кезеңде Қарулы күштердің құрамалары мен бөлімдері оңтүстік, шығыс, батыс және орталық аймақтарда көзделген жауынгерлік дайындық тапсырмаларын орындады. Маневрлердің соңғы белсенді кезеңінде бірқатар жедел-тактикалық, тактикалық, ұшу-тактикалық, тактикалық-арнайы және арнайы оқу-жаттығулар өткізілді. Одан өзге, «Айбалта-2022» стратегиялық оқу-жаттығуы аясында ҰҚШҰ-ға мүше елдердің әскери контингенттерін жасақтау арқылы «Өзара іс-қимыл» командалық-штабтық оқу-жаттығуы, барлау күштері мен құралдарының «Іздеу» және әскерлерді материалдық-техникалық қамтамасыз ететін «Эшелон» арнайы оқу-жаттығуы өткізілді.

Қорытындылай келе, Қорғаныс министрі әскери басқару органдары мен әскерлерді даярлауды одан әрі жетілдіру қажет деді.

– Жаттығулардың қорытындысы бойынша әрбір командир қызметтің мәнісін түсініп, басты күшті қайда бағыттау керектігін түсінді деген сенімдемін. Әлемдегі шиеленіскен жағдайға байланысты әркез кәсіби біліктілігімізді арттырып қана қоймай, ел Президенті – Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысының тапсырмаларын толықтай іске асыра отырып, әскерлерді пайдаланудың жаңа әдіс-тәсілдерін табуға тиіспіз. – деді генерал-полковник Руслан Жақсылықов.

 «Айбалта-2022» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуының нәтижесіне қарай жасалған қорытындылар Қарулы күштердің дайындығын одан әрі жоспарлау және жеке құрамның жауынгерлік даярлығын арттыру барысында ескерілетін болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға