Жаңалықтар

Автохимия саудасында қандай бұзушылықтар жасалады?

Автохимия саудасында қандай бұзушылықтар жасалады?
Фото: © ОКҚ 06.11.2023 03:31 726

Тосол, салқындатқыш сұйықтық, антифриз, мотор майлары. Маусымаралық кезеңде қазақстандық автокөлік иелері тарапынан аса сұранысқа ие тауарлар – осылар. Алайда кейде олардың сапасы сын көтерей жатады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Техникалық реттеу және метрология комитетінің қызметкерлері қазақстандықтардың шағымдарына құлақ асып, тексеру жүргізді. Мекеме басшысы Қуаныш Елікбаевтың айтуынша, шағымдар бойынша 10 өңірде бақылау шаралары жүргізілген. 43 жағдайда саудаланған мұнай-химия өнімдерінің техникалық регламентке сай келмейтіні анықталды.

«Біздің тұтынушылар тосол, антифриз сатып алады. «Аязда қатпайды» деп жатамыз. Сыртында «-40 градус» деп жазылған, біздің жақтың қысына бейімделген. Нәтижесінде мұндай антифриздердің -20-ға, тіпті -10-ға төтеп бере алмайтынын көреміз. Мұндай өнім автокөлікке зиян тигізумен шектелмейді. Кейбірінің құрамында метил спирті 20% -дан асады, бұл тыйым салынған. 0,05% деңгейінде рұқсат. Метил спирті адам денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін», - деп түсіндірді спикер. 

Айыппұлдардың жалпы сомасы 18 млн теңгеден асты, өнімді сатуға тыйым салу туралы 26 қаулы шығарылды.

Сондай-ақ техникалық реттеу комитетінің төрағасы автокөлік иелері жанармай құю станцияларында Еуро4 және Еуро5 сынды К4, К5 экологиялық отын санаттары туралы ақпарат алуға құқылы екенін еске салды. Бірақ жанармай құю станцияларының барлығы бұл талапты орындай бермейді. Алматыда отын тарату бағандарында мұндай белгіні орнатпау жағдайлары анықталды. Нәтижесінде айыппұл салынды.

Қуаныш Елікбаев осындай бұзушылықтар анықталған кезде тұтынушыларды техникалық реттеу комитетінің аумақтық департаменттеріне және метрологтарға жүгінуге шақырды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға