Жаңалықтар

Айқын: «Астанада тұңғыш рет концерт бергелі отырмын»

Қарашаның 19-ы Қазақстанның белгілі әншісі Айқынның Астанада концерті өтеді. Осыған орай El.kz тілшілері әншінің репетициясына қатысып, дайындықты тамашалап, жұлдыздың шығармашылығындағы жаңалықтары туралы сұрап білді.
18.11.2015 14:21 4081

Қарашаның 19-ы Қазақстанның белгілі әншісі Айқынның Астанада концерті өтеді. Осыған орай El.kz тілшілері әншінің репетициясына қатысып, дайындықты тамашалап, жұлдыздың шығармашылығындағы жаңалықтары туралы сұрап білді.

Айқын: «Астанада тұңғыш рет концерт бергелі отырмын»

- Қайырлы күн, Айқын! Келе жатқан концертіңіз туралы айтып өтсеңіз? Қандай әндерді жоспарға қостыңыз? Көрермендерге қандай жаңалықтарыңыз бар?

- Өзімнің шығармашылық кешім болғандықтан, 12 жыл ішінде орындаған әндерімнің ең-ең дегендерін таңдап, үздіктерін орындаймын. Жаңа бірнеше әнімнің тұсаукесерін де өткізуді жоспарлап отырмын.  Украинадан арнайы режиссер шақыртып, көрермендеріме әдемі шоу сыйлағым келеді. Бұл Астанадағы тұңғыш ауқымды концертім. Қазақстанның әр аймағында концерт беріп, жанкүйерлеріммен кездестім, өлеңдерімді айттым. Ал Астана мен Алматыда үлкен концерт беру – бұл әр әншінің арманы. Және оны жоғары деңгейде өткізу қиынның қиыны. Бірақ, сатылымдағы билеттер осыдан екі апта бұрын таусылып, залда ине шаншар орын болмайды деп күтіп отырмыз. Келесі жылы да осындай кеш ұйымдастыру жоспарда бар.

- Сіз әрдайым жанды дауыспен ән шырқайсыз. Фонограмманы мейлінше қолданбауға тырысасыз. Нақты себебі неде?

- Бұл біріншіден көрерменге деген құрмет. Екіншіден, мен бір өлеңді екінші рет дәл дәл солай өзгеріссіз орындағанды ұната бермеймін.

Әнді айтып тұрған кездегі сезімімді сол мезетте көрерменге жанды дауыспен жеткізгенді қалаймын. Ал студияда тыныштықта жазылған фонограманың концерттерде орындалуы көрермендерге толық жете алмайды деп ойлаймын.

Айқын: «Астанада тұңғыш рет концерт бергелі отырмын»

- Музыкалық арнайы біліміңіз бар ма?

- Арнайы білімім жоқ, бәрі тәжірибемен келді. «Самоучкамын» ғой (күледі). Өнерімді шыңдау үшін әрдайым жанды дауыспен ән айтамын. Себебі, студияда ғана өлең айтып, халыққа фонограмамен шығуға бейімделіп қалған әншіге бір күні микрофон ұстата салып, жанды дауыспен орындауды сұрасаңыз бар білгенін ұмытып, өнерін көрсете алмай қалады.

- Сіздің дауысыңыздың қандай ерекшеліктері бар? Неше октавада ән орындай аласыз?

- Өте төменгі дауыстарда да айта беремін, дәл сондай деңгейде жоғарғы, яғни шыңғырып айтатын әндерді де орындай аламын.

Менің ойымша дауыстың ерекшелігі мен әдемілігі октавалардың диапозонына емес, жүректегі сезімге тәуелді болады.

- Ән шығарған кезде неге басты көңіл аударасыз? Музыкалық сапасының жақсы болуына ма әлде көпшілік сұранысқа ие мәнерде жазылғанына ма?

- Ең бірінішіден ән өзіме ұнау керек. Өзімнің музыкалық талғамым бар. Ән жазғаннан кейін оны бірнеше мәрте қайталап тыңдаймын. Суытып ап, қайта тыңдаймын. Егерде ән көңілімнен шықпай қалса, кеткен еңбегіме қарамастан ротацияға жібермей қоямын. Ал егер бір айдан кейін тыңдағанда да керемет әсер қалдырса, бұл ән көрермендердің көңілінен шыққандығына сенімді боламын.

Байқасаңыз, репертуарымда қайталанатын ән жоқ. Мысалы, «Ерке қыз» - шығыс мәнерінде, «Әр атқан таңым» - заманауи биге арналған, «Алтыным» - гитарамен шағын топ арасында орындалатын, «Пах-пах» - R’n’B, «Жалғыз сен» - фанк-рок, яғни бұл дегеніміз менде ұқсас әндер жоқ деген сөз.

Айқын: «Астанада тұңғыш рет концерт бергелі отырмын»

Айқын: «Астанада тұңғыш рет концерт бергелі отырмын»

- Сіздің ойыңызша, әндеріңіздің қайсысы жанкүйерлеріңіздің жадында мәңгі сақталып қалады?

- Көбіне баяу әндер есте қалады. Халық көңіл көтеретін әндерді де жақсы көреді, бірақ уақыттың көрсетуі бойынша лирикалық әндерге сұраныс басымырақ. Ең ұзақ өмір сүріп келе жатқан әнім «Как дела» деген әнім. Концерт берген кезде «Как дела...» деп бастап берсем, халық «У тебя...» деп жалғастырып кетеді. Бұл сөзім қаншалықты рас, оны 10 жылдан кейін тағы бір тексеріп көруге болады. Уақыт өтеді, талғам өзгереді.

- Қазақша да, орысша да әндеріңіз бар. Бірақ соңғы жылдары ана тіліміздегі өлеңдеріңіздің саны едәуір артты. Бұл қазақтілді әнге деген  сұраныстың айқын көрінісі ме?

- Бірінші кезекте біз қазақ екендігімізді ұмытпауымыз қажет. Құдайға шүкір, орыстілді қазақтарымыз да әндерімізді тыңдап, жаттап, бірге айтып бастады. Бұл дегеніміз жұрттың санасының өзгеріп, мемлекеттік тілімізді құрметтеуінің белгісі.

- Аудиторияңыз кімдер?

- Көбіне тыңдармандарым бұл апалар, әйелдер, қыздар және қасында отырған жігіттері (күледі).

- «Суперстар», «Қазақстан дауысы», «Жанды дауыс» секілді талант іздеу проектілерінің түпкі нәтижесі қалай болды?

- Тәжірибе жүзінде қарайтын болсақ, «Жанды дауыстан» шыққан жаңа есімдер продюссерлік орталықтардан орындарын тауып, альбом жазу барысында. Ал қалған проектілерге қатысқан әншілер белгісіз қалпында қалып қойды.

Айқын: «Астанада тұңғыш рет концерт бергелі отырмын»

- Жоспарда продюссерлік орталық ашқыңыз келмей ме?

- Қазір бір жоба бастап жатырмын. «Дуэт А» деп аталады. Ол бір қыз бен бір жігіттің дуэті. 26 қарашада Қарағандыда беретін концертімде көпшілікке таныстыруды жоспарлап отырмын.

- Жұлдыздардың ішінде үлгі тұтатыныңыз кім?

- Майкл Джексон, Стиви Уандер. Бірақ Роза Қуанышқызын екерше құрметтеймін. Себебі 40 жыл сахнада жүру – үлкен еңбек. Менің саханаға шығып жүргеніме 12-ақ жыл болды. Кейбір әншілер 3-4 жыл ғана ән айтып жүргендігіне қарамай, менменсиді. Ал Роза Қуаынышқызы, Ескендір Хасанғалив, Әлібек Дінішев секілді әншілердің деңгейі және кейіптері бөлек. Міне сондай деңгейге жеткім келеді.

Жасым 80-ге жеткенде қазақ өнеріне үлкен үлес қосқан сыйлы азамат атанғым келеді.

- 15 жылдан кейін өзіңізді қалай елестетесіз?

- Шыны керек, 15 жыл бұрын өзімді әнші ретінде елестетіп көрмедім. Бірақ, дәл қазіргі ойымды білгіңіз келсе, өмір бойы ән айтып, көрермендеріме қуаныш сыйлағым келеді.

– Әңгімеңізге рахмет! Астанадағы кешіңіз сәтті өтуіне тілектеспіз!


Әңгімелескен – Айгүл Шерниязова

Суреттерді түсірген – Нұрбек Әлманбетов

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға