Жаңалықтар

Айғыр қою

Айғыр қою – жылқының құтпанын аталық ретінде таңдауға байланысты жасалатын рәсім.
25.08.2014 06:15 8469

Айғыр қою

Айғыр қою – жылқының құтпанын аталық ретінде таңдауға байланысты жасалатын рәсім. А. қоюға таңдалған құлынды жас кезінен таңдап, оның жалы, шоқтығы, құйрығына қол тигізбейді, яғни оны күзеп, кеспейді. Қол тигізсе киесі басылады, жал құйрығын күзеп тастаса сұсы қайтады-мыс. Әуелі, А. қоятын құлынды табатын бірнеше биені таңдайды: сыны келіскен жасамыс биеге алыстан басқа бөгденің үйірінен әкеліп салған сыны мен бабы келіскен А.-ды әкеліп салады. Ол А.-ға қалыптасқан жосын бойынша ақтық байлап, иесіне кәде береді. Реті болса, құлынның енесіне әдейілеп іш тастатып, алдағы қыста қысыр етеді. Ол үшін таңдалған биені қыстың сары аязында терлетіп, суық су мен суарып, таң асырып әдейі құлын тастатады. Келер қысында туған еркек құлындар арасынан таңдалған құлынды арда емізеді немесе басқа биеге телі емізеді (толығырақ қ. Арда; Арда емген; Телі емізу). Құнанында жүген құрық тигізбейді, дөненіңде көктемде жуасытып үйретіп жібереді. Осылайша, А. қоятын құлынды шаңырақ иесінің тән меншік тума еркек құлындардың арасынан таңдап алынады.

А. қоюды алдымен оның түр-түсі де ескеріледі. Қазақы ортада көкмойын, құла, қарагер көбірек таңдалады. Ал ала түс дәстүр бойынша өзіне біткен жылқының саны жүзден асса қара түсті А. қоюға рұқсат етілген. А. қоятын сәуіріктің сыртқы сымбаты келісті болу керек: басы етсіз, дене тұрқы тегіс, сіңірлі, бұлшық еті мығым, құйрық-жалы қою, шоқтығы биік, қабырғасы етті, әрі адырайған, шығыңқы, жоны тақтайдай тегіс, алқапты, ұша тұсы сәл бүкіс, сирағы жуантық, бұты талтақ, құрсағы салыңқы болса ол алғашқы сыннан өтеді. Үш шоқысы (шүйде, шоқтық, шонданайы осы үшеуге солай атайды) байлап қойған кезде бір деңгейде жатқан түзу, ауыз омыртқа шығыңқы, тірсегі төмен, кеуделі, төсі кең, бойшаң, жалы міндетті түрде қамшылар жағына жығылған болуы керек.

Онан кейін жеке сынына келеді: А. қоятын сәурік кең маңдайлы, қамыс құлақ (ұзын) танау тесігі кең, сағағы тік, қабағы қалың, кірпігі сояулы ұзын, көз жанары үлкен, тұяғы сом, тісі жуан, терісі кең, ұмасы үлкен, көлемі тең, үйірсек, мініске қолайлы, көнбіс болуы шарт. Егер өн-бойында жүннің ұйысқан орайы көп болса жақсы А. болудың нышаны деп есептелген. Дәстүрлі тәжірибе мен сенімде ондай орайдың сағақ, алқым тұсында оңға ширатылған көп орайлысы мықты А.-дың нышаны дейді. Толарсақ иілген садақтай болып тұрса, төмендеу келген, яғни бота тірсек болса А. қуатты, қайратты деп есептейді. Тағы бір ескеретін нәрсе, құйрық түбі жуан болған сайын қайраттылықтың белгісіне саналады. Керісінше құйрық түбі жіңішке болса әлсіз болады. Жалы мінер жағына жығылған жылқыны жаман ырымға жорып, мінбейді, бәйгеге қоспайды.

Таңдалып алынған сәурікке алдымен 3-5 байтал қосып «бел қызығын» көрсетеді. Сол кездегі биеге шабуы, үйірді қайтару кезіндегі мінез-құлқын байқайды: қызба, күйгелек мінездісін жаратпайды. Егер үйірді жақсы қайырса, және басқа саяқ жылқылар жібергенде бөтен сәурікке қарсы тұрып, үйірді қызғанса жақсы А. болудың нышанына саналады. А. қою рәсiмi өзіндік қалыптасқан ережемен жүріледі: сәуріктің сауырына сары май жағып,

«Иә, жарықтық-ай, бауырың өссiн!» деп игi тiлек тiлеп, шоқтығына дұғалық тұмар, құйрығына жеті тал үкi байлап, үйiрге қосады. А. қоярда:

Жылқышы ата, жирен сақал,

Айғырыңыз арынды болсын,

Үйірге қайырымды болсын,

Бауыры құт болсын! – деп бата айтады.

Осылай А. қойған соң жастау биелер мен қысырақтан кемі бес, арысы он екі-он үштен кем емес етіп топтап, үйір салып, сәурік А.-дың шабуына мүмкіндік жасайды (толығырақ қ. Қысырақ матау). Егер үйірде жаңадан қойылған А.-дың өзінің туған енесі немесе бір енеден туған енелес биелер болса оны бөліп, басқа үйірге қосады. Себебі, А.-дың ерекше инстинкті сол, оны қазақтар бүкіл мал атаулының ішінде өзінің тумасына, енесіне, енелесіне шаппайтын есті жануар деп бағалайды. Жаңадан салынған үйірге басқа А. шапқан бие болмауын қадағалайды. Болған күннің өзінде А. оны қуалап, үйірден аластап тастайды.

Малдың табиғи ортамен үйлесiмi, физиологиялық жай-күйi, ауа райы құбылыстарына сезімталдық танытанын ерекшелігi көбiне тұқым қуалаушылыққа негiзделедi деп есептейдi. «А.-ды неден салсаң үйiрдi сонан мiнесiң», «Мал нәсiлiне қарай өседi, егiн ұрығына қарай бiтедi», «Байсалды А.-дың үйiрiн ат жақтайды», «А. қойсаң үндiден қой, қошқар қойсаң жүндіден қой» деп келетiн көптеген паремиологизмдер осыны аңғартады.

Әдеб.: ҚР МОМ. 25-қор. 1-тізбе, 4199-іс, 78, 109, 156-пп.; Хинаятұлы Б. Қазақтардың төрт түлікке қатысты дәстүрлі ырым, жосын-жоралғы, әдет-ғұрыптары // Қазақтың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері: өткендегісі және бүгіні. Алматы: Ғылым, 2001; ҚР МОМ – материалда- рынан; ОМЭЭ – материалдарынан және т.б.

 

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға